Осыдан екі жыл бұрын Дүниежүзілік банк, Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен пилоттық режімде 4 өңірде – Алматы, Қарағанды, Павлодар және қазіргі Түркістанда іске асырыла бастаған «Zhas Project» жобасын былтыр Үйлестіру агенттігі Қостанай, Қызылорда, Ақтөбе, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында да жүзеге асыруға кіріскен болатын. Бұл әлеуметтік бағдарлама 14-тен 29 жасқа дейінгі (жалпы орта білім беру мектебінің оқушыларынан басқа) кез келген жасқа өз жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Негізінен басымдық жұмыс істемейтін және оқымайтын немесе табысы төмен қатысушыларға берілді. Мұндай мүмкіндікті жамбылдық жастар да тиімді пайдаланып қалуға тырысты. «Zhas Project» 206 жоба иесінің көпке пайдалы істі жүзеге асыруына жол ашты. Оларға өз бастамаларын іске асыруға 1 000 000 теңгеге дейін грант берілгенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ 704 адам белгілі бір кәсіпті игеріп, жаңа бағдарламалар және жаңа технологиялар бойынша жұмыс істеуді оқып-үйренді. Жеңімпаздарға ай сайын әлеуметтік шәкіртақылар (60 000 теңге – жоғары оқу орындарының түлектеріне, 40 000 теңге – қалған барлық қатысушыларға) төленген еді. Жыл ішінде жаңа жоба аясында қолға алынған бастамалардың нәтижесі Тараз қалалық Ы. Дүкенұлы атындағы Мәдениет үйінде өткен аймақтық форумда айтылды. Жиында атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, облыстарда жастар бастамаларын іске асыру кезінде дайындалған өнімдердің көрмесі өткізілді. Форумға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қатысып, өңірдегі Жастар жылында атқарылатын ауқымды шараларға тоқталды. – Ойы ұшқыр, білімі терең, елжанды, идеясы тың жастарға өзін танытуға мүмкіндік мол. Әсіресе мемлекет экономикасын тұрақтандырудың негізгі бағыты саналатын кәсіпкерлікті дамытуға әркез қолдау көрсетіліп келеді. Жастар жылының ашылу салтанатында Елбасы 14-29 жас аралығындағы азаматтарға арналған «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеуді, оларға бөлінетін гранттарды 2 есеге арттыруды тапсырған болатын. Сөйтіп, 3 жылда шамамен 300 мыңға жуық жас бизнестің қыр-сырын меңгеруіне жол ашып отыр. Бұл – олардың ¼-ін немесе кем дегенде 80 мыңы өз кәсібін бастап кетеді деген сөз. Мемлекет басшысы жоғары оқу орындарының соңғы курстарында оқитын студенттерді де осы салаға тартуды тапсырып отыр, – деді Бекболат Серікбекұлы. Бұдан кейін ол «Zhas Project» жобасына тоқталып, бірлескен жобаның жастарға жаңа леп, тың серпін бергенін сөз етті. – Жоба шеңберінде қомақты қаржы бөлініп отыр, бұл жастарға өз бизнесін ашуға мүмкіндік береді. Бірнеше адам жұмысқа тартылып, стипендия тағайындалды. Былтырғы науқан кезінде 6 өңірдің ішінде облысымыз 2-орынды иеленіп отыр. Жалпы инвестициялық көлемі 378 миллион теңгені құрады. Осылайша аймақта 48 ет пен сүт өнімдерін өндіру шаруашылығы, 36 білім беру курсы, 28 бос уақытын өткізу орталығы мен шығармашылық үйірмесі, 16 спорт орталығы мен фитнес клубы, 14 наубайхана, 7 құс фабрикасы, 6 тігін шеберханасы, 8 сұлулық салоны, 5 жылыжай ашылған. Бұлардың барлығы да қажырлы еңбек пен маңдай тердің нәтижесі, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары. Форумға жобаны басқару тобының жетекшісі Гүлмира Ескендірова мен Жобаны үйлестіру агенттігінің өкілі Сұлушаш Қазтаева Астана қаласынан арнайы келіп, атқарылған жұмыстар жайлы баян етті. Жиында жеңімпаздар таныстырылып, Жастар жобасының көшбасшылары Дилафруз Махмадулоева, Еркебұлан Серікұлы және ментор Гүлзат Ысқақова да өз ой-пікірлері мен жеткен жетістіктерімен бөлісті. Мұнан кейін «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасын іске асыруға қолдау білдіріп, мемлекеттік жастар саясатын дамытуға үлес қосқан ауқымды шараның жанашырларын жобаны үйлестіру агенттігі Алғыс хаттармен марапаттады.
Альмира Омарова
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді