«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жерлестеріміз «Вадуц» командасына жол берді

Жерлестеріміз «Вадуц»  командасына жол берді
ашық дереккөз
Жерлестеріміз «Вадуц» командасына жол берді

Футболдан Қазақстан премьер-лигасына жолдама алған «Тараз» футбол клубы Түркияның Анталья қаласындағы оқу-жаттығу жиынын жалғастырып жатыр. Жамбылдық футболшылар Түркия төрінде екінші мәрте жолдастық кездесу өткізіп үлгерді. Бұл жолы Лихтейнштейн елінің «Вадуц» командасына қарсы жасыл алаңға шықты. Ойын барысында «Тараз» футбол клубының бапкерлері қазақстандық футболшылардың аяқ алысын байқап көрді. Жерлестеріміз тәп-тәуір ойын үлгісін көрсетіп, қарсы шабуылдар да ұйымдастырды. Алайда бұл кездесуде жамбылдықтарға тәжірибе жетіспегендей көрінді. Өйткені «Вадуц» футбол клубы бірнеше маусымда Еуропа лигасына қатысып, әбден ысылған ұжым. Сондықтан аталмыш команданы бірінші лигадан премьер-лигаға оралған «Тараз» футболшылары үшін қатардағы қарсылас деп қарамаған ләзім. Жолдастық кездесуде жерлестеріміз әр кезеңде қақпасына бір-бір голдан жіберіп алды. Ойынның отыз алтыншы минутында «Вадуц» командасының футболшысы Игорь Тадич мергендігімен көзге түсіп, әріптестерін жеңіске жетеледі. Әлбетте, «Тараз» футбол клубының жігіттері де қарап қалмады. Таразы басын теңестіруге талпынып бақты. Алайда сәттілік жетіспеді. Екінші кезеңде екі команда ойыншыларында да бірнеше мүмкіндіктер болды. Нәтижесінде «Вадуц» футболшылары таблодағы көрсеткішке өзгеріс енгізді. Жетпіс жетінші минутта Мохамед Кулибали тамаша мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, есепті 0:2-ге жеткізді. Жерлестеріміз Түркиядағы оқу-жаттығу жиыны кезінде әлі де бірнеше жолдастық кездесу өткізіп, жаңа маусымға дайындықты жалғастырады.

  Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Ұқсас жаңалықтар