Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы айындағы саяси жүйе қалай өрбіді?

Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы  айындағы саяси жүйе қалай өрбіді?
ашық дереккөз
Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы айындағы саяси жүйе қалай өрбіді?

Тәуелсіз ел атанған 27 жылдан астам уақыттан бергі мемлекеттің даму жолына көз жүгіртіп, тарихи баға беріп көріңізші. Қазақстан Президенті егемен елдің еңсесін тіктеу үшін қандай шешімдер қабылдады? Тұтастықты сақтай отырып, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында тынымсыз еңбек етті. Ішкі-сыртқы саясатты тең ұстады. Соның арқасында өзге дамыған мемлекеттермен тереземіз теңесті. Қазақстан Республикасының әлемдік саясат сахнасындағы беделі артты. Ең алдымен Елбасы қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалды. Еліміздің шекарасы тәуелсіздікке дейін нақты бекітілмегені белгілі. Ел Президентінің ең алдымен мемлекеттік шекараны заңдастырып алуы халықаралық құқықтың басты екі қағидаты – шекаралардың бұлжымастығы мен мемлекеттің аумақтық тұтастығын сақтаудың кепілі болды. Қазақтың ұлан-ғайыр даласын сақтап қалу, шекараны делимитациялау мен демаркациялауда Елбасымыз Қытай, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттерімен келісуде өлшеусіз еңбек сіңірді. Шектес мемлекеттердің бәрімен шекаралық шептерді анықтап, құжат жүзінде бекіттіріп, жоғары деңгейдегі келіссөздерде табандылық танытты. Елбасы өзінің биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында: «Біз тәуелсіздік жылдары көп жұмыс атқардық. Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан заманауи прогрессивті мемлекет құрып, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз еттік. Сапалы әрі тарихи маңызы зор құрылымдық, конституциялық және саяси реформалар жүргіздік. Қазақстанның халықаралық беделінің артуына және оның аймақтағы геосаяси рөлінің күшеюіне қол жеткіздік. Біз өңірлік және жаһандық проблемаларды шешу ісіне зор жауапкершілікпен қарайтын жауапты әрі қалаулы халықаралық серіктес ретінде таңылдық», дей келе ширек ғасырдан астам уақыттағы тәуелсіз елдің тарихын қайта шолып, бағындырған бел-белестерімізге тоқталып өтті. Әрине, Президент айтып өткендей, біздің бұл әлеуетке қол жеткізуіміздің оңай болмағандығы анық. Тәуелсіз еліміздің саяси жүйесінің қалай қалыптасқандығына шолу жасар болсақ, онда мынадай оқиғалар тізбегіне мән бергеніміз жөн. Сонымен 1991 жылдың 8 желтоқсанында Беловеж нуында Тәуелсіз мемлекеттер достастығының (ТМД) құрылуы КСРО-ның мемлекеттік құрылым ретінде өмір сүруін тоқтатты. Халқының саны жөнінен бесінші орындағы КСРО-ның барлық халқының 2,5 пайызын құрайтын (тек қазақтары), жерінің көлемі бойынша атойлап екінші орында тұрған еуразиялық ірі республика тәуелсіздік жолындағы нақты қадамдарын осылай бастады. Ал 1990 жылдың 25 қазанындағы «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларациясы – соның негізі еді. Осының алдында ғана, яғни 1990 жылдың 24 сәуірінде Қазақстанда Президент лауазымы құрылып, Жоғарғы Кеңес сессиясында Н.Ә.Назарбаев Президент болып сайланған-ды. Бұл кезеңде егемендігіміздің тұғырын тұрақты етуге бағытталған бірнеше іс-шара белгіленіп үлгерген еді. «Қазақ тілін және Қазақ КСР-індегі басқа да ұлт тілдерін дамытудың 2000 жылға дейінгі кезеңге арналған Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі республикалық үйлестіру кеңесін» және «Қазақ КСР-інің Республикалық валюта комитетін» құру туралы Қазақ КСР Президентінің Қаулылары осыған дәлел. 1991 жылдың 1 желтоқсанында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алғаш рет бүкіл халық болып сайлаған Қазақстан Президентінің мандатын алды. Бұл – оның халық алдындағы беделі мен абыройының өте жоғары екенінің дәлелі еді. Сонымен қатар оның сайлау қарасаңындағы бағдарламасының да кең қолдау тапқандығының куәсі болса керек. Әрине, Беловеж сеператтық келісім шартынан кейін тәуелсіздігімізді бекіту бағытындағы іс-әрекеттеріміздің айшықты болғандығы тарихтан белгілі. Осылай 1991 жылдың 8 желтоқсанында «Қазақ КСР-інде республикалық және Коммуналдық меншік түрлерін құру туралы» Қазақ КСР Министрлер кабинетінің Қаулысы шықса, 1991 жылдың 10 желтоқсанында егемендігімізді барынша жақындатқан Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасын Қазақстан Республикасы» деп өзгерту туралы Заңы шықты. Заңға Қазақ КСР Президенті Н.Назарбаев қол қойды. 1991 жылғы 12 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-індегі оқиғаларға қатысқаны үшін жауапқа тартылған азаматтарды ақтау туралы қаулысы шығып, олар толық ақталып, 17 желтоқсан – Қазақстан Республикасының демократиялық жаңару күні деп жарияланды. 1991 жылдың 16 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының мемелекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы жарияланып, оның преамбуласында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің Қазақстан халқының еркін білдіретіні жазылады. 17 желтоқсанда Алматыда, республика алаңында Қазақстан Республикасының демократиялық жаңару күні мен 1986 жылғы белгілі оқиғалардың бесінші жылдығына арналған сан мыңдаған адам қатысқан митингі өтті. Жұрт алдында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев сөз сөйлеп, ең шыншыл, әділ-қазы – тарих барлығын өз орнына қойғанын айтты. «Желтоқсанның 17-сі бізге тек қайғылы оқиғаны емес, сондай-ақ жаңару, ХХІ ғасырдың тәуелсіз мемлекетін құру жолына түскен Қазақстан жасаған таңдауды да еске салып отыруы керек», деген тұжырым жасады. Митингіде сөз сөйлеген еліміз бен республика халық депутаттары О.Сүлейменов, С.Зиманов, А.Княгинин, әртүрлі партиялар мен қоғамдық қозғалыстардың өкілдері жиналғандарды азаматтық келісімді сақтауға, ұлтаралық өзара тартыстың ми батпағына қарай құлауға жол бермеуге шақырды. Дәл осы күні кешке Алматыға келген АҚШ-тың мемелекеттік хатшысы Джеймс Бейкерді Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев мәртебелі мейманға арнайы бөлінген резиденцияда қарсы алды. Кездесуден кейін, журналистердің сұрақтарына жауап қайтарған соң Президент өзі мен мемлекеттік хатшы арасында жақын, достық байланыстар орнағанын атап өтті. Бұл – қысқа мерзім ішіндегі Дж. Бейкердің Қазақстанға екінші сапары еді. Осының жалғасы іспеттес, келесі бір маңызды оқиға ретінде 1991 жылдың 21 желтоқсанындағы Н.Назарбаевтың бастамашылдығымен Алматыда өткен бұрынғы 11 одақтас республика басшыларының басын қосқан саммитті атап өтуге болады. Себебі Тәуелсіз елдер достастығы (ТМД) шын мәнісінде, осы «Алматы саммитінде» өмірге келген еді. Осы оқиғаларды жіті қадағалап отырған АҚШ Мемлекеттік хатшысы Дж. Бейкер 1991 жылдың 26 желтоқсанында Н.Ә.Назарбаевқа телефон шалып, республикалар лидерлерімен келіссөз туралы Президент Джордж Бушты құлағдар еткені жайында хабарлады. Мемлекеттік хатшы Құрама штаттар бұрынғы одақтас республикалардың, оның ішінде Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып танитындығына үміт білдірді. Дегенмен тәуелсіздігін жариялаған жас мемлекетті үлкен саясаттағы принципсіздік те айналып өткен жоқ. 1991 жылдың 27 желтоқсанында Н.Ә.Назарбаевтың атына М.С.Горбачевтан келген жеделхатта көрініс тапқан еді. Онда КСРО-ның экс-президенті: «Жуырда берген интервьюлерімнің бірінде одақтың құрамындағы республикалардың егемендігі туралы айта келіп, Қазақстан мен Ресей Федерациясының қанаттас жатқан территорияларының әкімшілік бөлінісі жайында байқаусызда бір сөзге жол беріппін. Еліміздің әкімшілік-территориялық бөлінісінің талай рет, кейде тіпті қалай болса солай бұзылуына жол берілгенін біздің бәріміз де білеміз. Менің аузымнан байқаусызда шығып кеткен сөзді, міне осындай жаймен түсіндіремін. Өкінішке қарай, мұның өзі кері мағынасында, Қазақстанның шекарасын қайта қарау қажеттігін танығандық болып табылады деп түсіндірілуі де ықтимал», дей келе, қалыптасып келе жатқан тәуелсіз мемлекеттердің достастығында, әсіресе территориялық-шекаралық айтыстарға жол бермеудің маңыздылығына тоқталады. Унитаризмнің қалдығынан батыл түрде арыла отырып, талай ондаған жылдарға, тіпті ғасырлар бойына созылған біздің көп ұлтты барлық халықтарымыздың тату көршілігі мен ынтымақтастығы барысында жинаған ең зор қазынамыздың бәрін ұқыптылықпен сақтау керектігіне үлкен мән беретіндігіне сендіргісі келген. Бұл – еліміздің Тәуелсіздік алған бірінші жылының алғашқы айындағы айшықты оқиғалар. Сол кезден бастап Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасында жаңа саяси жүйенің қалыптасуы мен әлеуметтік-экономикалық модернизациялау бағытында жүргізілген іс-шаралардың бастамашысы болды. Егемендік алған еліміздің еңсесін көтере отырып, дамыған отыз елдің қатарына енуге нақты алғышарттар жасады.

Сейдахан БАҚТОРАЗОВ, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты.

Ұқсас жаңалықтар