Жамбылдық боксшы WBC Asia белбеуін иеленді
Кәсіпқой бокс әлемінде алтыншы кездесуін өткізген жерлесіміз Нұрсұлтан Жаңабаев кезекті мәрте жеңіс тойын тойлап, жанкүйерлерін желпінтіп тастады. Ол бұл жолы бірінші орта салмақ дәрежесінде шаршы алаңға көтеріліп, құрлықтық белбеу үшін сынға түкен болатын. Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласында алтыншы шайқасына шыққан байзақтық былғары қолғап шебері филиппиндік Арнел Тинампаймен жұдырықтасты. Филиппин боксшысы мықтылардың санатына жатпайды. Әйткенмен оның кәсіпқой рингтегі тәжірибесі өте мол. Шаршы алаңға 48 мәрте көтеріліп, оның 25-інде жеңімпаз атанған филиппиндік боксшы талай мәрте жеңілістің ащы дәмін татқанымен, бірде-бір рет мерзімінен бұрын ұтылып көрмеген еді. Кезекті кездесуінде де ол шайқасты соңына дейін жеткізіп, өзінің төзімді боксшы екенін аңғартты. Жекпе-жек бастала салысымен басымдықты қолға алуға талпынған Нұрсұлтан Жаңабаев шабуылға иек артты. Қарсыласына қысым көрсете отырып, тамаша соққылар жұмсай білген жамбылдық сайыпқыран білгенінен жаңылған жоқ. Оның соққылары нысанаға дөп тиіп жатты. Әйгілі филиппиндік боксшы Мэнни Пакьяоның жаттығуларына көмектесіп, тәжірибесін толыстырған Тинампай да қарап қалмауға тырысты. Қарсы соққылар жұмсап жатты. Әйткенмен бірінші раундта Нұрсұлтан Жаңабаевтың басымдығы байқалды. Раунд өткен сайын Нұрсұлтанның басымдылығы арта түсті. Екінші және үшінші үш минуттықтарда да Жаңабаев өзі ұстанған тактикасынан танбай, ұпай қорын молайта түсуге күш салды. 34 жастағы филиппиндік боксшы қанша рет қарсы шабуылға шықса да, түк өндіре алмай дал болды. Нұрсұлтанның бастапқы раундтарда қарсыластарын жойқын соққылардың астына алып, мерзімінен бұрын кездесуді аяқтайтын дәстүріне үйренген жанкүйерлер әдеттегідей нокаут күткені жасырын емес еді. Алайда Тинампай шыдамдылық танытып, соңына дейін ұрыс салды. Он раундтық форматта өткен шайқаста Жаңабаевтың жеңіске жететініне сенімді едік. Бір байқағанымыз, жамбылдық былғары қолғап шебері жекпе-жекке тыңғылықты дайындалыпты. Барлық раундтарда босаңсымай, соңғы сәтке дейін тер төкті. Күшін 10 раундқа дұрыс бөле білгені баршамызды тәнті еткенін айта кеткен жөн. Шаршы алаңдағы шайқас аяқталғаннан кейін жұртшылық төрешілердің ұйғарымына құлақ түрді. Он раунд бойы қарсыласын соққының астына алған Жаңабаевтың жеңісіне ешкім шек келтірмеген болатын. Нәтижесінде төрешілер бірауыздан қазақ боксшысының басымдылығын мойындады. Осылайша жерлесіміз алтыншы кездесуінде де жеңісті жорығын жалғастыра білді. Мәскеу төрінде тамаша жеңіске қол жеткізген Нұрсұлтан Жаңабаев бірінші орта салмақ дәрежесі бойынша WBC Asia белбеуін ұтып алды. Аталмыш белбеу бүкіләлемдік бокс кеңесіне тиесілі. Осы салмақтағы WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы америкалық Тони Харрсисонға тиесілі. Сол соңғы жекпе-жегінде отандасы Джермелл Чарлоны жеңіп, белбеу таққан-ды. Әлбетте, Нұрсұлтанға үлкен жекпе-жектерге шығуға әлі ерте. Әзірге тәжірибе жинақтау керектігі талас тудырмайды. Дегенмен болашақта Чарло, Харрсион секілді мықтылармен қолғап түйістіріп жатса, несі айып?
Табиғат АБАИЛДАЕВ.
Ұқсас жаңалықтар
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ауыл спортын дамытуға арналған дода
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді