интеллектуалдық деңгейді көтеру аса маңызды
Елдің даму индекстерінің бірі – жастардың интеллектуалдық деңгейінің көрсеткішіне қарай бағаланатыны белгілі. Себебі білім – экономиканың барлық саласының қозғаушы күші. Сондықтан біз өскелең ұрпақтың сапалы білім алуға ұмтылысына, санасының ашықтығына, жаңа технологияны меңгеруге деген ынтасына қарап, біздің келешегіміздің қандай боларын болжай аламыз. Бір қуанатыны, қазіргі жас буынның ғылым-білімге ден қоюы ерекше. Бос уақытында өнер үйреніп, спортпен шұғылданады, тіл меңгереді. Елбасы Жастар жылының салтанатты ашылуында сөйлеген сөзінде атап көрсеткендей, бүгінде қоғамда түрлі бағыттар бойынша креативті азаматтардың тұтас шоғыры қалыптасқан. Ендігі міндет – сондай талапты, талантты жастарға әрі қарай селективті көмек көрсету үшін деректер қорын, жастардың зияткерлік банкін құру қажет. Жалындаған жастық жігердің қуаты бөлек. Жаңа бастама көтерілсе, жастардың бірден білек сыбана кірісіп, соны жүзеге асыруға тырысатыны да содан. Олар бұл істің алдында кедергілер кездесуі мүмкін деп тайсалмайды. Қолдау көрсетсе, тау қопарып тастардай қайрат танытады. Осындай талапшыл ұрпақ үшін биылғы Жастар жылы жаңаша ойлаудың, жаңаша түлеудің бастамасы болғалы тұр. Себебі жаңашылдыққа құштар жас буынның бойында тасқындаған күш-қуат, асқақ арманшыл сана бар. Елбасы жас ғалымдарға гранттар бөлінетінін айтты. Жас ғалымдардың әрқашан қолдау күтетіні айқын. Кез келген жаңалықты, зерттеу нысанын толық бақылап, теория және тәжірибе жүзінде дәлелдеу үшін оған ұзақ уақыт қажет. Олар ғылыми жұмыспен алаңсыз айналысуы керек. Сол себепті Мемлекет басшысы жас ғалымдарымызға өз идеяларын нақты жобаларға айналдыруына көмектесуге шақырды. Бұл процеске Назарбаев университетін тарту керектігін ескертті. Осы мақсатта Үкіметке жас ғалымдардың фундаменталды және қолданбалы зерттеулерін гранттық қаржыландыруды үш миллиард теңгеге ұлғайтуды тапсырды. Кез келген ел үшін адами капиталға инвестиция салу – мемлекеттің аса табысты бағыттарының бірі екені анық. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау жастардың ғылым мен білімге деген ынтасын сөзсіз арттыра түседі. Бұл қадам өз кезегінде жоғары оқу орындарының оқытушыларының да жауапкершілігін күшейтетіні анық. Өйткені жас инноваторларға дұрыс бағыт-бағдар беру үшін Елбасы айтқандай, ғалым-педагог өз бойындағы «төрт К-ны»: сындарлы ойлауды, коммуникацияны, коллаборацияны және креативтілікті дамытуы тиіс. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде технологиялық факультеттің «Химия және химиялық технология» кафедрасында «Физика-химиялық зерттеу» ғылыми орталығы бар. Оған Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының ректоры (1972-1987жылдар), химия ғылымдарының докторы, профессор Тасболат Мұхаметқалиевтың есімі берілген. Аталған орталық оқу орнының 60 жылдығына орай былтыр ашылған. Бүгінде ғылыми орталықта студенттер физика, химия ғылымының қыр-сырын толық түсініп, зерттеу жұмыстарымен айналысуда. Бұл жерде алдағы уақытта тың жаңалықтар ашылып, ғылым әлеміне талай талантты жас қанат қағары анық. Бүгінде білім саласының барлық сатысында елеулі өзгеріс бар. Жаңа әдістеме, жаңа технология бойынша оқытуға басымдық берілуде. Жалпы қоғамдағы бетбұрыс, заман талабы қазір цифрлы қоғамы мен білім экономикасы бар жаңа жаһандық өркениет туып келе жатқанын айқын сездіріп отыр. Біз осы талаптарға сай болуымыз керек.
Жібек СЫЛҚЫМОВА, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың аға оқытушысы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді