Тарихтың ұлы сағаты

Тарихтың ұлы сағаты
ашық дереккөз
Тарихтың ұлы сағаты

Халқымыз жыл сайын 16 желтоқсан күні ерекше бір қуанышқа бөленіп, шаттық нұрына малынады. Себебі бұл күн – қазақ елінің шежіресіне мәңгі енген күн. Тарихтың ұлы сағаты соққан күн. 1991 жылдың құт қонған күні ел Тәуелсіздігін алды. Егеменді, Елбасылы, Елордалы, Ақордалы ел болдық. Қатарға қосылдық. Есіктегі басымыз төрге озды. Аз ғана жылда белгісіз елден беделді мемлекетке айналдық.

Қалың елдің өзі терең сезініп, мақтаныш ететін бұл тарихи сәт уақыт өткен сайын әрбір ұрпақ өкілдері үшін аса құнды өмір әрі ел-жұртпен бірге жасай беретін қымбат дәуір болмақ. Жаңа заманның жаңа тарихын жасаған, мемлекет орнатқан, оны әлемге танытқан, мойындатқан, Елорда салған, Ақорда тұрғызған... иә, әлемдік деңгейдегі мемлекет қайраткерлерінің еңбегін адамзат өркениетінің әйгілі тұлғалары да құрметтейтініне де куә болып келеміз. Сол 90-жылдары ақылға сыймайтындай ауыр жағдайды көз алдыңызға елестетіп көрсеңіз, апыр-ай, елдік мүддені қорғау, қиюы қашқан экономиканы түзеу, сыртқы мемлекеттік саясатты орнықтырып, қалыптастыру және басқа да дағдарыс пен қиындықтарды еңсеру қаншалықты қиын соққанын, ақыл-ойдың қазанында қайнап, піскенін айтсақ талай-талайғы сын сағаттар мен кезеңдер ойға оралар еді. Сондай елең-алаңда Халық жазушысы, ұлт перзенті Шерхан Мұртазаның: «Елбасы – біреу, қалғанымыз тіреу болайық!» деп азаматтық үн қатуы және бұл асыл сөздің ел жүрегінде орнығуы да ғажап нәрсе. Қалам қуаты айрықша Шерағаң орайы келгенде Елбасымен бірнеше мәрте сұхбат құрып, жарияланған мақалаларында айтылған өте құнды ойлар мен толғаныстары – нағыз тарихи шежіре. Ал бұл аса бір асқақ рухты бойға сіңіре білді. Біз тарихымыздың әрбір жарқын беттерін тәуелсіздік жылдары ішінде ашып, тасқа да басылған, жүрекке де жазылған ойлау көкжиегімізге қанат бітіргенін бақытты ұрпақ ретінде айта аламыз. Еске алайықшы. Сол кезде Тәуелсіз мемлекет, шетелде бірде-бір дипломатиялық өкілдігі жоқ, мамандары тағы жоқ, халықаралық дәрежедегі бірде-бір келісімге қол қойып көрмеген жағдайда дербес сыртқы саясатты тездетіп қалыптастырып, әлем картасына «Тәуелсіз Қазақстан» мемлекетінің мәртебесін айқындау жолында атқарған іс-қимылын немен өлшеуге болады? Бағалай алып, бақ қонған өмір келді. Ұлан-ғайыр, ғасырларға бергісіз табысқа жеттік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік саясатта, халықаралық деңгейде зор абырой-беделге ие болуы мен Тәуелсіз Қазақстанның 27 жыл ішінде барлық жағынан қуатты мемлекетке айналуы қоғамда ажырамас егіз ұғым болып қалды. Әлемнің 57 елінде Қазақстан елшілігінің ашылуы, барлық іргелі мемлекеттермен қарым-қатынас жасауы, 100-ге жуық халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнатуы әрі саясат пен экономика мәселесінде санасатын, сыйласатын биікке көтерілуі – қазақстандықтардың қабілетті әрі өркениетті ұлт екенін көрсетеді. Жаңа заманда ұлттық болмысымыздың әлеуетін көтеру үшін ұлттық рухты оятып, серпіліс әкелетін талай игілікті бастамалар жүзеге асуда. Айталық, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында өшкеніміз жанып, жоғалтқанымыз табылып, көнеден көкжиек тартқан асыл жәдігерлеріміз түгенделіп, киелі жерлердің картасы жасалды. Бір ғана Әулиеата өңірінде 300-ден астам тарихи көмбелер және ежелгі ескерткіштер ашылып, тарихи жазбалар қайта жинақталып, жан-жақты зерттеулер арқауына айналды. Бес тарихи орын ЮНЕСКО-ның «Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалар» аталымына енді. Ежелгі Тараз қаласының 2000 жылдығы мен Қазақ хандығының 550 жылдығын бүкіл халық болып өткізіп, туған еліміздің бай тарихын қайта жаңғырттық. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және осы бағдарламалық мақаланың үйлесімді жалғасы болған «Ұлы Даланың жеті қыры» деген мақалалары «Халықтың тарихы өзімен бірге жасайды» деген адамзат жүрегіндегі ойды қозғап, жалпы халықтың зор қолдауына ие болды. Тарихты ояту үшін елді оятқан ақыл-ой кені біздің адамдардың ұлттық болмысын жарқыратып, биіктетуге ерекше құлшыныс пен күш беріп отыр. Бабаларымыздың жасап кеткен тарихына ие бола алмай жатқын ел едік қой. Енді, тәубе, заман түзелді. Талғам өзгерді. Талап та өзгерді. Өз жақсылығымызды өзіміз көріп, неғұрлым ғасырлар түбіне тереңдеген сайын, соғұрлым туған халқымыздың өркениет тарихында алған орны мен абыройын аспандата түсетін шығармыз. Қазақ халқы – адамзаттың ішіндегі өте бір феномен халық. Ойлау кеңістігі, ойлау қабілеті, шешендігі, философиясы, тереңдігі, данышпандығы ерекше екенін ғажайып лиро-эпостары мен ән-жырынан ғана жіті тануға болады. Реті келгенде айта кетейік, облыстық «Қазақстан-Тараз» телеарнасында қызмет еткен жылдарымда «Елбасы және жаңарған Жамбыл» деген телехабар (бәлкім, телефильм) дестесін әзірлеп, жыл сайын 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні мен 16 желтоқсан – Қазақстан Тәуелсіздігі күндері қарсаңында эфирден көрсетіп жүрдік. Бұл телехабарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың облысымызға жұмыс сапарымен келген уақытындағы түрлі кездесулер мен сөйлеген сөздері көрсетілді. Тарихи сюжеттер тізбесі 1991 жылдан басталады. Архивке айналған таспалар түсіру техникалары жетіліп, жақсара бастаған жылдардағы қымбат дүниелер Мемлекет басшысының өңірге келген әрбір сапарымен толығып отырады. Біздіңше, ел тәуелсіздігінің тарихи жылнамасын ұқыпты жинақтап, сақтау да рухани өміріміздің қажеттілігі. Бұл орайда ойда жүрген көп тірліктер де жасалуда. Мысалы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов өзінің «Елбасы және Қазақ мемлекеттігі» деген жылдар желісінде жазылған кітабындағы 1991 жылғы Президент сайлауына байланысты мақаласында облыстарға халық өкілдерімен жоспарлы кездесулерден тыс кездесулерде халықтың ерекше көңіл-күйін, болашаққа сенімін көрсетті дей келе: «Сондай кездесулердің бірі – Тараз қаласының орталық алаңында театрдағы кездесуден соң жоспарсыз өтті. Алаңда мыңдаған адамдар жиналып тұрғанын көрген Президент автокөлікті тоқтатып, қалың елге қарай жүрді. Мұндай сәттерде, әсіресе оққағарлар мен қауіпсіздік қызметтерінің мазасызданатыны да рас. Бұл бәріміз үшін бұрылыс кездесу болды. Мерзім – кеш қараңғылығы. Алаңда мінбе де, микрофон да жоқ. Мұндай кездесу жоспарланбаған. Нұрсұлтан Әбішұлы топтың арасына кіріп, әңгімелесіп, біраздан кейін миркофон жалғанды. Әңгіме бір сағаттан астам уақытқа созылды. Жиналғандар соңында ұзақ қол соғып, Президентке сәт-сапар тілеп, қимай қоштасты» деп әдемі де әсерлі кездесу сәтін осылай жазады. «Елі сүйген, елін сүйген Елбасы» деген халықтық қанатты сөз де тарихтың ұлы сағаты соғылған кезден бері айтылып келеді. Тәуелсіздік шежіресін де көшбасшы тұлғалар жазады. Себебі, тарихты ұлы адамдар жасайды. Тұңғыш Президентке елі сеніп, соңынан ереді. Ел иесі кім екенін, жер иесі кім екенін әлемге көрсетті. Ендеше халықтың асқақ рухы – ел Тәуелсіздігінің тірегі болса, сол халықтың тұтас сеніміне ие болып, туған елін жер жүзіне танытып көркейткен Елбасы – ел бақыты! Жұртшылықтың көзін жеткізіп, көңілін аударған тарихи ақиқат – осы.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Ұқсас жаңалықтар