«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Суперкубок «Астанаға» бұйырды

Суперкубок  «Астанаға» бұйырды
ашық дереккөз
Суперкубок «Астанаға» бұйырды

Жылдағы дәстүр бойынша жаңа маусым шымылдығы Қазақстан суперкубогі үшін өтетін ойынмен басталды. Ел чемпиондары «Астана» футбол клубы мен алматылық «Қайрат» командасы суперкубокті сарапқа салып, өзара кім мықты деген сауалға жауап іздеді. «Қайрат» футболшылары қанша талпынып көргенімен, бұл күні «Астана» ойыншыларын тоқтату қиынға соқты. Кездесу бастала салысымен жылдам гол соғуға талпынған елордалықтар көздеген мақсаттарына жетті. Ойынның бар болғаны сегізінші минутында Джуниор Кабананга мергендігімен көзге түсіп, «Астананы» алға жетеледі. Бірінші кезеңде қос команда футболшылары жиі-жиі шабуылға иек артқанымен, таблодағы көрсеткішке өзгеріс енгізе алмады. Жалпы бұл ойында «Қайрат» футболшылары барын салып бақты. Алайда «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді» демекші, суперкубок «Астана» футболшыларына бұйырып тұр екен. Жасыл алаңда елордалық клубтың футболшылары ширақ қимылдай білді. Қорғаныс пен шабуылдағы тепе-теңдікті ұстай білген олар екінші кезеңнің екінші жартысына жақындағанда есептегі басымдықты арттырды. Тағы да сол Кабананга белсенділік танытып, дубль авторы атанды. Ойынның қалған бөлігінде «Қайрат» футболшылары тым болмағанда есеп айырмасын қысқартуға ұмтылды. Алайда алматылық футболшылар шабуылды сәтті түйіндей алмай, дәрменсіздің күйін кешті. Осылайша «Қайрат» негізгі қарсыласына 0:2 есебімен ұтылып қалды. Бұл додада елордалықтардың бәсі басым болып тұр. «Астана» футболшылары суперкубок үшін өткен кездесулерде төртінші мәрте жеңіс тойын тойласа, «Қайрат» футбол клубы екі мәрте суперкубок иегері атанған болатын. Алматылықтар осымен екінші мәрте шешуші ойында жеңілістің ащы дәмін татып отыр. Суперкубок сарапқа салынған кездесумен Қазақстанда жаңа маусым ашылды. Енді командалар премьер-лига ойындарында және Қазақстан кубогі жолында бақ сынайды. Премьер-лиганың бірінші туры аясында дәл осы алматылық «Қайрат» футбол клубы «Тараз» командасын қабылдамақ. Өткен жылғы ел біріншілігінің күміс жүлдегерлеріне қарсы тұратын «Тараз» командасының футболшыларының әлеуетін байқап көретін кез жақын.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Ұқсас жаңалықтар