«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ахмедовтің қарсыласы анықталды

Ахмедовтің  қарсыласы анықталды
ашық дереккөз
Ахмедовтің қарсыласы анықталды
Кәсіпқой бокс әлеміне бет бұрғалы қарсыластарын бет қаратпай ұтып келе жатқан Садриддин Ахмедовтің жолына үмітпен қарайтын жанкүйерлер өте көп. Жас пері бүгінгі күнге дейін алты жекпе-жек өткізіп, барлығында қарсыластарын мерзімінен бұрын жеңген болатын. Садриддиннің ғажап жеңістерге толы сериясына қызыққан мамандар боксшының болашағы зор екенін айтудан танған емес. Отандасымыз келесі кездесуінде белбеуге таласады. Бұл әрине өте жағымды жаңалық екені сөзсіз. WBC тұжырымы бойынша жастар арасындағы әлем чемпионы атануға күш салмақ. Бүкіләлемдік бокс кеңесінің бұл белбеуі жас боксшымыздың жолын ашатыны ақиқат. Әрі рейтингтегі жағдайын түзетуге де сеп болатыны анық. Сол арқылы үлкен жекпе-жектер өткізуіне септеседі деген ойдамыз. Сонымен Садриддин Ахмедов жетінші жекпе-жегінде кімге қарсы шаршы алаңға шығады, қарсыласының шама-шарқы қай деңгейде? Осы бір сауал көпшілігімізді толғандырып жүрген еді. Бұл сұраққа да жауап табылды. Қазақстандық былғары қолғап шебері мексикалық Абрахам Хуарестің әлеуетін байқап көрмек. Өзінің де шеберлігін тексеруге мүмкіндік туып отыр. Мексика елінің намысын қорғап жүрген Абрахам Хуарес бұған дейін он төрт рет шаршы алаңға көтеріліп, оның он үшінде жеңіске жеткен екен. Бір мәрте жеңілістің ащы дәмін татқан. Әлбетте, оның осынау рекордына қарап, тәп-тәуір боксшылардың санатына жатқызуға болушы еді. Тіпті, мақтай салуға да болатын-ды. Алайда отандасымыздың әлеуетін, мүмкіндігін бағамдасақ, Садриддин үшін Хуарес бәлендей қауіп төндірмейтін секілді. Оның үстіне Садриддин физикалық тұрғыдан қарсыласына қарағанда анағұрлым мықты екеніне күмәніміз жоқ. Сондай-ақ Хуарес жалғыз жеңілісінде анау айтарлық мықты боксшыға есе жібермеген. Ортанқол спортшыға техникалық нокаутпен ұтылып қалған. Осылайша өзінің шамасын байқатып қойған. Тек бес мәрте ғана кездесуді мерзімінен бұрын жеңе білген. Бірінші орта салмақ дәрежесінде сынға түсіп жүрген Садриддин Ахмедовтің бірінші жоғары деңгейдегі шайқасы 26 қаңтарға жоспарланып отыр. Дереккөздерге сенсек, кездесу Канаданың Монреаль қаласында өтетін көрінеді. Жалпы алғанда Садриддин Ахмедов бірінші орта салмақ дәрежесінің көшбасшы боксшысына айналғысы келеді. Ол журналистерге берген сұхбаттарында бұл туралы ашып айтқан да болатын. Садриддиннің әлі жас екенін бағамдасақ, кәсіпқой бокс әлемі тарихына өз атын алтын әріптермен жазып қалдыратын мүмкіндігі мол екенін түсіне түсеміз.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Ұқсас жаңалықтар