Облыс орталығында Алаш қайраткерлеріне арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Елбасының биылғы 21 қарашада жариялаған «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласына орай М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің М.Үркімбаев атындағы Жастар сарайында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Алаш ұстанымы – Ұлт мұраты» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Елімізге белгілі ғалымдар мен тарихшылар, қоғам қайраткерлері қатысқан жиынға облыс орталығындағы жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, белсенді жастар, үкіметтік емес ұйым жетекшілері, колледждердегі және орта мектептердегі тарих пәнінің мұғалімдері, БАҚ өкілдері шақырылды. Конференция жұмысын облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали сөз сөйлеп ашып, мемлекетіміздің бүгінгі жетістігін айтқанда оның тарихын ұмытпау керектігіне тоқталып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы мен таяуда жарияланған «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы еліміздің өткеніне құрметпен қарауды, мемлекетіміздің тарихын қастерлеп, құндылықтарымызды бағалауды есімізге салатынын айтып өтті.
Берік Уәлиұлы Елбасы мақаласының «Тарихи сананы жаңғырту» атты екінші бөліміне ерекше назар аударып, «Архив – 2025», «Ұлы Даланың ұлы есімдері», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» атты тарауларына кеңінен тоқталып, Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклын өндіріске енгізу жөніндегі тапсырмаларына көңіл аударып, бұл ретте белгілі тарихшылардың рөлі зор екенін айтты. Сондай-ақ ол «Алашорда» ұлттық үкіметі 1917 жылы құрылғанымен, алаш арыстарының ең маңызды саяси шешімдері 1918 жылы қабылданғанын, осы жылдың 11-12 маусымында әскери кеңес құру, жер пайдалану, облыстар мен уездерде Алашорда үкіметінің кеңестерін құру туралы қаулысы қабылданғанына тоқталды. Мұнан соң сөз сөйлеген Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымының докторы Мәмбет Қойгелді «Алаш қозғалысы: теория және практика» тақырыбында баяндама жасады. Ол «Алашорда» ұлттық үкіметінің 100 жылдығы былтыр аталып өткенін, 1918 жылы жалпы қазақ жастарының құрылтайы жүзеге асқанын әңгімеледі. – Бүгінгі қазақ қоғамы жалған, мифтік тұжырымнан арылуы керек. Мұндай тұжырым зиялы қауымда да ұшырасады. Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалалары осындай самарқау ойдан арылуға, жаңаша ойлауға, тарихымызға отаншылдық көзқараспен қарауға қызмет етеді. Қазіргі жастар кеңес дәуірін көрген жоқ. Орта буын бергі шетін ғана байқады, ал алдыңғы буын – біздер социалистік қоғамның гүлденген шағында өмір сүрдік. Сол кезде біздің мұғалімдер баламалы билік дегенді айтпайтын. Социалистік билік – баламасыз билік деп оқытатын. Мен кейінірек Ресейдің, Өзбекстан мен Қырғыз елінің архивтерінен деректер жинап, талай жыл жұмыс істедім. Сонда қазақ атамыз айтатын «Өткеннің іздегенін ізде, ізімен жүрме» деген нақылына тағы бір тәнті болдым. Мәселен, отандық тарихты басқаның көзімен қарау – қателік. Қазақ елінің тарихы ресейлік арнада қаралды. Сол жылдары Қазақ елін басқаруға Станислав Песковский дегенді жіберіп, Ахмет Байтұрсынов оның орынбасары болып сайланады. 1920 жылы А.Байтұрсынов В.И.Ленинге бірнеше рет хат жазды. Ол хатта: «Сіздің бізге басшылыққа жіберген өкіліңіз қазақ елін білмейді. Бізге басшы сайлау тұрғысынан сізге екі жол ұсынғым келеді. Біріншісі, бұрынғы патшалық жолмен басқарсын. Екінші жолы, қазақтың өз зиялылары бар. Билікті соларға беріңіз» дейді. Бірақ Мәскеу А.Байтұрсыновтың сөзіне құлақ асқан жоқ. Патшалық, отаршылдық жолмен басқаруын жалғастырды. Голощекин қырғыны естеріңізден кетпейді. Бұл қорлаудың соңы Колбинмен аяқталды. Михаил Горбачев Қазақстанға Колбинді жібергені қателік екенін түсінді, бірақ кеш түсінді. 1927-1930 жылдары еліміздің 44 зиялы азаматы, 1930-1932 жылдары 40 ардақты азаматы ұсталып, сотталған. Олардың ісі Қызылорда, Алматыда басталып, Мәскеуде аяқталып отырған. Қазақ азаматтары әр жылдары 372 көтеріліске шығып, намыстарын көрсетті. Осы көтерілістерге жалпы 80 мың адам қатысты. Көтерілістің ең ірісі – 25 мың адам қатысқан Созақ көтерілісі. Одан бөлек Ырғыз, Ақсу, Абралы, Адай, Қарақұм көтерілістері тарихта қалып қойды. Саяси-қуғын сүргін жылдары елімізден 105 мың адам жазаланып, 25 мың адам атылды. Бізді 70 жыл билеген кеңес өкіметі елімізді осындай қасіретте қалдырды. Мұндай қасіретке толы өткенімізді ұмытпай, ұлт дамуы жолында жандарын қиған алаш арыстарына қашанда тағзым жасауымыз қажет, – деді М.Қойгелді. Мұнан соң халықаралық «Қаһармандар» қоғамдық қорының төрағасы, заңгер Сабыр Қасымов «Қаһармандарымызды ақтап, ерлігін ұлықтау – біздің қасиетті міндетіміз» тақырыбында баяндама жасады. – Қазақ халқы үшін патшалық билік пен кеңестік биліктің айырмашылығы жоқ. Алаш арыстары халық мүддесі үшін өмірді қалай қию керек екенін көрсетіп кетті. Алайда сол қасіретті жылдардағы азаматтардың ерлігі, қайраткерлігі тиісті жерлерде толық қамтылмай қалды. Тіпті кейбір көтерілістерге қатысқан батырларды анықтау бүгінгі зерттеушілердің міндеті болып отыр. Саяси-қуғын сүргін құрбандары лайықты бағасын алған жоқ. Сондықтан отандық заңгерлер мен тарихшыларды, ұлт жанашырларын, қоғам қайраткерлерін қатыстыра отырып, саяси қуғын-сүргін құрбандарының санатын толық ақтау жөнінде заң қабылдауымыз керек, – деді Сабыр Ахметжанұлы. Келесі сәтте М.Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры Сұлтанхан Жүсіп «Алаш автономиясының заңдылығы», Астанадағы Ұлттық музей жанындағы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу институтының директоры Берік Әбдіғалиұлы «Айбынды Алаш әскері» тақырыбында жан-жақты баяндама жасады. Бұл орайда Әлихан Бөкейхановтың бастамасымен болашақ түркі мұсылман елдерінің картасы жасалғаны, «Алашорда» қозғалысының Әулиеата аймағына қатысты жерлері әлі толық зерттелмегені, Елбасының жақында жарық көрген мақаласы осындай тұрғыда терең зерттеулер жүргізуге жол ашатыны туралы айтылды. Мұнан соң Қазақ инновациялық гуманитарлық университеті «Алаштану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Тұрдықұл Шаңбай, М.Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Ерлан Сайлаубай сөз сөйледі. Олар алаш философиясының үш анығы туралы, «Алашорда» үкіметінің кеңселік құжаттарындағы тарихи дәйектер жөнінде ой сабақтады. Жиын барысында «Асу» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мосқау Ноқрабеков «Алашорда» үкіметінің Әулиеата уездік комитетіндегі қызметіне, Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті жанындағы «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Әлімбай Найзабаев «Алашорда» қозғалысының 100 жылдығына қатысты Жамбыл жерінде өткізілген іс-шараларға тоқталды. Конференция соңында «Алашорда» ұлттық үкіметінің 100 жылдық мерейтойы құрметіне арналған мерекелік медальмен ардагер-журналист Мосқау Ноқрабеков, Тараз қаласындағы Ә.Бөкейханов атындағы №1 мектеп-гимназия директоры Ләззат Қызылқұлова марапатталды. Осы мерекелік медальмен облыс әкімі Асқар Мырзахметов те марапатталатыны айтылып, оны тапсыру Берік Уәлиұлына жүктелді. Жиында халықаралық «Қаһармандар» қоғамдық қоры облыстық филиалының төрағасы болып тарихшы, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ профессоры Сейдахан Бақторазов сайланды. Конференция соңында арнайы қарар қабылданды.
Есет Досалы
Суреттерді түсірген Алтынбек Қартабай.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді