Бұны кім айтар екен деп жүруші ек...

Бұны кім айтар екен деп жүруші ек...
ашық дереккөз
Бұны кім айтар екен деп жүруші ек...
Бұған дейін жаһандық тарихи даталар кеңістігінде аты аталса КСРО немесе Ресей ғана аталатын да, одақта болған басқа республикалардың бірде-бірі ауызға алынбайтын. Олардың адамзат тарихында ізі болмағандай көрінуші еді. Бірақ біз де бірдеңені білдік қой: әрбір халықтың жаратылып өсіп-өнген туған жері бар. Тау-тасы, суы бар. Ендеше оның арғысы мен бергісі де болуы заңдылық еді. Көңіліміз соны айтуды көксейтін. Бірақ ол айтылмады. Әлде, біреу айтқызбады ма? Қалам ұстағандар ғана өз дерегін тіркеп жазумен келіпті. Сол айтылған-жазылған ғана бар шындық саналыпты. Барлық халықтардікі сияқты біздіңде ауыз әдебиетімізде небір қиял-ғажайып ертегілер бар еді. Олардан кемеңгер данышпандар, хандар, билер, самұрық құс, пырақ ат, жеті басты айдаһар, жер асты, су асты патшалықтары, онда барып жеңіп қайтқан батырлар туралы естіп білетінбіз. Нешеме ұрпақ халықтық әпсанамызды осылайша жыр етіп келген-ді. Бұның бәрі көне заманалардан жеткен жад болатын. Халық жады. Солар жаһандық деректер тізіміне кіре алмады. Балалық шағымызда білгішсініп көп сөйлей берген кісіге аталарымыз: «Әй, Әпіләтім болып кетсең де, қой енді!» деп, сылдыр сөйлеушіні тоқтатып қоятын. «Әпіләтім» дегені – Платон. Бұдан екі жарым мың жыл бұрын өткен философ Платон. Біздің аталарымыз заманында Сократ, Платон, Аристотельдің ілімін насихаттап кітап жазған отырарлық әл-Фараби бабамыздың сөзінен білген деп айта аламыз. Ұлы Даланың төсінде нелер оқиғалар, небір ғұламалар болған! Біле тұра сол болғанды болмады деуге бола ма? Қазақ, Платонды білді. Лұқман хакімді, Ыбырайым, Мұса, Иса пайғамбарларды да. Пайғамбарлардан Мұхаммедке ерді. Бұл иен сахара кең шалқар Ұлы Далада қазақ ел-жұрттың, тайпалардың қарасы болып иелік бірлестігіне қосылған талай мемлекеттер өткен. Майқы бабамыз мемлекет басқару ісіне атсалысып, хандар кеңесіне қатысқан. Олар да тарихтан кетті. Ал солар тарасқанда Ұлы Далада төл жұрт – қазақ қана мәңгілік тұрып қалды. Өйткені жаратылғалы бері ол оның атамекені еді. Қазақ мұнда ешқайдан келмеген. Сондықтан оны тастамады. Ұлы Даланың мұрагері болды. Ұлы Жібек жолы бойында қалалар салды. Түркістан, Тараз Батыс-Шығыспен араласып жатты. Ақыртастай дін мен рухтың біріккен жер кіндігін белгілей алыппыз. Тауды үңгіп (Маңқыстау) мешіттер соғыппыз. Таразда Талас өзені үстінен тас көпір салыппыз. Тасқа жазу түсіріппіз. Ұлытау, Алтай, Қаратау, Еділ мен Жайық қандай-қандай тағдыршешті оқиғаларды бастан кешті! Байқоңыр, адамзат баласы ғарышқа аттанатын айлаққа айналды. Ұлтымыздан үш батырымыз ғарышқа барып та келді. Қасиеті – Ұлы Далам менің! Осылай әлемдік ұлы бетбұрысты оқиғалардың бел ортасында күн кешіп келе жатқан ел екенбіз. Төсінде атом сыналды. Тың көтерілді. Ыңқ деді ме? Осыларды ел атынан адамзатқа естіртіп айта алмай жүре бердік қой. Кім, қашан, қалай айтар екен деумен жүрдік күттік. Елбасы, Ұлт Көшбасшысы, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан тұңғыш рет тәуелсіз мемлекетке айналды. Қазақстан Республикасы жер жаһанда алғаш рет өз атымен аталатын мемлекет болды. Қатарға келіп қосылдық. Қосылдық та іспен танылдық. Қайрат көрсеттік. Атомды аластадық. Сонымен бірге Біріккен Ұлттар Ұйымының жұмысына араласып кеттік. БҰҰ-ның кей шешімдері Астанада талқыланып, жаһандық билік айтылатын мемлекетке айналдық. Алмас кездік қап түбінде жатпады. Осы кезде барып көкейімізде байланған, ғасырлар бойы тұншықтырылып келген: «Біз мына Еуразияда көсіліп жатқан Ұлы Даланың төл ұлдары едік қой» деген сөзіміз ақыры айтылды! Кім айтар екен деп жүрген осы көкейкесті сөзді Ұлы Дала перзенті, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты. Ол айтқан соң айтылуы да жарасты! Бар қазақ баласының көңілі орнықты, бар қазақстандықтың көңілі жайланды. Біз әлем халықтарымен бірге жасасып келе жатырмыз. Ешкімнен кіші де, үлкен де емеспіз. Теңбіз. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы жақында, 21 қараша күні жариялаған «Ұлы Даланың жеті қыры» дейтін мақаласы Қазақстан халқының сана-сезімін осылай бір сәтте кенеттен төңкеріп түсті. Әлемнің де. Адамзаттың мыңдаған жылдармен өлшенетін даму тарихына Ұлы Даланың қазіргі ұрпағының арғы аталары – бабаларымыздың не қосқанын мысалдарымен айтып берді. Миллиондардың көкірегіндегіні тап басты, түсіндірді және осы жайлы жер-жаһанмен ой бөлісті. Қисыны келісті. Немістердің, италиялықтардың, үнді халықтарының жылнамаларындағы ұлы жетістіктердің дені тек осы аумақтарда тұратындарға ғана қатысты болмақ емес екен; десе де олар өздерінің тарихи тамырымен мақтана алады. Себебі олар мол тарихтың бір бөлшегі. Қазақстан тарихы да тұтастай қалпында ғылым тұрғысынан солай түсінілсе дейміз деген салмақты пікірін алға тартты. Әлемде кең қолдау тапты. Президент айтқандай, Ұлы Далада атқа міну мәдениетін енгізу, жылқыны қолға үйрету арқылы далалықтар еңбектің (өмірдің) өнімдірек жаңа сипатына жол ашқанын әлем мойындап отыр. Бұл – цивилизацияға, оның бір сатысына көшу еді. Сол заманаларда атқа міну арқылы жылдамдық артты. Мобильділікке қол жетті (әскер). Жерімізде Есіктен, Берелден табылған және үсті-үстіне жаңадан табылып жатқан «Алтын адамдар» мен көне сақ, үйсін дәуірлеріндегі металдан құйылған, ойылған ат әбзелдері мен садақ ұштары, кебеже секілді тұтыну заттары, кеселер, қайыс белдіктер мен киімдер детальдары арғы бабаларымыздың металл өңдеу, кәсіпшілік қолданбалы қол өнерін жоғары дәрежеде жүргізгенінен хабар беріп тұр. Мұны әлем музейлері растайды. Тек бір әттеген-айы – археологиялық қазбалардың артефактілерін тізімдеген жазбалар оны зерттеген, кілтін ашқан еуропалық зерттеушілердің тілінде әрі сол жұрттардың архивтерінде әлі де ашылмай қалып жатқаны. Әрі заманалардың ырқымен ғылым әлемі еуроцентристік ағыммен шектелді; еуропалықтарша ойлау жүйесі үстемдік ала беріпті. Бұл, енді, жауабы нақтылануы мүмкін де, мүмкін емес те сұрақтар. Бірақ әркім (халықтардың бәрі) ізденіп көруге құқылы. Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны деген жаңа сана қандай керемет; біздің Қаратаудың басындағы адамның тізесінен келетін қызыл, сары қызғалдақтар әлі де сол жүздеген мың жылдардағысынша еш эволюциялық өзгеріске ұшырамаған қалпында өсіп тұр; Алматының алмасы пейіштің жемісі дерлік. Президенттің көпшіліктің, соның ішінде оқымысты ғалым кісілердің жүрегі жетіп айта алмағанын айтқаны, үлкен бір іс болды! Елбасына алғысымыз шексіз! Біз осылай жаһан тарихындағы ең бір елеулі оқиғаға куә болдық. Президентіміздің арқасында. Ұлы Даланың әл-Фараби, Ахмет Ясауи, Күлтегін, Бейбарыс, әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай секілді ұлы есімдерін еске алды. Басқа да халықтардың есімдері тарихи символға айналған өкілдерінің сондай адамзатқа ортақ тұлғалар болғанын атап өтті. Мақаланы оқи отырып Президент толғанысын қаперге алып сәл ойланған кезде ұлы даламызға, туған жерімізге, Қазақстандай елімізге деген сүйіспеншілік жүрегімізді кернеп кетті. Мақалада айтылған ойлардың бәрі шындық; сонысымен бізге түсінікті әрі қымбат. Бұрын білінбей келген жаһандық жаңа деректердің мән-мағанасы ойымызды да, бойымызды да өсірді. Біз өткеніміздің әлемдік тарихқа қатыстылығын бұрынғыдан да тереңірек сезіндік. Бүгінгі кемел Қазақ елінің өзі күш қосып, салған жаңа Ұлы Жібек жолы Шығыс пен Батыс арасын жалғап жатыр. Су мен құрғақ порттар түйісті. Әлем бірікті. Астана жаһандық тірлікке үн қосуда. ...Президент мақаласынан осындай керемет ой түйдік. Қаржаубай КЕМЕЛОВ, мемлекеттік қызмет ардагері. Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар