Ұлт тық құндылықтар ұмытылмайды

Ұлт тық құндылықтар ұмытылмайды
ашық дереккөз
Ұлт тық құндылықтар ұмытылмайды

Ата-бабаларымыз бүгінгі тәуелсіздігімізді сан ғасырлар бойы аңсап, арман еткені белгілі. Айтулы би-абыздарымыз, баһадүр-батырларымыз ерте тұрып, кеш жатып тірлік еткенде де, қабағына қар, кірпігіне мұз қатып жортуылдарға шыққанда да көк туы көкте желбіреген, айбарынан жел ескен ордалы жұрт атануды бірінші кезекке қойды. Елінің көсегесін көгертіп, шаңырағын шалқақ етуді, ұлт болып ұйысып, іргесі берік, Мәңгілік Елге айналуын арман етті, халықтың қамын, бірлігін, бірегей тірлігін ойлады. Ұлы Дала даналары «Көсіле шабар жерің бар, қол боларлық елің бар, ту ұстайтын ерің бар, атадан қалған салт-дәстүрің бар» деп алты алаштың басын біріктіріп, елдің, жердің тұтастығын сақтаған! «Біз, Қазақ деген мал баққан елміз...» деп, мал бақса да найзаға үкі таққан ел екенін, туған жері үшін жанын пида ететін жауынгер, намысшыл халық екенін де дәлелдеп, шапқан тұлпардың тұяғы тозатын, ұшқан құстың қанаты талатын, көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын, асты да үсті де ырысқа, кенге толы ұлан-ғайыр жерді ұрпағына мәңгілік мұра етіп қалдырған баһадүр бабаларымыздың қаһармандық ерлігі мен өнегелі ісі алдында басымызды иіп, тағзым етуге тиіспіз. Бүгінгі Қазақ елі алыс, жақын шетелдермен арадағы қарым-қатынастарымызды қалыптастырып, нығайтып, бір елдің емес, ғаламшардың мәселесі қаралатын бейбітшіліктің алтын ордасына айналып отыр. Бұл – әбден мақтан етіп айтарлық зор жетістік!

Облысымыздың басқа аймақтарымен қатар өркендеп, тоқсан тарау жолға өз соқпақ-сүрлеуімен келіп қосылған, ғасырлар бойы асқақтаған ежелгі даңқына дақ түсірмей, өзінің бағзы Меркі атауын сол күйінде сақтаумен келе жатқан ауданымыздың мерейі, абыройы, көтерер жүгі, атқарар ісі баршамызға ортақ. Тарихы тереңнен тамырын тартар, Сандықтау мен Шайсандықтың мың бұлағынан есер сабатты салқын самалы жер-жиһанның бар өсімдігінің, сан түрлі гүлінің жұпарын жеткізер таңғажайып табиғатымен, саф ауасымен танымал Меркі өңірін гүлдендіру, көз жауын алатындай, алыс сапарға шықсаң сағынатындай жер жәннатына айналдыру барша аудан еңбеккерлерінің абыройлы борышы, азаматтық мұраты деп білемін. Меркі өңірі – еліміздегі бірегей киелі өлке, тарихы тағылымға толы. Осы орайда Мемлекет басшысының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы төл тарихымызды терең танып-білуімізге негіз қалап отырғанын ерекше атап өткім келеді. Елбасы еңбегінде нақтыланған жеті тақырып аясында енгізілген арнайы бағдарламалар бойынша түрлі салаларда алға қойылған тапсырмалар ауданымызда да мүлтіксіз орындалу үстінде. Ежелден қазақтың болмыс-табиғатына жақын болған «Атқа міну мәдениеті», «Аң стилі» үлгілері арқылы ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесін ашу – тариx тұңғиығында жатқан құндылық. Көшпенділер тақымына басқан сәйгүліктер туралы да мол мәліметтер беру арқылы тариxымызға жаңаша көзқарас қалыптастыру қажет-ақ. Қазақстанның әрбір азаматы осыған мол үлес қосатынына шүбә жоқ. Елбасы өзінің «Ұлы Даланың жеті қыры» атты осынау бағдарламалық мақаласында төл тарихымызды жаңаша көзқараспен ой елегінен өткізе отырып, тереңдеп зерттеп, зерделеуді ұсынып отыр. Бұл орайда әлемдік мұрағаттардан елімізге қатысты материалдарды іздестіріп, тауып, жинақтау – ежелгі қазақтардың тұрмыс-салт ерекшеліктерін де, болмыс-табиғатын да тиісті деңгейінде бағамдауға мүмкіндік бермек. Ұлы Даланың ұлы есімдерін насихаттай отырып, мемлекеттің қалыптасуына негіз болған тұлғаларымызды жер-жиһанға таныту жұмыстары да қызу қолға алынғалы отыр. Осындай тарихи тұлғаларымызды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы танымал ету және жарнамалау да ел мәртебесін арттыруға айрықша елеулі септігін тигізетін болады. Мұндай іс-шаралар біздің ауданымызда да қызу түрде жүзеге асырылу үстінде. Соның бір мысалы, ұлттық кодымызды сақтап, ұлттық санамызды жаңғырту мақсатында ауданымыздың саңлақ спортшылары жуырда ғана Қырғыздың Шолпон-Ата қаласында өткен дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысып келді. Оған әлемнің 62 елінен спорттың 37 түрінен сынға түсетін 3000 «сен тұр, мен атайын» дейтін спорт саңлақтары қатысты. Олар қырғыздың 16 ұлттық және басқа да көшпенді халықтар спортының 21 түрінен бәсекеге түсті. Атап айтқанда, түрлі қашықтықтағы ат жарысының өзінен 8, күрестің 13, дәстүрлі садақ атудың 5 және зияткерлік ойынның 3 түрінен сайысқа түсті. Сол сияқты құс салып, ит жүгіртуден де сындар өтті. Осынау аламан додаға біздің облысымыздан 15 спортшы қатысып, спорттың жеті түрінен бақ сынасқанын атап өткеніміз жөн. Құс салудан біздің меркіліктер Жалғас Әкімбеков, Бақдәулет Бабажан, жамбы атудан жерлесіміз Жарқынай Рақымбаева және тараздық Абзал Тұрлыбековтер қазақстандық 200 спортшының қатарында бақ сынасып, Елбасының өзі қатысып отырған дүбірлі додада бұл жолы да еліміздің дүлдүлдері арасынан жалпы командалық есепте екінші орынға ие болды. Сонымен қатар құсбегілік өнерден екінші Азия чемпионатына Қазақ елі атынан меркілік құсбегілер де қатысып, шеберлік сынасып, Словакия, Қырғыз, Испания, Венгрия, Түркия, Моңғолия, Ресей секілді тоғыз мемлекеттің өкілдері қатысқан тартысты додада суырылып алға шықты. Атап айтқанда, меркілік Берікболсын Бабажан қаршыға салу өнері бойынша 1-орынды жеңіп алып, «Ұлттық спорт шебері» атағына ие болды. Әр кезде де жеңіс тұғырынан көрініп жүрген Берікболсын осы жарыста «Алтын тұғыр» иегері атанды. Сонымен қатар жерлестеріміз ұлттық ат спорты ойындарын жастар арасында кең көлемде насихаттау мақсатында белсенді жұмыстар атқаруда. Ұлттық спорттың жамбы ату түрі де ауданда айрықша танымалдылыққа ие болып үлгерді. Соның нәтижесінде Кореяның Сокчхо қаласында өткен жамбы ату жарысынан қос бірдей сұрмергеніміз жеңімпаз атанып қайтты. Осы жарыстың ақтық сынында спортшыларымыз моңғолиялықтардан, ақтық сайыста кореялықтардан айласын асырып, әлем чемпионатының алтын медалін қанжығаларына байлады. Жарыс барысында Абзал Тұлыбеков ең кішкентай нысана атудан (15х15) рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Айта кетейік, бұған дейін мұндай нысанаға төрт жебесін қатарынан қадаған мерген болмаған. Бұл әлем чемпионаты әлденеше стиль бойынша өткізілген болатын. Бәсеке басталмастан бірер күн бұрын өткен семинарда біздің мергендер Әлем чемпионатына жиналған спортшылар мен көрермендерге «Қазақ стилі» бойынша жамбы атудың әдіс-тәсілдерін түсіндіріп, арнайы алаңда ат үстінен жебе атып та көрсеткен. Жамбы атудың бәсекесіне қатты қызыққан Оңтүстік Корея Республикасындағы Дүниежүзілік ат үстінен садақ ату федерациясының президенті Ким Юнг Суп мырза семинар соңында «Қазақ стилін» келесі жылғы Әлем чемпионатына қосуға уәде беріп, ҚР Ұлттық ат спорты қауымдастығына арнайы сертификат жолдаған. Сондай-ақ «Қазақ стилі» Оңтүстік Африка мен Моңғолия республикаларының ат үстінен садақ ату жарысын ұйымдастырушыларын қатты қызықтырып отыр. Алдағы уақытта аталған мемлекеттерде «Қазақ стилі» бойынша халықаралық жарыс өткізу қолға алынбақ. Елдос пен Абзал – бұған дейін ат үстінен садақ тартудан Түркия, Венгрия, Иордания елдерінде өткен дүниежүзілік жарыстарға қатысқан тәжірибелі спортшылар. ҚР чемпионатының жеңімпазы. Астанада екі жыл қатарынан ұйымдастырылған «Алтын жебе» халықаралық турнирінің жүлдегерлері. Жерлесіміз Жарқынай Рахымбаева қол күрестіруден әлем чемпионы атанды. Түркияның Анталия қаласында өткен қол күрестіру сайысынан сол қолымен бірінші орын, оң қолымен үшінші орын алған аруымыз абыройымызды тағы бір көтеріп тастады. Сондай-ақ «ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері» атағына ие болып, енді еңбек сіңірген жатықтырушы атағына ұсынылып отыр. Мемлекет басшысы жоғарыда аталған еңбегінде әлемнің озық елдерінің мақтан тұтатын тарихи мұралары жөнінде айта келіп, біздің де тарихымыз тереңде жатқандығын ерекше атап өткені белгілі. Қазіргі жаһандық кеңістікте еліміздің озық елдер қатарына еніп, бәсекеге қабілетті болуы тек дамыған технологиялар мен білімге ғана негізделмей, сонымен бірге жалпы халқымыздың өткен тарихын танып, мақтан тұтатын және болашаққа сеніммен қарайтынай деңгейге көтерілуімен де байланысты. Егемендігіміздің еңсесі биіктеп, еліміз дамудың даңғыл жолына түскен кезеңде ауданның атпал азаматтарына да жүктелген сенімнің жүгі ауыр, салмағы мың батпан. Соның үдесінен шығу үшін бар күш жігерді жұмсау, ақын өлеңінде айтылатындай, «Өмірге адам болып келіп, адам болып тіршілік ету», ғибратты ғұмыр кешу басты парызымыз деп білеміз. Меркіліктер осы абырой биігінен көрінетініне сеніміміз мол.

Мейірхан ӨМІРБЕКОВ, аудан әкімі.

Меркі ауданы.

Ұқсас жаңалықтар