Облыстағы Кино орталығы «Таразфильмге» айналып, көрермендерін таңғалдыра ала ма?
- author «Ақ жол»
- 7 ақпан, 2019
- 347
Қазіргі таңда адамның санасы тез қабылдай алатын маңызды өнердің бірі – кино. Кино өнерінің халыққа рухани нәр беретіні ақиқат. Орыс ойшылы Григорий Ревзин «Театр мен киноның айырмашылығы – сіз театрда көресіз, ал кинода сізге көрсетеді» деп атап өткен екен. Кино негізінен – көркем фильм, деректі фильм, мультипликациялық және ғылыми-көпшілік фильм секілді төрт салаға бөлінеді. Біз бүгін өңірдің кино өнері төңірегіндегі мүмкіндігі туралы ой қозғамақпыз.
Бір мәселені айту үшін салыстырмалы түрде қарайтынымыз бар емес пе? Сондықтан өңірдің кино саласындағы жұмыстарын алысқа бармай-ақ көршілес Шымкент қаласымен салыстырсақ дейміз. Олардың кино орталығы дегеннен арылып, «Оңтүстікфильм» атанғандарына біраз жыл болды. Осыдан-ақ, көршілес облыс пен шаһарда жүзеге асып жатқан жұмыстың қандай ауқымды екенін байқауға болатын шығар. Біздің өңірде де облыстық «Кино орталығы» мекемесі бар. Кезінде атағы дүркіреген мекеменің кейінгі жылдары бар-жоғы да білінбей, тыныш мекенге айналғаны да жасырын емес. Дегенмен екі-үш жылдан бері мұндағы тірліктің тамырына қан жүгірді. Шымкент қаласымен салыстыруға келмесе де, қол қусырып қарап отыр дей алмаймыз. Әсіресе 2017 жылдың қараша айында облыстық «Кино орталығы» мекемесіне Сайлаубек Лесбаевтың директор болып тағайындалуымен бұл мекеменің жұмысы жанданып, екінші тынысы ашылды десе де болады. Жұртшылық «біздің облыста да «Кино орталығы» бар екен ғой» дейтін жағдайға жетті. Сөзімізді нақты деректермен дәйектеп отырғанымыз жөн болар. Өткен жылы бұл орталық 10 бейнеролик түсірді. Олардың ұзақтығы 3-10 минуттың аралығын қамтиды. Аталған бейнероликтердің бәрі де облыстық «Jambуl» телеарнасынан көрсетіліп келеді. Одан бөлек 15-20 минуттық қысқа метражды екі көркем фильм түсірді. Ал енді осы фильмдердің түсірілуі барысына кеңінен тоқталсақ. Елжан Жармұхамедовтің режиссерлігімен түсірілген «Ізбасар» атты қысқа метражды фильм жасы үлкендерден алатын тәрбиеміздің көп екенін, жас ұрпақ өнеге мен тағылымды басқа жақтан іздемеуі қажеттігін байқатады. Фильмде ата-ана мен мектеп қарым-қатынасы арасындағы үйлесімділіктің болмауынан өмірге деген танымы енді ғана ояна бастаған баланың басқа арнаға түскені баяндалады. Баланың рөлін Сухраб Мәдімаров қал-қадерінше ойнап шықса, негізгі рөлдің бірін сомдайтын Бек Ізбасаровтың өнері де тәнті етті. Бұл фильм режиссер мен актерлердің өзара түсінісуінің нәтижесінде айтатын негізгі ойын көрермен назарына ұсына білді деп есептейміз. Алдағы уақытта да жұртшылықтан өз бағасын ала беретіні даусыз. Туынды бірқатар әлеуметтік желіде жарияланып, өз бағасын алып жатыр. Ал «Раушан гүл» атты қысқа метражды фильм де көпшіліктің көзайымына айналып үлгерді. Басты рөл «қаңғыбастың» бейнесінде Руслан Оразалиев ойнаса, гүл сатушы қызды облыстық Жамбыл атындағы «Руханият» орталығының қызметкері Айніл Әбдібек сомдайды. Бұл фильмге де әлеуметті толғандырған жағдайлар арқау болады. Түсірілім көрерменді алғашқы сәттен-ақ баурап әкетеді. Жұрт «қаңғыбас» деп қарайтын адамды гүл сатушы қыз аға деп жоғары бағалайды. Сүйкімді бойжеткеннің аға дегені оның жүрегіне әсер етіп, ол сәт сайын түзеле бастайды. Бір күні лас киімін тазартады, екінші күні сақал-мұртын ретке келтіреді. Бойжеткеннің бір ғана жылы сөзінен күш алып, жақсы адамға айналып, гүл сатушы қыз екеуі шаңырақ көтереді. Мұнда «Әр жамандықтың бір жақсылығы бар» дегенді меңзейді. Сол жақсылықты көре білу керек деген ойға жетелейді. «Кино орталығының» 2018 жылы атқарған жұмысының сүбелісі – толық метражды «Сағым» көркем фильмінің түсірілуі. Режиссері – Елжан Жармұхамедов. Фильмде жат ағымның жетегінде кеткен жігіттің тағдыры баяндалады. Басты рөлді Марат Абайділдә ойнаса, ағайынды ағасының бейнесінен Руслан Нұрманның да шеберлігі анық байқалады. Әкенің образын ҚР мәдениет қайраткері Жүніс Әлімбеков, ана рөлін ҚР еңбек сіңірген актері Майра Әлімбетова сомдайды. Белгілі актерлердің атсалысуы фильмнің беделін биіктете түседі. Асаба ретінде Сайлаубек Лесбаевтың, той қонағы ретінде Досымбек Әлиевтің де көрініс беретін тұстары бар. Фильм жат ағымға ілескен жігіттің тәлкекке түскен тағдырын баяндау арқылы жауқазындай құлпырған жастарға, еліміздің ертеңгі болашақтарына ой салады. Діни сауатсыздық салдарынан адасуға болмайтынын, әрбір жас Отанның байлығы тәуелсіз еліміздің үкілі үміті екенін тұспалдап жеткізеді. Фильмнің осы тұрғыдан алғанда көтерген жүгі жоғары деп айтар едік. Туындыны облыстық «Кино орталығының» бір жетістігі деп бағалағанымыз артық болмас. Алайда осы жанданған жұмыстың өзі көрші облыстағы жүзеге асып жатқан шаруаның жартысына да жетпейтінін мойындағанымыз абзал.
Көрші өңірдің қадамы
Біздің облыстық «Кино орталығы» жыл бойы Тараз қаласындағы және аудандардағы мектептер мен балабақшаларға көркем және анимациялық түрлі фильмдер көрсетіп келеді. Осы мақсатта «Қазақфильм» және Оңтүстіктің «Сак» киностудияларынан «Құнанбай», «Жамбыл», «Біржан сал», Елбасының өмірін бейнелейтін «Балалық шағымның аспаны», «Жұлдыздар тоғысқанда» және «Күш атасы – Қажымұқан», «Тимур және оның командасы» фильмдері сатып алыныпты. Сонымен оңтүстіктегі кино мамандарымен тілдестік.
Нұриддин Патеев, Шымкенттегі «Сак» кино студиясының директоры: – Біз Жамбыл облысымен 3-4 жылдан бері байланыстамыз. Сайлаубек Лесбаев директор болып келгелі байланысымыз екі есе арта түсті. Өзіміздегі жақсы дүниелерді, анимациялық түрлі мультфильмдерді сіздерге сатамыз. Бұлардың бәрі – ұлттық нақыштағы мультфильмдер. Оны барлық өңірдің балалары көргені жақсы. Әр қазақтың баласы тамашаласа дейміз. Осы мақсаттың бәрі Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылған «Сондықтан тез арада Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі – қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу керек» деген тапсырмасына сәйкес келеді. Біз жақында «Мұңлық – Зарлық» анимациялық мультфильмін түсірдік. Ол жерде ертеректе өмір сүрген Баян жыраудың өнегелі өмірі көрсетіледі. Ал осы Баян жырау туралы деректерді орыс ақыны Александр Пушкин өз әжесінен естіген екен. Мұның бәрі біздің тамырымыздың тереңде екенін сездіреді. Оны баланың санасына сіңіру – ортақ міндетіміз.
Батырхан Дәуренбеков, Түркістан облыстық «Оңтүстікфильм» мекемесінің директоры: – Көршілес Жамбыл облысымен байланысымыз жақсы. Бір-бірімізбен дайын ұлттық нақыштағы дүниелерді алмасып тұрамыз. Сіздер жақта да аңыз-әпсаналар көп. «Айша бибіні», «Қараханды» ұлттық нақыштағы қысқа метражды фильм етіп шығаруға болады. Ал өзіміздің мүмкіндікке келсек, былтыр біз «Төле би» атты он сериалы фильм түсірдік. Біздің қазіргі балалар Төле биді қазақтың үш биінің бірі деп қана біледі. Ал бұл сериалда біз Төле бабамыздың бала күнінен дана күніне дейін көрсеттік. Оның қалай шешен, би атанғаны, Ташкент шаһарын 20 жыл басқарған басқарушылық қызметі, Ордабасыда Қазыбек, Әйтекемен бірге хандардың басын қосқаны, сол жерде Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңы шыққанын қамтыдық. Ол жерде біз киіз үйді ғана емес, хандардың ақ ордасын көрсеттік. Бұл «Қазақ көшпенді ел ғана болған» дегендерге қарсы тарихтан алған жауабымыз. Ол бізге өте маңызды. Еуропа елдері әлі есін жия алмай жатқанда біздің мемлекетте заманауи кәріз жүйесі болғаны бәрімізге белгілі. Хандарымыз киіз үйде емес, кәдімгі хан ордасында тақта отырған. Біз осының бәріне мән бердік. Сериал биылғы жылдың соңына дейін республикалық телеарналардан көрсетіле бастайды. Ал осы жылы Ахмет Ясауи бабамыз туралы он сериалы фильм түсірмекпіз.
Бізде «Айша бибі» фильмі түсіріле ме?Біздің өңір шынымен де Айша бибі мен Қараханға қатысты аңыздарымен ерекшеленеді. Одан бөлек тарихи қалаларымыз бар. Олар ЮНЕСКО көлемінде мойындалып та жатыр. Міне, осы құндылықтар жайлы толық метражды фильмдер немесе қысқа метражды фильмдер түсірілсе деген тілек көпшіліктің көңілінде жүр. Біз осы сауалды «Кино орталығының» басшысына қойып, жан-жақты жауап беруін өтінген едік.
Сайлаубек Лесбаев, облыстық «Кино орталығы» мекемесінің директоры: – Бізде алдағы айларда алдымен сценаристердің байқауы өтеді. Сол байқауға әрбір режиссер және талапкерлер өзінің жобасымен, сценарийімен қатысады. Сол жерде біреуі «Айша бибіні» айтуы мүмкін. Екіншісі басқа ұсынысты беруі ықтимал. Биыл Т.Рысқұлов туралы да фильм түсіру айтылып жүр. Осының бәрі сараптаудан өтеді. Кімнің жобасы ұтады, сол жобамен жұмыс істейміз. Жалпы, «Айша бибі» фильмін түсіру ойымызда бар. Алайда ол үшін кемінде 30 миллион теңге қаражат кетеді. Оған мықты режиссер, мықты актерлер керек. Олардың бағасы да жоғары болады. Өзіміз түсірген «Ізбасар» мен «Раушан гүл» қысқа метражды фильміне облыстық драма театрының актерлері түсті. Ал толық метражды «Сағым» фильміне Алматыдан режиссер және актер алдырттық. Олардың бағасы жоғары, сонда да келістік. Әрине, бәрі де қаражатқа байланысты. Дегенмен қарап отырған жоқпыз. Жұмысы жолға қойылған Түркістан облысымен байланысып, алға қарай іздену үстіндеміз.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді