«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Еңбегімен ер атанған ұлағатты ұстаз

Еңбегімен ер атанған ұлағатты ұстаз
ашық дереккөз
Еңбегімен ер атанған ұлағатты ұстаз

Иә, мақала тақырыбына қарап, кейбір жандар асыра айтылған екен деген ойды да ойлап қойған шығар… Бірақ бір күні ғасырға татырлық жандар болады. Бір ауыз сөзі адам тағдырын өзгертіп, бір жола адасып бара жатқан, көкірегі мұңға толы жанды жарық дүниеге қайта әкелгендей, сенім мен күш беріп, ұзақ ғұмырда адамдық биіктігін төмендетпеген жанның ерлігі туралы не айтар едіңіз?

Барлығымыз да жұмыр басты пендеміз. Өзіміз дегенде өгіз қара күшіміз болғанмен, жатты жарылқап, материалдық, рухани қолұшын беруде бәріміз керім жомартпыз деп айта алмаспыз.
Аягүл Төреқызын мен жиырма жасымнан бері жақсы білемін. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген жас маманмын. Алматы қаласындағы жаңа ашылған, анығы аралас орыс-қазақ мектебінен енші алып, таза қазақ мектебі болған №86 мектепке мұғалім болып орналастым. Мектеп директоры – Болат Махамбетов. Аягүл Төреқызы сонда математикадан сабақ береді, абыройы асқақтап тұрған, отыздан жаңа асқан өте беделді мұғалім екен. Ол кезде он жылдық мектеп қой, маған 4-сыныпты берді, онда да «В» сыныбы. Балалар жан-жақтан жиналған, қысқасы, бастауышта бұл мектепте оқымаған. Арасында сотқарлары да баршылық. Бірде «Пионер» журналының бас редакторы Фариза апай Оңғарсынова менің ұстаз туралы жазған мақаламды журналға шығаратын болды да, сабақ үстінде фотоға түсу үшін фототілшіні жіберіпті. Сабағым 6 «Б» сыныбында болатын. Ұлдары өте тынымсыз, әсіресе Ербол деген бала. Суретке түсіріп болғанша «бар өнерін» көрсетіп бақты, оған басқа ұлдар да қосылды. Менің сабақ беріп жүргеніме екі жұмадай ғана уақыт болған…
Фототілші қандай ойда кетті білмеймін. Мен намыстан өліп кетудің алдында тұрмын. Қоңырау соғылып, балалар шығып кетті. Мен солқылдап тұрып жыладым, келесі сыныптың оқушылары келген кезде менің көзім былаудай болып ісіп, қызарып кеткен. Балалар шошып тұр. Бір жағдай болып қалды ма деп, жәудіреп қарайды. Өзімше сыр білдірмей, сабағымды бастап кеттім. Кеудемдегі тынысым өзімді буып тастағандай. Түс мезгілінде екі-үш мұғалім және оқу ісінің меңгерушісі бар, сынып бөлмелерін тексеріп жүр екен. Менің №38 сынып бөлмемнің жағдайы өте мүшкіл еді, сынған орындықтар, парталар, еден де бүлінген, ойдым-ойдым линолиум. Оған қоса көзі ісіп, қызарып кеткен мұғалім қарсы алып тұр. Оқу ісінің меңгерушісі: «Сізге не болды?» деп, төтесінен сұрақ қойды. Мен қорқып кетіп: «Ештеңе болған жоқ, жай әшейін» деймін. «Мына кабинетті жөндеу керек, өзіңіз жөндейсіз бе, ата-аналарды ұйымдастырасыз ба? Немене, кішкентай балаға ұқсап тұрсыз?» деп, оқу ісінің меңгерушісі жақтырмаған сыңаймен келесі №39 география кабинетіне кетті. Ол кабинетте дауыстары емен-жарқын шығып жатты, күліп көңілді шықты. Олар кетісімен столға басымды қойып алып, жыладым дейсіз. «Қалай адастым, мұғалім болу менің қолымнан келмейді екен ғой. Жоқ, ертең жұмысқа келмеймін, бітті. Басынан осылай болғаны да дұрыс шығар. Мынау тозақтан құтылуым керек» деп, байлам жасап, терезесі сынған, есігі алқам-салқам шкафтағы кітаптарымды жинай бастадым. «Кетем» деген байлам өзіме күш бергендей болды. Кетуге дайындалып, жиналып жатқанымда: «Гүлтааас» деп, даусын созып, Аягүл Төреқызы кабинетіме кірді. Мен қолымды иегіме қойып, таңданып тұрып қалдым. «Гүлтас, келген қонаққа жоғары шық демей ме екен?» деді. «Иә, апай, жоғары шығыңыз» дедім. «Тамақ іштің бе?» деді. Мен басымды шайқадым. «Ой, жақсы болды. Мен де тамақ ішкен жоқпын. Жүр, асханаға барайық» деді. Қарным ашса да, дәл сол күні асханаға баратын жағдайым жоқ еді. Қалтамда жолға ғана (автобусқа) жететін тиын бар. Оны ол кісіге қалай айтамын? «Сіз бара беріңіз, мен тоқпын» деймін. «Қызық екен, тамақ ішпесең де тоқсың ба?» деп маған ойлана қарап тұрды. Әсте менің ақшам жоқ екенін де сезіп қойды. Не керек, асханаға ертіп барып, жақсылап отырып тамақ іштік. Тамақ ішкен соң көңіл-күйім де көтеріліп қалды ғой деймін. «Гүлтас, қарашы күліп едің жүзің нұрланып, әдемі болып кеттің» деп қалжыңдады. Мен де күліп жауап бердім. «Тамақ ішкенді жақсы көремін, ылғи тойып алғанда айнаға қарасам, түрім сүйкімді болады» дедім. Аягүл апай асхананы басына көтеріп, күлді-ау дейсіз. Тоқтай алмай, асханада жұмыс істейтін орыс кісіге менің сөзімді айтып жатты. Олар да мәз. Тамақтан соң мені өзінің кабинетіне ертіп барды. Кабинеті сүп-сүйкімді. Безендірілген, терезеде гүлдер өсіп тұр. Тақтасы да сырланған, толып тұрған бормен жазылған есептердің өзі керемет болып көрінді. «Кабинетіңіз жақсы екен» дедім. «Гүлтас, саспа, сенің кабинетің бұдан да жақсы болады. Бағанағы апайыңның сөзін көңіліңе алма. Ой, сен керемет мұғалім боласың. Сенің сабақ берген балаларыңа мен де сабақ беремін ғой. Солардан бірде, «Қазақ тілі мен әдебиетінен кім береді?» – деп сұрадым, балалардың көздері жайнап, дауыстары көңілді: «Гүлтас апай береді, күшті мұғалім!» деді. Мен сенерімді де, сенбесімді де білмей тұрмын. Ішімде «кетемін» деген нық сенім тұр.
– Ал енді сөйле, бүгін неге жыладың?
– Жай әшейін, жылаған жоқпын, көзіме кірпігім кіріп кетті.
– Мұғалімге өтірік айтуға болмайды. Үйде бір жағдай болды ма?
– Жоқ, жай…
– Жай әшейінді қой. Маған бәрін айт.
– Бір фототілші келген.., деп артын тағы айтпадым.
– Ол қандай журналист, сенде несі бар, кім жіберіпті?
– Жоқ, Фариза апай, ол кісіге мені фотоға түсіріп кел деп жіберіпті. Жазған мақалам «Пионер» журналына шығайын деп жатыр.
– О-о, өте жақсы! Сен жазады екенсің ғой… Ал сол фотограф сені жылатты ма?
– Жоқ, оқушылар тыныш отырмай, менің тілімді алмай қойды.
– Соған жыладың ба?
– Иә, өте ұят болды. Мен мұғалім бола алмайды екенмін. Директорға арыз жазып, кетемін.
Апай үнсіз ойланып отырды да:
– Гүлтас, балалықты қой. Бір кішкентай қиындық кездессе, кете бересің бе? Ал кетсең қайда барасың?
Мен иығымды көтеріп:
– Журналист боламын, – дедім. Апай көзіме тура қарап отырып:
– Сен ешқайда кетпейсің. Білесің бе, бұл өмірде мұғалімнен артық мамандық жоқ. Балалардан артық ешкім жоқ. Үлкен адамдардың ортасында бұдан да қиын болады. Оқушыларға жағынудың да, алдаудың да қажеті жоқ. Оларға адал болсаң, өз пәніңді сүйіп, олардың жүрегіне жеткізе білсең, сенен артық жан болмайды. Оқушылар деген – тап-таза орта, бейкүнә жандар. Олар сенің ертең-ақ досың, жанашырың, туған балаңдай болып кетеді. Гүлтас, айналайын, ұстаздық жолың – бақыт жолың, өз бақытыңды тастап кетпе! Сен студенттік практикадан қайда өттің? – деп сұрады.
– Бірінші Алматыдағы №46 мектепте өттім. Екі ай болдық.
– Сонда саған сабақ беру ұнады ма?
– Иә, бірақ 10-сыныпқа бердім, олар мені жылатқан жоқ.
Аягүл апай күліп:
– 6 «Б» сыныбының барлық балалары сені жылатты ма? – деді.
– Жоқ, бір оқушы, соның қылығына бәрі күліп, сабағымды бұзды. Мен қонақтан ұялдым, оларға қойыңдар десем де қоймады.
– Олар бала ғой. Сен үлкенсің, балалардың балалығын бір рет кешіре сал, келесі сабақта бәрін ұмытып кеткен сияқты бол. Өкпеңді білдірме. Қайта оларға «Пионер» журналына шыққан мақалаңды, олардың сабақтағы суретін көрсет. Бір журналды бұзықтық жасаған балаға жазып тұрып бер. «Кейін балалық қылығыңды есіңе аласың, осы журналды сақтап қой» де. Содан кейін оқушылардың өзіңе деген көзқарасы қалай өзгергенін маған айтасың,– деді.
Сенесіз бе, менің тұманданған жанарым ашылғандай, бір жүк иығымнан түскендей жеңілденіп қалдым. Аягүл Төреқызы мені бауырына тартып құшақтап:
– Қорықпа, сен жақсы мұғалім боласың, – деді. – Айтпақшы Гүлтас, сен әлі бірінші айлығыңды алмадың ғой.
– Иә,– дедім, неге сұрадыңыз дегендей.
– Тоқта, айлық алғанша, мен саған қарызға ақша бере тұрайын.
– Жоқ, апай, қажет емес.
– Тоқтат қажет емес дегенді, жолдасың студент, өзің енді жұмысқа тұрдың, сен түгілі талай жыл жұмыс істеп жүрген мұғалімдер бір-бірімізден қарыз аламыз.
Маған 25 сом берді. Ішімнен қуанып тұрмын. Үйден келетін ақшаны күтіп жүргенде мынау бір Алланың төбеден бергені сияқты болды.
Аягүл апайдың ақылын алып, бұзық балаға «Пионер» журналын сыйлағанымда, сыныптағы бүкіл оқушылар таңғалды. Содан бастап, менің «бұзықтарым» ең жақын достарыма айналды. 1990 жылы аспирантураға түскенше сол мектепте қызмет атқардым. «Мұғалімнен артық мамандық жоқ» деген Аягүл Төреқызының қасиетті сөзі жүрегімдегі тұмардай болды.
Аягүл Төреқызы… Егер менің өмірімде осы бір ізгі жан кездеспесе, мен дәл қазір қайда жүретін едім? Әлі есімде. Ең алғаш Атырауда мектеп мұғалімдерінің үлкен конференциясы өтті. Алматы қаласында өткен конференцияда баяндамамды жоғары бағалаған қалалық оқу бөлімі мені республикалық конференцияға жіберді. Пленарлық мәжілісте баяндама жасайтын болдым. Толқып, қорқып жүрмін. Мектепте ақылшым да, жанашырым да Аягүл Миразова. Баяндамамды оқып шықты да: «Ал енді дәл конференцияда тұрғандай баяндама жаса», – деді. Мен сасып қалдым. Ол кісі күтіп отыр. Бас салып, баяндамамды оқи жөнелдім. Асықпай тоқтатып:
– Жарамайды. Сен 500 адамның алдында тұрсың. Амандық жоқ, саулық жоқ оқи бересің бе? Ол болмайды, онда небір басшылар, министрдің орынбасары, үлкен-үлкен ғалымдар, мүйізі қарағайдай атақты мұғалімдер болады. Сондықтан бірінші амандасып, содан соң кішіпейілдікпен: «Құрметті ұстаздар, мен жас маман ретінде сіздердің алдарыңызға шығып тұрмын. Қысылып тұрмын, менің қателіктерім де болуы әбден мүмкін. Себебі білімім де, тәжірибем де сіздерге жетпейді. Сондықтан алдын ала маған кешіріммен қарауларыңызды сұраймын. Алматы қаласы білім басқармасының тапсырмасын орындау үшін сіздердің алдарыңызда тұрмын» деген сияқты сөзбен баста. Сонда аудитория түсіністікпен қарайды. Бірақ бойыңдағы қорқынышты жеңіп алып шық. Олар да дәл сендей мұғалімдер» деп, тағы бір қайрап алды.
Мен Аягүл Төреқызының сөзін де, әдісін де қолдандым. Үлкен залда ине шаншитын жер жоқ, менің баяндамама ерекше қол соғылды. Жиын аяқталғанда көп мұғалімдер, тіпті министрдің орынбасары Ж.Әзисханов аға да қолымды алды. Өзімді «Бақыт» сарайындағы ең бақытты ұстаз сезіндім. Содан бастап, менің тасым өрге домалады, мен «батыр» болып алдым. Мектеп менің «жұмағыма» айналды. Қуанып келіп, қуанып қайтатын.
Аспирантурада оқып жүрмін. Білім министрлігінің дәл түбінен №159 қазақ мектебі ашылды да оған Аягүл Миразова директор болып келді. Тәуелсіздігімізді алып, ақ түйенің қарны жарылғандай қуанышы көп, қазақ тарихындағы ең киелі, ең қадірлі жыл – 1991 жыл, 16 желтоқсан. Дәл сол уақытта өз басым тәуелсіз ел болудың мән-мағынасын терең түсінбеген де болуым керек. Аягүл Төреқызының туған күні 15 желтоқсан болатын. Сол кісіні құттықтауға мектепке бардым, онда да дәл сол күні емес, 19-20 желтоқсанда. «Туған күніңізбен құттықтаймын! Бақыт тілеймін» деп жатсам, «Гүлтас, айналайын рахмет! Менің туған күнімді қойшы, еліміздің туған күнін айтсаңшы. Біз енді тәуелсіз елміз. Ешкімге жалтақтамаймыз, рұқсатты Мәскеуден сұрамаймыз. Бұл – ең ұлы мереке, айналайын, бұл – ұлы күн, еліміз бақытты болсын!» деп, мені құшақтады. Сонда ғана санама жарық түскендей, мынандай кісі осыншама жүрегі жарылып қуанғанда, шынымен еліміз бақытты болатын шығар деген ой келді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары. Елдегі экономикалық дағдарыс. Мектеп мұғалімдерінің үш айлап, алты айлап жалақы ала алмай жатқан кезі. Мұғалімдердің жағдайы «бөрі арығын білдірмес, сыртқы жүнін қампайтар» дегендей еді. Аягүл Төреқызы мұғалімдерінің жағдайын терең түсінеді. Олардан «жаным, айналайын» деп жұбата отырып, жұмысты талап ететін. Аягүл апайдың бір ерекше қасиеті бар сияқты көрінетін. Онымен сөйлескен адамның жаны тынышталып, болашаққа сенімі пайда болып, отбасындағы қисайған жағдайы түзеліп, ол кісінің алдынан шыққанда, күлімсіреп, бастарын жоғары көтеріп шығатын. «Жасқа жас, ойға кәрі едің» деп Абай айтқандай, №159 мектеп жаңа ашылғанымен, ғимараты өте көне болатын. Сол аудандағы мектептерден жылу жинағандай, бірінен парта, екіншісінен тақта жинап, өзі күндіз-түні бірге жүретін, соның арасында қай жерде шаң, кір болса көзі соны бірінші көретін. Апырай, шаршамайтын. Бір емес, бірнеше жұмысты қатар атқаратын, мұғалім, оқушы, ата-ана, аудан, қалалық білім басқармалары, одан қалса жазушы, журналистер тағы бар. Осылардың бәрімен сөйлесуге уақыт табады. Жазушы, журналистер дейтініміз, шынын айтқанда, Алматы қаласындағы бір кездерде жабылып қалған қазақ мектептерін ашуға ақын Шона Смаханұлы, ғалым Рахманқұл Бердібаев т.б. ұлт зиялыларының ықпалы болды, олар тынбай еңбек еткенін өз көзімізбен көрдік.
Жылдан-жылға бала саны көбейе берді. Мектепке оқушы сыймай, бір жылдарда бастауыш сыныптың оқушылары балабақшада оқыды. Ы.Алтынсарин академиясында менімен бірге қызмет істейтін Бақыт Әрінова деген әріптесімнің баласы да балабақшада оқиды екен. Бір жолы анасымен бірге жұмысқа келді. «Дәурен, қалайсың? Сабағың жақсы ма?» деп сұрадым. «Сабағым жақсы, жағдайым жақсы емес, ал сіздерге жақсы» деді саңқылдап. «Неге?» деп сұрап жатырмыз. «Себебі сіздер мектептің дәл қасындасыздар, директор апайды күнде көруге болады. Директор апай үлкен мектепте, біздің балабақшадағы мектепке анда-санда барады» деп бұртиды. Бәріміз күліп жатырмыз. Анасы Бақыт та күліп: «Жаңа мектепке соғып едік, Аягүл Төреқызы ауданға жиналысқа кетіп қалыпты. Енді директор апайын көрмегенге ашуланып тұр», – дейді. №159 мектепте неше түрлі «данышпандардың» (бастауышта) қызықтарын көруге болатын. Бірде асығып Аягүл Төреқызына жолығуға барсам, хатшы қыз ол кісіде қонақ бар деп, кіруге рұқсат бермеді. Қанша қонақ болса да, шығатын уақыты болды ғой деп, хатшы қыз шығып кеткенде есікті ашсам, қонақ жоқ. Аягүл Төреқызы бір кішкентай баламен телевизор көріп, шай ішіп отыр. Ой қанымның қайнағаны-ай! Онымен қоймай: «Қазір күте тұрыңыз» деп, мені қабылдамады. Тағы да тұрдым. Бір кезде соншама құрметпен кішкентай баланың қолын алып, қоштасып жатты. Ол бала кеткен соң, мені қабылдады. Мен білетін директордың ешқашан қолы бос болмайтын еді, енді келіп бастауыштың бір баласымен сонша уақыт отырғаны қалай деп ойладым.
Сөйте жүріп, №159 мектеп қалалық, республикалық білім, өнер сайыстарында алдыңғы қатарға ілінді. Құлагердей алға озып бара жатқанына күллі Алматы, республика куә болды. Мектептің мұғалімдері іріктеліп, таңдалып алынды дей алмаймыз. Себебі жаңа ашылған мектепке №12 мектеп 400 оқушы, 33 мұғалімін берді. Бірақ табиғатынан талантты ұстаз, директор Аягүл Төреқызы ең алдымен мұғалімдерін шыңдады. Оларға сенім арта отырып, әр мұғалімнің намысын қайрап, үстіне киетін киімі мен жүріс-тұрысына дейін бақылап, ойын айтып, туған қызындай, бауырындай жақсы көріп, жаны ашып, кейде қабағын түйіп ұрсып алып, мұғалімдерін шебер, талантты, білімді ұстаз деңгейіне жеткізді. «Тұлғаны тұлға ғана дайындайды» деп атақты ұстаз Ш.Амонашвили айтқандай, Аягүл Төреқызы мектеп мұғалімдерін аз жылда интеллектуалды деңгейге көтерсе, ол ұстаздар өздерінің шәкірттерін қырандай баулып, биіктерге самғатты.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы». Көп жылдар Алматыдағы элиталық №12 мектептің директоры болған Социалистік Еңбек Ері Рафика Нұртазина Аягүл Төреқызына қамқор апа, ақылшы тәлімгер болды. Ақ батасын берді. Аягүл Төреқызының жүрек, ниет тазалығы, адамдардың бәрін, Абай дана айтқандай, «бауырым деп сүюі», оның жолын жарық етті. 2008 жылы Алматы қаласындағы тәуелсіздіктің түйдей құрдасы №159 мектеп ұжымының ерен еңбегі ел көлемінде еленіп, Президент Жарлығымен Аягүл Миразова Қазақстанның Еңбек Ері атанды, Елбасының қолынан «Алтын Жұлдыз» алып отырып: «Бұл ең жоғары награда – бүкіл қазақстандық ұстаздардың наградасы, ұстаздарға құрмет деп білемін» деп, қарапайымдылығын, кісілігін көрсетіп, өзіне ақ батасын берген Рафика Бекенқызына: «Рафика Бекенқызы, Сіз екі мәрте Еңбек Ері болдыңыз, өйткені менің төсімдегі белгі – Сіздің төсіңізге де тағылған белгі» деп қуанып айтты. Қараңызшы, мұндай көңіл жомарттығы, жүрек мәрттігі екінің бірінің қолынан келе ме?!
Мектептің даңқын шығаратын, олар – шәкірттер. Шәкірттердің шырағын жағып, бақыттың жолын көрсетіп, барлық жетістіктеріне ата-аналарынан да артық қуанатын, ол – Аягүл Төреқызы. Қаншама «Алтын белгі», қаншама халықаралық олимпиадалар, басқа да білім, өнер сайыстарындағы жүлделі орындар! Айтып тауысу мүмкін емес. Тіпті жүлде алып қайтқан шәкірттер ұшақтан түскеннен кейін Аягүл Төреқызына хабарласып, бірінші мектепке келеді. Бұдан өткен қандай мәртебе, қандай бақыт болуы мүмкін!

Гүлтас ҚҰРМАНБАЙ,
Назарбаев университетінің профессоры, «Рухани жаңғыру» мәдени орталығының директоры, «Құрмет» орденінің иегері, Ы.Алтынсарин атындағы І дәрежелі сыйлықтың лауреаты.

Ұқсас жаңалықтар