Кәсіпқой бокстан және аралас жекпе-жектен халықарлық «Octagon selection – 6» турнирі өтті. Бокстан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, аудандық бокс мектебінің бірінші директоры болған Құрманғали Қаршығабековті еске алуға арналған жарысты «ASIA» және «OCTAGON» промоутерлік компаниялары ұйымдастырса, жергілікті әкімдік пен аудандық мәслихат барынша қолдау білдірді. Бізде кәсіпқой бокс кеші немесе аралас жекпе-жек турнирі бұрын-соңды болған емес. Сондықтан спортсүйер қауым жарыс болатын күнді асыға күтті. Дода қызығы екі күнге созылды. Қызықты кештің куәсі болуға келгендердің қарасы қалың болды. Бәрінің күткені шаршы алаңдағы тартысты шайқас. Алдымен құрметті қонақтар қатарынан орын алған аудан әкімі Қайрат Досаев пен бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі. Келесі кезекте шаршы алаңға кәсіпқой боксшылар көтерілді. Барлығы сегіз боксшы төрт жұп болып жұдырықтасты. Олардың арасында шулық үш былғары қолғап шеберінің жекпе-жегін тамашаладық. 60 келі салмақ дәрежесінде алғаш рингке көтерілген жерлесіміз Шүкір Мамедов алматылық Дастан Мұхамед-Нұрды төрешілердің шешімімен жеңді. Бұдан соң 69 келі салмақта шаршы алаңға шыққан Шыңғыс Мейірхан жерлесінің жеңісті жолын жалғастырды. Ол Самиль Хаталиевтан айласын асырды. Шулық боксшылардың арасынан ең соңғы болып шаршы алаңға шыққан Бірлікүстем ауылының тумасы Рашид Файзуллинге жанкүйерлер тек жеңіс тіледі. Рашид сенім үдесінен шықты. Боксшылардың шайқасы аяқталған соң, кезек аралас жекпе-жек шеберлеріне жетті. Мұнда да шулық спортшылардың бағы мен бабы қатар шауып, қарсыластарын алып та, шалып та жықты. Жекпе-жек шеберлерінің арасында көршілес Қырғыз Республикасы мен Өзбекстаннан, сондай-ақ еліміздің өзге облыстарынан келген шеберлер және Шу қаласындағы «Тарлан» клубының өрендері бар. Байқауымызша, жарысқа қатысқан спортшылардың басым бөлігі аралас жекпе-жек алаңына алғаш рет аяқ басқандар. Жерлестеріміздің шайқастарына келер болсақ, «Тарлан» спорт кешенінде тәрбиеленген тарланбоздардың басым бөлігі кездесулерін мерзімінен бұрын тәмамдап, шулық жастар аралас жекпе-жектен де байрақты бәсекелерде сынға түсуге қауқарлы екенін дәлелдеді. Әсіресе Абай ауылының тумасы, Абай атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Ержан Шапауов нағыз ерлік көрсетті. Ержанның бірінші ерлігі – өзінен әлдеқайда қарымды қарсыластан қаймықпай, шаршы алаңға шыққандығы. Оның қарсыласы алматылық «Намыс» клубының мүшесі Елжан Жұманов болатын. Дене бітімі мығым, аяқ-қолы балғадай және Ержаннан 8 жас үлкендігі бар. Алайда жерлесіміз, қарсыласын екі соққымен есеңгіретіп тастады. Төреші жекпе-жекті тоқтатып, Ержанның қолын көтерді. Мұнан кейін шаршы алаңға көтерілген жерлестеріміз Алдияр Мансұрбек пен Ақтөре Батырбек те кездесуді мерзімінен бұрын аяқтап, жанкүйерлерін қуантты. «Тарландық» Алдияр Мансұрбек алматылық «Намыс» клубының намысын қорғаған Расул Жоламановты бір соққымен нокаутқа түсірсе, Ақтөре Батырбек Астанадан келген қарсыласы Аят Ахметовті айқын басымдықпен ұтты. Турнирде жеңіске жеткен спортшыларға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сыйлықтар табысталды.
Ерғали ҚАРТАЙҒАН
Шу ауданы.
Суретті түсірген Петр Норкин.
Ұқсас жаңалықтар
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ауыл спортын дамытуға арналған дода
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді