Медициналық орталықтың «Таза жүрек» бағдарламасы аясында үш ауданның тұрғындары тегін тексеруден өтті
Тараз қаласындағы балалар мен ересектерге кардиохирургиялық қызмет көрсетуде үздіктер қатарынан саналатын «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология» орталығы Гонконг қаласында өткен «Worldcob» Бүкіләлемдік бизнес конференциясында жеке клиниканың медицина саласына қосқан орасан үлесі үшін «Үздік шабыттандыратын компания» номинациясымен марапатталды.
2008 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан орталықтың негізгі қызметі – инновациялық-медициналық технологияларды пайдаланып, жоғары мамандандырылған кардиологиялық, кардиохирургиялық көмек көрсету, сонымен қатар, амбулаториялық тексерістен кешенді оңалту көмегіне дейінгі аралықта науқастарға шипа беру, кардиология, кардиохирургия және интервенциялық кардиология аясында ғылым-білім әрекетін жүзеге асыру, дерті асқынған науқастарға хирургиялық ота жасап, мүмкіндігінше тұрғындардың өмір жасын ұзартуға және өлім, мүгедектік көрсеткіштеріне жол бермеуге атсалысу. Сондай-ақ науқастарға, оның ішінде жаңа туған нәрестелер мен балаларға сапалы, мамандандырылған дүниежүзілік стандарттарға сәйкес кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек көрсетуге бағытталған. Барлық қажетті кардиохирургиялық оталар жоғары деңгейде, жаңа технологиялардың көмегімен, білікті мамандардың қатысуымен жасалуда.
Орталықтың мамандандырылған медициналық қызмет туралы мәліметтеріне сүйенсек, стационарлық медициналық көмек бойынша 989 пациент емделген. 2018 жылдың 10 айында жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсету бойынша 379 адам емделіп шықса, 2017 жылы коронарография жасалған науқастар саны 278 болған, 2018 жылдың 10 айында – 260, стенттеу бойынша 204 кардиохирургиялық араласулар сәтті өткен. Жүрекке жасалған оталардың жалпы саны – 253, ал туа біткен жүрек ақаулары бойынша – 122. Жүректің ишемиялық ауруы бойынша науқастарға жүрек ақаулары кезінде түзетулер (жүрек қақпақшаларын ауыстыру немесе қайта құру) – 66, тірі донордан бүйрек трансплантациясы бойынша барлығы 11 ота жасалған.
«Ғылыми клиникалық кардиохирургия және трансплантология» орталығы 3 жыл қатарынан «Таза жүрек» деп аталатын бағдарламаны қолға алып, жүзеге асыруда. Оған Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандарының тұрғындары мен қалалық «Zhanuya» емханасының тіркелушілері қамтылды. Биылдың өзінде 40 800 адамнан сауалнама алынып, жүрек аурулары бойынша толық әрі тегін диагностикадан өтті, аталған аудандар тұрғындарының кардиологиялық жағдайлары тексерілді. Орталықтың білікті кардиолог дәрігерлеріне қаралып, электрокардиограмма, эхокардиограммаға түсіріліп, басқа да құрылғылардың көмегімен тексерулерден өткізілді. Жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққандар есепке алынып, жалпы талдау-сараптау жұмыстары жүргізілді. Тексеруден өткендер үш топқа бөлінді. Біріншісі – сау адамдар, екіншісі – жүрек ауруына бейім жандар. Яғни қан қысымы көтеріліп, қан құрамында қант мөлшері көбейіп кеткендер, артық салмақтан зардап шегіп жүргендер. Соңғысы – қауіп-қатер тобына жататындар, туа біткен науқастар. Осы талдау жұмыстарының қорытындысы бойынша алдағы уақытта басқа да аудандардан есепке алынған науқастардың денсаулық жағдайы бақылауға алынып, ем-дом шаралары алдын ала жүргізілетін болады.
Орталықта Германия, Ресей, Израиль, Түркия, Чехия, Литва және тағы басқа шет мемлекеттерде біліктіліктерін арттырып келген 40-қа жуық дәрігер қызмет етеді. Мәселен, иммунология бөлімшесінің меңгерушісі Дархан Метаев – Оксфорд университетінің түлегі, ал кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Шейшенов Жәлел Оразбекұлы – Израильде, Шнайдер клиникасында «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша біліктілігін арттырып келген, 50-ден астам медициналық оқулықтың авторы, облыстың бас балалар кардиохирургі.
10 жылдың ішінде орталықта туа біткен, жүре пайда болған жүрек ақаулары бар 2000-нан астам науқасқа ота жасалды. Жылдан-жылға кардиохирургиялық ота жасау белсенділігі артып келеді. Орталықтың директоры – медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қырғыз Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының доценті Сейтхан Жошыбаев 1962 жылы Қырғыз мемлекеттік медициналық институтын бітірген. Ол 1967-1970 жылдары Мәскеу қаласындағы А.Н.Бакулев атындағы «Жүрек-қан тамырлары хирургиясы» институтының аспирантурасында оқып, кандидаттық диссертациясын, 1981 жылы докторлық диссертациясын қорғап, 9 ғылым кандидатын және 4 медицина ғылымдарының докторларын дайындап шығарған. Өнертабысқа қатысты 9 патенті және 17 рационализаторлық ұсыныстары бар. 230-дан астам ғылыми жұмыстары мен 2 монографиясы жарық көрді. Еуропалық кардиоторакалды хирургтер қауымдастығының мүшесі, Халықаралық кіші инвазивті кардиохирургтер қоғамының, Азия қауымдастығының, AlBasselHeartSociety – Сирия қауымдастығының, Ресей қауымдастығының мүшесі, Қырғызстан мемлекетінің И.К.Ахунбаев атындағы қоғамының құрметті мүшесі, Орталық Азияның Жүрек-қан тамырлары хирургиясы қауымдастығы президиумының мүшесі және Қазақстан Республикасы Жүрек-қан тамырлары хирургиясы қауымдастығының Президенті.
«Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология» орталығының клиникалық-диагностикалық зертханасы – жаңа құрылғылармен жабдықталған заманауи технологиялық кешен. Оған шетелдің әлемдік өндірушілерінің автоматтандырылған зертханалық жабдықтары мен ХХІ ғасырдың клиникалық медицинасының заманауи талаптарына сай, аналитикалық және ақпараттық технологиялар кіреді. Орталықтың реанимация бөлімінде операциядан кейінгі науқастарға арналған туыстарымен онлайн режімінде тікелей байланыс орнататын бейнеконференция қамтамасыз етілген. Зерттеу зертханасы алдыңғы қатарлы шетелдік фирмалардың заманауи жоғары технологиялық құрылғыларымен жабдықталған, атап айтқанда: «MicroCC18» гематологиялық анализаторы (АҚШ), «BioChem FC-360» биохимиялық анализаторы (АҚШ), AQT 90 FLEX кардиомаркерінің флуоросцентті анализаторы (Дания), ABL 800 FLEX қанның қышқыл-сілтілі және газ құрамының анализаторы (Дания), ACCESS 2 иммунохимиялық анализаторы (АҚШ), ағынды цитофлуориметр CyFlowSpace (Германия), AQT 90 FLEX (Дания), AQT 90 FLEX (Дания) кардиомаркерінің флуоросцентті анализаторы (Дания), ACCESS 2 (АҚШ) иммунохимиялық анализаторы, ағынды цитофлуориметр CyFlowSpace (Германия), АСТ Plus (АҚШ) қан ұюының автоматты таймері және тағы басқалар. Барлық қажетті кардиохирургиялық оталар мұнда жоғары деңгейде және жаңа технологиялардың көмегімен, білікті мамандардың қатысуымен жасалуда. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған мекемеде жүрек ауруларының диагностикасы, оның ішінде жүктілік кезеңінде нәрестенің ауруының даму сатысын анықтау, одан әрі емделудің жоспарын бақылау, хирургиялық ем жүргізу, коронарлы жүрек аурулары, кіші инвазивті араласулар, скринингтік тексерулер, соңғы модельдегі мультиспиральді компьютерлік томографпен науқастардың қан айналым ауруларын анықтау кезінде медициналық қызметтің барлық түрлері көрсетіледі.
Кеңес беру және емдік көмек алу үшін орталыққа еліміздің түрлі өңірлерінен Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Қарағанды облыстарынан, Өзбекстан мен Қырғызстан елдерінен келген науқастар жүгінеді. Республикалық бюджеттен тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде емдеуге жатқызу бюро-порталы арқылы науқастарға 95% тегін медициналық көмек көрсетіледі. 2015 жылдың облыс бойынша жүрек-қантамыр ауруларынан болатын өлім-жітім және сырқаттанушылықтың өсуін есепке ала отырып, профессор Сейтхан Жошыбаевтың бастамасымен 2016-2018 жылдарға арналған облыс әкімдігінің «Таза жүрек» бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаның мәні – облыс бойынша қан айналымы жүйесі аурулары мен жүрек-тамыр жүйесі ауруларына әкелетін қауіп-қатер факторларын анықтау. Осы бағдарламаның басты мақсаты жүрек ауруларын дер кезінде анықтау, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу және емдеу бойынша іс-шараларды тиімді орындау болып табылады. «Кез келген аурудың неғұрлым ертерек алдын алуға әрекет жасалса, жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім мен мүгедектік жағдайлары айтарлықтай төмендер еді. «Таза жүрек» бағдарламасы осындай адамдардың бойында салауатты өмір салтын қалыптастыруға және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, зиянды әдеттердің алдын алуға бағытталған», – дейді профессор С.Жошыбаев.
Бағдарламаны іске асыру аудандардың медициналық қызметкерлерін теориялық дайындықтан өткізуден басталды. Дертті ерте анықтау мақсатында орталық жетекшілік ететін аудандардың тұрғындарынан сауалнама әзірленді, ол электрондық пошта арқылы орталық аудандық ауруханалардың басшылығына жіберіліп, сауалнамаларды толтыру туралы учаскелік дәрігерлермен сабақтар өткізілді.
Ауданның әр дәрігерлік амбулаториясы бойынша осы санаттағы адамдардың тізімдері жасалып, олармен жүрек ауруларын анықтау үшін тереңдетілген тексеру жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі уақытта №1 «Zhanuya» қалалық емханасында және Жамбыл ауданында «Таза жүрек» бағдарламасының жұмысы қызу жүріп жатыр және ол 2019 жылы басқа аудандарда жалғасын табады деп жоспарлануда.
Толқын ӨМІРБАЕВА,
облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы баспасөз орталығының жетекшісі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді