Ауыл мектебінің абыройы шәкірттерінің жетістігінен көрінеді

Ауыл мектебінің абыройы шәкірттерінің жетістігінен көрінеді
ашық дереккөз
Ауыл мектебінің абыройы шәкірттерінің жетістігінен көрінеді
Ардақ ҮСЕЙІНОВА Экономикалық, рухани жаңғыру – адами капитал дамығанда ғана нәтижелі болары мәлім. Әсіресе барлық салаға серпін беретін білім саласын әрі қарай ілгерілетпей, істің алға баспасы анық. Сондықтан барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде отандық озық жүйе қажет. Жалпы заман ағымы жастардың мамандық таңдаудағы шешімін түбегейлі өзгертуді талап етуде. Ол үшін білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керек. Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында атап көрсеткендей, бұл – жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шарты. Сала ісін ілгерілетуге білім мекемелері арасындағы бәсекелестіктің әсер етері сөзсіз. Бұл ретте ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты жою маңызды. Ал жастарды технологиялық қалыпқа дайындау үшін Мемлекет басшысы атап айтқандай, барлық өңірлердегі Оқушылар сарайларының базасында компьютерлерді, лабораторияларды және 3Д-принтерлерді қоса алғанда, барлық қажетті инфрақұрылымдары бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру керек. Бұл жас ұрпақты ғылыми-зерттеу саласына және өндірістік-технологиялық ортаға ұтымды түрде кірістіруге көмектесетіні анық. Келесі жылы 10,11-сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндері ағылшын тілінде оқытыла бастайды. Педагогтер білім беру үдерісіндегі ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтық үш тілде оқытуға толық көшкенде мүмкін болатынын айтады. «Түлектеріміз елімізде және жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажетті деңгейде үш тілді меңгеруі керек. Ал мұндай деңгейге мұғалімдеріміз ғылым мен заманауи технологиялардың тілі – ағылшын тілінде білім бере алатын дәрежеге жеткенде мүмкін болары анық», – дейді ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің директоры Айгүл Қасеналиева. Айгүл Қасеналиева білім сапасын бағалау жүйесі халықаралық стандарттарға негіздеу – ауыл мен қала мектептеріндегі білім деңгейін теңестірудің тағы бір жолы екенін айтады. Оның пікірінше, қай кезеңде де білім мекемесінің абыройы шәкірттерінің жетістігімен өлшене бермек. Ал түлектердің өмірден өз жолын табуы үшін Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында нақтылап көрсеткендей, орта мектептердің өзінде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби диагностика жүргізу маңызды дейді. Иә, түлектерінің жоғары оқу орнына түсіп, мамандық иесі атанып, жұмысқа орналасқаны ауыл мен қала мектептеріне де абырой. Осы тұрғыдан алғанда А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің мерейі үстем. Әр жылы осы білім ордасынан түлеп ұшқан шәкірттер оқуға түсіп, ұстаздарын қуантып жүр. Биыл да түлектері ҰБТ-да жақсы нәтижеге қол жеткізіпті. – Мектеп бітіруші 32 оқушының 26-сы ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыруға өтініш білдірді. Соның ішінде тоғызы 100-ден жоғары балл жинап, жақсы нәтиже көрсетті. Екеуі ғана шекті деңгейге жете алмады. Шәкіртіміз А.Утамуратов 133 балл алды. Жалпы орташа көрсеткішіміз – 87,7 балл. Тест тапсырған 26 талапкердің 18-і өз арманына қол жеткізіп, мемлекеттік оқу грантын жеңіп алды. Бұл – мұғалімдеріміздің тынымсыз еңбегінің жемісі, – дейді Айгүл Қасеналиева. Мектеп директоры жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болғандары бар, ақылы және кәсіптік мамандықтарды таңдағаны бар, барлық 32 түлектің тегіс оқуға түскеніне қуанады. Ұстаз үшін шәкірттерінің табысқа жеткенінен артық ешқандай жетістік жоқ шығар. Т.Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар