Сенаторлар сенімді ақтап жүр ме?

Сенаторлар сенімді  ақтап жүр ме?
ашық дереккөз
Сенаторлар сенімді ақтап жүр ме?

Ел өміріндегі елеулі оқиға

15Елімізде Парламенттің тұрақты негізде жұмыс істейтін қос палатасы болса, соның жоғарғысы – Сенат. Сенат конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады. Сондай-ақ, Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріліп, жоғарғы палатаның он бес депутатын Президент тағайындайды. Айту керек, негізінен сенаторлардың өкілеттік мерзімі алты жыл. Уақыт – зымыран. Көзді ашып-жұмғанша 2008 жылғы қазанда сайланған халық қалаулыларының қызметінен қош айтысар сәті туды. Алдағы 1-қазанда кезекті Сенат депутаттарын сайлау өтеді. Қоғамдық-саяси өмірдегі айтулы оқиға – Сенат депутаттарын сайлау науқанына дайындық барысы қандай? Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов айтып берді. – 2008 жылдың 4 қазанында сайланған сенаторлар өкілеттігінің конституциялық мерзімі ағымдағы жылдың 9 қазанында аяқталады. Осылайша, 1 қазанда еліміздің 16 өңірінде жоғарғы заң шығарушы органының жоғарғы палатасына бір депутаттан сайлауымыз керек. Бұл – кезектi сайлау. Сенат депутаттарын сайлау жанама сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Ал жанама сайлау құқығына мәслихат депутаттары ғана ие болады. Жоғарғы палата депутаттарын сайлаудың мұндай тәсілі әлемдік тәжiрибеде жиi кездеседі. Мәселен, бiздiң елiмiздегідей екi палатасы бар 77 мемлекеттiң 21-iнде жоғарғы палата тiкелей сайлау арқылы, 18 елде тағайындау арқылы, ал 12 елде, мәселен, Франция, Австрия, Нидерланды сияқты мемлекеттерде жанама сайлау арқылы құрылады», – деді Қ.Тұрғанқұлов. Сонымен қатар ол Сыртқы істер министрлігінің Орталық сайлау комиссиясымен бірлесіп, халықаралық байқау институтын ашатынын, сайлау заңнамасына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы Парламент Сенаты депутаттарының сайлауын ұйымдастыруға және өткізуге басшылық жасайтынын, сайлауды өткізуді облыстық, Астана және Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссиялары тікелей қамтамасыз ететінін, сондықтан, ұйымдастырушылық, ақпараттық және үгіт-насихат жұмыстары өңірлерде өткізілетінін де жеткізді. Биылғы жылы халықаралық байқаушылар корпусы 250-ге жуық адамға дейін жетпек.

«Кандидат болсам деп едім...»

Сонымен, Сенат депутаттығына кімдер кандидат бола алады? Кандидаттарды ұсыну мәслихаттар сессияларында, сондай-ақ, өзін-өзі ұсыну тәртібімен жүзеге асырылады. ҚР Конституциясына және тиісті заңнамаға сәйкес, жасы 30-ға толған, жоғары білімі бар және жұмыс өтілі 5 жылдан кем емес, сондай-ақ, соңғы 10 жыл бойы ел аумағында, соңғы 3 жыл бойы өзі дауысқа түсетін өңірде тұрақты түрде тұратын Қазақстан азаматы Парламент Сенатының депутаты бола алады. Сенат депутаттығына кандидат ретінде тіркелу үшін әрбір үміткер тиісті аумақтық мәслихаттар депутаттарының кемінде 10 пайызының қолдауына ие болуы тиіс. Ол үшін қажетті қолдар санын жинауы керек. Брифинг барысында Сенат депутаттығына кандидат ретінде тіркеуге дейін және оның Конституция мен Сайлау туралы заңда көрсетілген талаптарға сәйкестігі тексерілгеннен кейін, сондай-ақ, оны қолдауға жиналған қолдар тексерілгеннен соң сайлау жарнасы енгізілетіні айтылды. Биылғы жылы жарна мөлшері 299 мың 490 теңгені құрайды. Бұған қоса, кандидат және оның зайыбына тіркеуге дейін тұрғылықты жері бойынша салық органдарына табысы мен мүлкі туралы декларация тапсыру міндеттеледі. Ал сайлау заңнамасына сәйкес, Сенат депутаттарының сайлауы балама негізде өтеді. Яғни, дауыс беруге арналған бюллетеньдерге екі кандидаттан кем енгізілмеуі қажет. Қазірдің өзінде Орталық сайлау комиссиясы «2014 жылғы 1 қазанға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы» Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығының ережелерін іске асыру мақсатында негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекітіп қойды. Бұл жоспарға сәйкес, кандидаттарды тіркеу 11 қыркүйекке дейін жүргізілмек. Сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары 12 қыркүйекте басталып, 29 қыркүйекке дейін жалғасады. Дауыс беруді, дауыстарды санауды және қорытындыларды жариялауды облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары бір күн ішінде – 1 қазанда жүргізетін болады. Ал Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың соңғы қорытындыларын 7 қазаннан кешіктірмей анықтауы тиіс. Сенат депутаттарының алдағы сайлау науқанын өз деңгейінде өткізу үшін республикалық бюджет қоржынынан 136 миллион теңге қаражат қарастырылыпты.

«Өзім дегенде өгіз қара күшім бар»

Сенаторлар сайлауы туралы сөз қозғағанда көкейде «осы мәртебелі мандатқа біздің облысымыздан бұған дейін кімдер қол жеткізіп еді?» деген сұрақ көлбеңдейді. Бұл ретте ең әуелі көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелдидің есімі ойға оралады. Ұзақ жылдар бойы өңір көшін өрге сүйреген Өмекең 1996 жылғы 30 қаңтарда Республика Президентінің ұсынуымен Парламент Сенатының тұңғыш төрағасы болып сайланды. Қайраткер Сенат қабырғасында қатарынан үш шақырылымда қажырлы қызмет атқарып, еліміздің өсіп-өркендеуіне, оның ішінде Жамбыл жерінің гүлденіп-көркеюіне сүбелі үлесін қосты. Жоғарғы палатаның алғашқы депутаты болғандардың бірі – Жандар Кәрібаев. Қатарынан қос шақырылымда сенатор болған Жандар аға сол күндерді былай еске алады: – 1995-2003 жылдар аралығында Парламент Сенатының депутаты әрі Аймақтық даму және өзін- өзі басқару комитетінің хатшысы болдым. Бастапқы екі жылда жиырмадан астам заңның жұмысшы тобына жетекшілік еттім. Олардың қатарында «Тіл туралы», «Мәдениет туралы», «Ғылым туралы» «Денсаулық сақтау» туралы заңдар мен Салық кодексі болды. Салық кодексіне мен бес өзгеріс енгіздім. Соның ішінде оралмандардан баж салығын алып тастау және басқа да жеңілдіктерді қарастыру туралы ұсынысым қолдау тапты. ТМД елдерінің Санкт –Петербордағы Парламентаралық ассамблеясы Аграрлық комитетінің мүшесі ретінде де Орман кодексінің жобасына өз ұсыныстарымызды өткізе білдік. «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» дегендей, Жандар Кәрібаев Жамбыл облысынан Парламенттің қос палатасына сайланған депутаттардың ауызбіршілік танытып, қазына қаржысын өңірге тарту бағытында жұмыс жүргізгендіктерін де айтып қалды. – Қаратай Тұрысовтың Мәжілісте Бюджет және экономика жөніндегі комитетті басқарғаны белгілі. Біз көп мәселені сол комитет арқылы жүзеге асыратынбыз. Қарекең бюджетті қабылдаған кезде алдымен Жамбыл облысы тұрған тұсты қарайтын. Көңілінен шықпаған кезде бюджет жобасын қайта дайындап келуді тапсыратын. «Жамбыл облысына бөлінетін қаржыны көбейт» деп айтпайтын, тек қайтарып жіберетін. Мұны Қаржы министрлігіндегілер түсіне қояды да, келесі жолы субвенцияны ұлғайтып әкелуші еді. Сол тұстағы облысқа жасаған жақсылығымыздың бірі – томография аппараты болды. Мұның бағасы миллиондаған АҚШ доллары тұратын. Мұндай құрылғы республика бойынша Алматы мен Қостанайда болды. Тараздық тұрғындар көбіне Бішкекке сабылатын. Қарекең, Шерхан Мұртаза және мен үшеуіміз сол кездегі Үкімет басшысы Қасымжомарт Тоқаевқа мәселені қабырғасынан қойдық. Премьер-министр мәселені екі айдың ішінде шешіп берді, – дейді Ж.Кәрібаев. Жамбылдық сенаторлар көшін мұнан соң Шамсат Исабеков жалғастырды. Шәкең де әулиеаталықтар десе бір бүйрегін бұрып тұрды. Жергілікті атқарушы органдармен байланысын үзбей, өзекті мәселелерді назарынан тыс қалдырған жоқ. Тіпті, өз қаржысына ардагерлер мен балаларды шақыртып, Астанаға саяхат та ұйымдастырып жүрді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары болған Александр Савченко да Сенат қабырғасында өңірдің өсіп-өркендеуіне қатысты өз ұсыныстарын батыл жеткізе білді. Биыл А.Савченконың депутаттық өкілеттігі аяқталады. Дегенмен, сенатор туралы жерлестері арасында жақсы пікір қалыптасты. Әсіресе, оның 2009 жылы Жуалы ауданының 8 елді мекенінде газ құбырын салуды аяқтау үшін қажетті қаражат бөлу туралы Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдағаны да көптің жадында. Каникул сайын атбасын бұрып, қоғамдық қабылдаулар өткізіп, жүргенін де айтпасқа болмайды. Көксай каналын тезірек салу мәселесін Үкімет назарына жеткізуде де депутат А.Савченконың азаматтық айбыны аңғарылды. Осы орайда облыстан сайланған тағы бір сенатор Ертарғын Астаевтың 2012 жылдың соңында өткен басқосудың бірінде «ондаған миллиард қаржы таптық» деген Қаржы министріне қарата «Мен сол қаржының персоналды түрде қалай бөлінгендігін қарап шықтым. 103 миллиард теңгеге жуық қаржы тек 5-6 депутаттың ұсынысына бөлініпті. Бұлар жақсы жұмыс жүргізген екен, оған сұрақ жоқ! Алайда, мен Қаржы министрлігіне арнайы жүгінгім келеді. Біздің барлығымыз - өңірлерден сайланған депутаттармыз! Демек, біздің барлығымыз өңірлердің проблемаларын қалайда шешуді қалаймыз. Бәріміздің жыртып жүрген жыртысымыз сол, илегеніміз – бір терінің пұшпағы» дегенін естіп, сүйсініп қалғанбыз. Сол жолы Е.Астаев: «Қаржы министрлігі осы қырық миллиардты бөлгенде әрбір депутатқа, әрбір өңірге шамамен 2-2,5 миллиардтан берсе. Осылайша, министрлік әрбірімізге әділетті, шынайы қарауы керек. Әйтпесе, бір депутатқа 20, 30 миллиардтан бөлініпті» деп еді. Бұл идеясы әріптестері тарапынан сынға да ілікті. Десек те, сенатордың жоғарғы палатаның мінберінде отырып, аймақтың дамуына қатысты нақты ұсыныс немесе сауал жолдап жатқанын байқай бермейміз. Әрине, Парламент депутаттары аманат арқаламайды. Алайда, конституциялық өкілеттігін азаматтық айбынымен ұштастырып, туған жерінің гүлденіп-көркеюіне бағыттаса екен дейсің.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол»

Ұқсас жаңалықтар