«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Головкин рейтингтегі орнын сақтап қалды

Головкин рейтингтегі  орнын сақтап қалды
ашық дереккөз
Головкин рейтингтегі орнын сақтап қалды

Кәсіпқой бокс әлемінде зор беделге ие «The ring» журналын жанкүйерлер қауымы жақсы біледі. Аталмыш журналдың үздік боксшыларға қатысты түзген рейтингін көпшілік қызыға күтетіні белгілі. Өйткені көптеген мықты мамандар еңбек ететін басылым нақты деректер мен талдауларға сүйеніп, қорытынды шығарып отырады. Журнал қызметкерлері тұрақты түрде салмақ дәрежесіне қарамастан үздіктерді анықтап отыруды дәстүрге айналдырғаны мәлім. Ағымдағы жылдың басында да басылым өз нұсқасын ұсынып отыр. Әйгілі журналдың сарапшылары көш басына украиналық боксшы Василий Ломаченконы шығарыпты. Бірнеше салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған Ломаченконың топ бастауы – заңдылық. Екінші орын америкалық Теренс Кроуфордтың еншісінде. Бірінші жартылай орта салмақта әлемнің абсолютті чемпионы атанған соң жартылай орта салмаққа ауысып, WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын жеңіп алған Кроуфордтың да шын мықты екеніне ешкім күмәнданбайды. Үздік үштікті мексикалық Сауль Альварес қорытындылаған. Журнал қызметкерлері Альварестің Головкиннен айласын асырғанын назарға алғаны сөзсіз. Рейтингтегі төртінші орын бірінші ауыр салмақ дәрежесіндегі әлемнің абсолютті чемпионы Александр Усикке бұйырыпты. Ал қазақстандық Геннадий Головкин үздік бестікті қорытындылап тұр. Ол өткен жылды да бесінші орынмен аяқтаған болатын. Егер отандасымыз соңғы шайқасында мексикалық Сауль Альваресті жеңгенде рейтингтегі көш тізгінін қолға алар ма еді?! Кім білсін... Өйткені Головкин Альварес секілді басы допинг дауына шатылмаған еді ғой...

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Ұқсас жаңалықтар