«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жәнібектің соққысы жойқын

Жәнібектің соққысы жойқын
ашық дереккөз
Жәнібектің соққысы жойқын

Қазақ кәсіпқой боксшысы кезекті жеңісіне қол жеткізді

Кәсіпқой бокс әлемінде бесінші, АҚШ төрінде үшінші жекпе-жегін өткізген Жәнібек Әлімханұлы кезекті жеңісімен жанкүйерлерді тәнті етті. Жәнібек бұл жолы өзі айтып жүрген «Қазақ бокс стилін» жан-жақты көрсете білді. Бұрынғы шайқастарына қарағанда басқаша қимылдады. Америкалықтарға тән шоуды да көрсетті. Орта салмақ дәрежесінде рейтингте өзінен жоғары тұрған америкалық Стивен Мартинеске қарсы шаршы алаңға көтерілген қазақ оғланынан тек қана жеңіс күткенімізді жасырып қайтеміз? Күн тәртібінде тек бір мәселе тұрды. Ол – «Жәнібек Әлімханұлы бұған дейін мерзімінен бұрын жеңілмеген боксшыны ертерек тоқтата ала ма?» деген сауал ғана. Жәнібек бұл сұрағымызға әдемі жауап берді. Сегіз раундтық форматтағы жекпе-жек бастала салысымен өзінің шеберлігі басым екенін байқатқан қазақстандық былғары қолғап шеберінің қимылына көз сүйсінді. Қимылы ширақ. Шабуылы ғажап, қорғанысы да берік. Арақашықтықты әдемі сақтай отырып, алдыңғы қолмен (джеб соққысымен) қарсыластың қорғанысын ашып, сол қолын қажет кезде ғана іске қосады. Стивен шабуылға шыққанда әбжіл қимылмен қарсыласына ауа қарматып жатты. Бұл күні Жәнібектің қапталдан жұмсаған соққылары мен апперкоты нысанаға дөп тиді. Раунд өткен сайын басымдығын нығырлай түскен қазақ оғланы үшінші раундта қарсыласының бауыр тұсына жойқын соққысын дарытып, нокдаунға түсірді. Ал төртінші үш минуттықта Жәнібек шоу жасады. Бірнеше соққысын дөп тигізген соң қолын түсіріп, Мартинесті ринг ортасына шақырды. Осылайша жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Бесінші раундта бірнеше соққы жіберіп алған Стивен Мартинесті бапкері ақ орамал лақтырып, құтқарып алды. Нәтижесінде отандасымыз бесінші кездесуін бесінші раундта аяқтап, өзінің шын мықты екенін дәлелдеді. Орта салмақ дәрежесінде бақ сынап жүрген Жәнібек Әлімханұлы бұл жеңісінен кейін рейтингте біршама жоғарылады. Бұған дейін 150-орынға табан тіреген Жәнібек енді 84-орынға көтеріліп отыр. Қазақстандық боксшыдан мерзімінен бұрын ұтылған Стивен Мартинес 225-орынға орнықты. Жекпе-жектен соң өз пікірін білдірген Жәнібек Әлімханұлы: «Мен кәсіби мансабымның қазіргі кезеңі үшін ауыр қарсылас саналатын Стивен Мартинеске қарсы өзімнің бар мүмкіндігімді көрсете алдым. Әлем чемпионы атағына таласуға жақынмын деген ойдамын. Ағымдағы жыл мен үшін жарқын жеңістерге толы болады деп пайымдаймын. Бұл тек бастамасы ғана», – деді ол. АҚШ-тың Техас штатына қарасты Фриско қаласында шаршы алаңға шыққан Жәнібек жартылай ауыр салмақтағы Сергей Ковалев пен Элейдер Альварес арасындағы қарымта кездесуге арналған бокс кешінде өзін жақсы қырынан көрсетті. Біраз уақыт бұрын колумбиялық Элейдер Альвареске есе жіберген ресейлік Сергей Ковалев бұл шайқаста қарымта қайтарып, WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Ұқсас жаңалықтар