«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ТАРИХТЫ ТАНУДЫҢ ДАРА ЖОЛЫ

ТАРИХТЫ ТАНУДЫҢ  ДАРА ЖОЛЫ
ашық дереккөз
ТАРИХТЫ ТАНУДЫҢ ДАРА ЖОЛЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы қазақ елінің тағылымы терең Ұлы Дала тарихының құндылығын тануға қосқан үлесін тереңдете түсті деп ойлаймын. Мемлекет басшысы тарих қойнауына терең үңіліп, көңілге түйген ой-толғамдарын мақаланың тарауларында нақты айтып, Ұлы Даланың өткенін түгел қамтып, қазақ халқының рухын көтеріп тастады.
Мақаланың маңызды мәселесі кеңістік пен уақыттан бастау алып отыр. Бұл – сан ғасырлық мұрасы бар халық тарихын терең танудың дара жолы. Кеңістік – қазақ елінің кіндік қаны тамған туған жері, атамекені, кең-байтақ даласы мен тау-тасы. Ал уақыт – алаш жұртының басынан өткерген тарихи оқиғалар мен мыңдаған жылдарды қамтитын адам өмірінің өлшемі болып табылмақ. Шын мәнінде ұлт тарихы уақыт пен кеңістік бар жерден бастау алары анық. Оны бәріміз жақсы білеміз. Шынтуайтына келгенде, жан жүрегімізбен сезінеміз.
Бұл – Елбасының қазақ халқының тамыры терең тарихына деген дұрыс ұстанымы. Ал осынау дүбірге толы дүниеде қазақ елін мойындатудың сенімді жолы – тағылымды тарихымыз, озық ғылымымыз, мәнді мәдениетіміз. Осынау мұралардың барлығы біздің ұлт ретіндегі төлқұжатымыз. Демек, біз тарихымыз арқылы түп тамырымызды анық тануға, халықтың шежіресін боямасыз, қоспасыз сол күйінде қабылдаймыз. Солай болғаны дұрыс деп есептеймін.
Елбасы өзінің мәні мен маңызы зор мақаласында қазақ халқының тағылымды тарихын тұтастай қалпында қабылдап, қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан таразылауға шақырады. Қазақ даласындағы мəдени-әдеби, тарихи жетістіктеріміздің бағзы заманнан бүгінге дейінгі шоғыры кең-байтақ өлкемізде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралғандығы жайында ой қозғайды. Мақалада кейінгі жылдары табылған тарихи жəдігерлеріміздің өз заманында ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтай отырып, Ұлы Даланың тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік беретіндігі айтылған. Бұл да бабалар аманатына деген адалдықтың бір көрінісі.
Осы ретте ерекше ескеретін жайт, Елбасы бұл мақаласында Ұлы Даланың тарихына құрметпен қарауға және қазақ даласын мекен еткен халықтардың қоғамы, дәуірі, тұрмысы туралы терең толғанып, ұлттық тарихымыз бен мәдени мұраларымыздың тым ертеден басталатындығын бар қырынан бағамдап, қазақ өркениетінің мәдени және тарихи мұрасын барынша терең зерттеп, зерделеуге үндейді. Сол арқылы бізге аса зор жауапкершіліктер жүктейді.
Қазақтың Ұлы Даласы – алуан металдардың бай өлкесі, металлургия пайда болған, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алынған ірі кен орындарының бірі. Ол баршамызға мәлім.
Қарт тарихқа жүгінсек, қазақтың мәдениеті сақ пен ғұн тайпаларының мәдениеті негізінде жалғасын тапты. Қазақтың қазақ болып қалыптасуы, тұтасып бірыңғай халық болып даралануы оның өзіне дейінгі әлеуметтік-тарихи тәжірибені санасына орнықтырып, тұрмыс-тіршілігінде «шикізатты – өнімге, өнімді – экономикаға, ал экономиканы – табысқа» айналдырып пайдалана білуі арқасында іске асты. Осыны қаперден шығармағанымыз абзал. Ал бұл тәжірибенің негізі болашақ қазақ қоғамының, оның материалдық және рухани мәдениетінің іргетасының тым ертерек қоғам болып қалыптасқан кездерінде қаланғандығын тарихтың өзі таразылап берді. Бұл да біздің санамызда берік орнығуы тиіс.
Қазақтың сахара даласы қола дәуірінде Еуразияның Ұлы Даласын мекендеген тегі мен тағдыры ортақ туыс тайпалардың мекені Ұлы Дала мәдениетін қалыптастырғандығы бағзы заман мен бүгінгі күннің дәстүр жалғастығымен және Елбасының идеялық ойларымен терең үндестік тапқан. Оған дәйекті дәлел: қазақтың қазақ болып қалыптасуы қола дәуіріндегі мәдени мұралардан бастау алып, «Андронов мәдениеті» деген атпен жұтқа белгілі болғандығы тарихтан таныс. Оны қазақтың арғы-бергі тарихын көкейіне түйіп жүрген жандар жақсы білсек керек-ті.
Елбасы салиқалы, салмақты «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласын тарихшыларға, мәдениет пен өнер қайраткерлеріне, филолог мамандарға, журналистерге арналған еңбек екенін кең тыныспен таныта алған. Онда артық ауыз сөз жоқ. Бәрі де өз орнымен айтылған. Мемлекет басшысы ұсынған Орталық Азия аумағынан бұрын-соңды қолға түскен жазу атаулының ішіндегі ең көнесі 1969 жылы Қазақстанның Есік қорғанынан табылған, өнертанушы ғалымдар арасында «Алтын адам» деген атқа ие болған мәдени мұрамыз – тарихымыздың түп-тамырына жаңаша көзқараспен қарауға жол ашып отыр. Демек, Ұлы Дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын əйгілейтін бай мұрамызды ұрпағымызға үлгі етіп, ата-бабаларымыздың көп ғасырлық құндылықтарын зерттеп, әлемге әйгілеу – қазақ ұлтының ұлы парызы. Ендеше, Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде халықаралық мазмұны бар әдеби-мәдени-рухани мұраларымызды терең зерттеп, тарихи санамызды жаңғыртудың барлық жобаларын іске асыруға белсене атсалысуымыз керек-ақ. Бұл жайында Елбасы Сыртқы істер министрлігі және Қазақстанның елшіліктері біздің зерттеушілердің аса ірі шетелдік архивтермен жұмыс істеуі кезінде қажетті деңгейде көмек көрсететіндігін мақаласында айқындап берді. Бұл – үлкен қамқорлық.
Елбасының еңбегіндегі аса зор ынтамен зер салатын тұсы – түркі әлемінің бесігі болып табылған қазақ елі мен Еуразияның көптеген халықтарының тарихында тағылымы терең Алтай өңірінің алар орны өзекті екенін ерекше атап өткен. Ұлы Дала тарихына шолу жасау ғана емес, ұлттық мұраларымызды әдеби-мәдени, тарихи тұрғысынан зерделеп, пайда болуы мен қалыптасып дамуын айғақты дәйектермен зерттеу бүгінгі уақыт талабынан туындаған маңызды мәселе екенін ой таразысына салу қажеттігін санамызға сіңіріп отыр.
ХХІ ғасырдағы қазақ тарихында ерекше орны бар тарихи деректермен негізделген ең көкейкесті мәселенің бірі – Түркі əлемінің алтын бесігі саналған Ұлы Дала төсінде түркі мемлекеттерінің тарихына зейін қойған. Шын мәнінде ұзақ уақыт бойы орта ғасырдағы Еуразияның кіндігі болып табылған Қазақстанның экономикалық, саяси жəне мəдени өмірінде өзінің өшпес ізін қалдырған қазақ жерін мекен еткен түркілер Ұлы Далада көшпелі жəне отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырды. Ұлы Дала тарихында өнер мен ғылымның жəне əлемдік сауданың орталығын орнатып, өркениетті қалалардың бой көтеруіне жол ашқандығы да айтылған. Осыған орай, ұлы ойшылымыз Əбу Насыр әл-Фарабиді өмірге әкелген Отырар қаласы өркениеттің ұлы мекен екені тарихтан мәлім.
Елбасы Түркістанды дамытуды басты назарға алып, киелі жердің әдеби-мәдени, рухани қасиетті мұрасын өте ыждаһаттылықпен қайта қарап, терең зерттеуді қажет ететіндігіне мән берген мақаласында көрегендік танытқан озық ойларымен халықтың санасын рухтандырады. Түркі әлемі үшін орны бөлек, қазақ елінің рухани астанасы Түркістан қаласының тарихына зер салсақ, рухани көшбасшымыз Қожа Ахмет Ясауидің осы қалада өмір сүріп, ілім таратқан ғұмыры дәуір шындығымен үндесіп жатқандығын көруге болады. Мемлекет басшысының мақаласы Ұлы Далада өмір сүрген бүгінгі халықтың адамзат өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан өр тұлғалардың ұрпағы екендігін айшықтаған.
Ұлы Дала тарихын жүйелі зерттеп, әлем кеңістігіне дəріптеуге тиіспіз және ұлағаты мол ұлы ата-бабаларымыздың жарқын бейнелерін есте сақтап, олар қалдырған асыл мұраларымызға зерттеу жүргізу – азаматтық парызымыз.
Қазақстан Президентінің ел назарына ұсынып отырған мазмұны терең, мәні зор «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бағытын кеңейткен және еліміздің халықаралық беделін нығайтуға, қазіргі заманның мәдениеттерімен өзара жақындастыруға, байытуға зор үлес қосатын аса үлкен еңбек деп есептеймін.
Бұл мақала қазақ елінің бай тарихын, озық ойлы халық болғанын, бабаларымыздың биік тұлғасын танытып отыр. Мақалада келтірілген деректер, жоғарыда айтқанымыздай, терең тарихымыздан сыр шертеді.

Жамбыл КҮЗЕМБАЕВ,
Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар