Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметов салалық басқармалардың басшыларын жеке-жеке қабылдап, 2018 жылдың қорытындысы бойынша есептерін тыңдауды бастады. Алдымен облыс әкімдігі дін істері және тілдерді дамыту басқармаларының жұмыстары қаралған жиынға аталмыш басқармалардың мамандары мен аудан әкімдерінің орынбасарлары да қатысты. Өз кезегінде өңір басшысы діннің ұрпақ тәрбиесіндегі маңыздылығын айрықша атап өтіп, ертең ел тұтқасы болар бүгінгі өрендерге имандылық пен білімді дұрыс сіңіру арқылы қоғамдағы әділетсіздіктер мен арсыздықтарды айтарлықтай азайтуға болатынын жеткізді. Сонымен қатар облыстық тілдерді дамыту басқармасының да атқарған жұмыстарын саралап, нақты тапсырмалар жүктеді. Облыстағы діни ахуалдың жай-күйі мен дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша басқарма басшысы Жангелді Омаров баяндады. Оның айтуынша, былтыр жыл басында жасалған облыс әкімі мен қала және аудан әкімдері арасындағы басқармаға тиесілі екі индикаторлық көрсеткіш толығымен орындалған. Сондай-ақ басқосуда 2018 жылдың 3 мамырында өңір басшысының төрағалығымен өткізілген кеңестің №51 хаттамасына сәйкес берілген тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды. Басқарманың мәліметіне сүйенсек, өткен жылы «Нұр-Мүбәрак» университетінің оқытушылары құрамының қатысуымен өңірдегі 100 имамға арналған 2 апталық оқыту курсы ұйымдастырылған. Бұған дейін имамы болмаған облыстағы 16 мешіттің де мәселесі толығымен шешіліп, діни қызметшілермен қамтылған. Мектептердегі зайырлылық және дінтану негіздері пәнінен сабақ беретін барлық мұғалімдер арнайы курстан өткен. Пәнді меңгеру деңгейін анықтау үшін 450 мұғалім, 16127 оқушының қатысуымен тестілеу жүргізілген. Әйтсе де шешімін таппаған мәселелер де жоқ емес. Атап айтсақ, 23 хаттамалық тапсырманың 14-і шешімін тапса, қалғаны орындалмаған болып шықты. Өңірдегі жекеменшік иелігіндегі мешіттердің ғимараттары мен жер телімдерін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының меншігіне өткізу мәселесі толығымен шешімін таппаған. 19 мешіттің құжаттары рәсімделуде десек, 4 мешітті ҚМДБ меншігіне өткізуде кедергілер туындауда. Шетелде діни білім алып жатқан 26 азаматтың 10-ы сенімді, 16-сы күмәнді оқу орындарында оқуда. Асқар Мырзахметов оқыту курсы мен мектептегі зайырлылық және дінтану негіздері пәнінің тақырыптарын толықтырып, нақтылауға басқарманың атсалысу керектігін ескертті. Сондай-ақ, жекеменшіктегі мешіттерді ҚМДБ-ның меншігіне өткізуде тиянақты жұмыс жүргізуді тапсырды. Аймақтағы тілдерді дамыту басқармасының құзыретіндегі облыс әкімдігімен белгіленген нысаналы индикаторлардың барлығы өткен жылы түгелімен орындалған. Мемлекеттік тілдік саясатты насихаттау жұмысы тиісті деңгейде жүргізілген. Ең бастысы, облыста ономастикаға қатысты түйткілді жайттар түбегейлі шешіліпті. Лайықты жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде біздің өңірдегі мағынасы ескірген атаулар толығымен жойылып отыр. Тіл мәдениетінің деңгейін арттыру бағытында да жасалған тірліктер аз емес. Басқарма басшысының айтуынша, тоқсан сайын аудандар мен Тараз қаласында әр бағытта меже қойылып, олардың орындалу барысы басқарма тарапынан қатаң қадағаланып отырады. Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін түсіндіруге бағытталған іс-шараларға тартылған халықтың саны – 150 мың. Аталмыш саладағы өзекті болып отырғаны қазақ тіліне танауын шүйіре қарайтын кәсіпкерлермен жұмысты жандандыру керек. Қонақ үйлер, мейрамханаларда тіл заңдылығының сақтала бермейтіндігі қынжылтады. Ендігі кезекте тілдерді дамыту басқармасы бұл мәселені де алғашқы жартыжылдықта шешуге күш салатындығын жеткізді. Ол үшін құзырлы мекемелермен, атқарушы органдармен және кәсіпкерлік палатасымен бірлескен жұмыс жоспары жасақталуы мүмкін. Облыс әкімі басқарма тарапынан атқарылған жұмыстардың аз еместігін жеткізе отырып, бірқатар мәселелерге де мән беру керектігін атап өтті. Оның ішінде мектептердегі қазақ тілі пәні мұғалімдерінің сабақ беру деңгейін білу маңызды. – Тілге деген қызығушылықты арттыру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар жетерлік, алайда, оның нәтижесі қандай деген сауалға талдау жасау қажет, – деді әкім. Аймақ басшысы сонымен қатар назарға алынуы тиіс бірқатар хаттамалық тапсырмалар да жүктеді.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді