Ел-жұртқа ерекше рух берген құжат болды

Ел-жұртқа ерекше рух берген құжат болды
ашық дереккөз
Ел-жұртқа ерекше рух берген құжат болды

Мемлекет басшысының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында көрініс тапқан тапсырмаларды жүзеге асыру – елдік іс. Сондықтан тарихымыз бен мәдениетімізді кеңінен насихаттауға арналған іс-шаралар Сарысу ауданында кең көлемді қамтуда. Соның бірі – аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен алқалы жиын. Онда мемлекеттік қызметкерлер өз ойларын ортаға салды. «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы екі бөлімнен тұрса, оның алғашқысы «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» деп аталады. Онда Елбасы қазақта киелі саналатын жеті қазынаның жеті қырын ашып айтып, мән-мағынасын кеңінен түсіндіреді. Әсіресе текті жануар жылқыға кеңірек тоқталыпты. Сондай-ақ қазақтың тылсым табиғатын назардан тыс қалдырмаған. Осылайша жаһандық тарихтағы өз рөлімізді дұрыс пайымдауға шақырады. Мақалада айтылған маңызды міндеттерге тоқталған аудан әкімі Балабек Нарбаев: – Бір жарым жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жариялаған болатын. Соның аясында көптеген жақсы іс-шаралар өтіп, нәтижелі жұмыстар атқарылды. Күні кеше ғана жарық көрген Президентіміздің «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы – осы бағдарламаның жалғасы. Мақала көңілге қонымды. Өзіңнің тарихыңмен мақтанып қана қоймай, оның қыр-сырын сараптап, ғылыми негізде болашаққа бағдар жасайтын маңызды құжат болып отыр. Еліміздің тарих қойнауына кеткен әрбір жылында қол жеткізген табыстары мен жетістіктері мемлекетіміздің тікелей қарқынды дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғаны белгілі. Мемлекет басшысы осы жарияланым арқылы бүкіл әлемге Қазақстанның қандай екенін көрсетіп отыр. Оқыған адамның санасына патриоттық рух береді. Мақаланың «Атқа міну мәдениетінен» басталғаны тегін емес. Себебі біз атқа мінсек арқаланып кететін, дүбір естісек білек түретін ұлттың баласымыз. Тұлпар мініп, ту тіккен елдің ұрпағы үшін түп-тамырын тану – өте маңызды іс. Жалпы мақалаға көз жүгіртсек, онда өткен тарихымызды зерделей келіп, ұлы даланың жеті қырын атап көрсетіп, оны қайта жаңғырту жолындағы жаңа әрі ірі жобаларды қолға алу ұсынылып отыр. Атап айтқанда, «Архив – 2025», «Ұлы Даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы Даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» деп аталған маңызды жобалар ата-бабамыздың көп ғасырлық мұрасын бүгінгі тарих сахнасына көтеруге кепіл болатынын мәлімдеді. Осы жобалардың ішінде жеті жылдық мерзімге белгіленген «Архив – 2025» жобасын ерекше атап өтуге болады. Елбасы өзінің сөзінде «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы ата-бабамыздың өркениеті жөніндегі көптеген құжаттардың әлі де бітпегенін, елеулі іргелі зерттеулер жүргізу қажеттігін алға тартты. Ал мәліметтердің көпшілікке қолжетімді болуы үшін цифрлық форматқа көшіру міндетін қоюы – Елбасының көрегенділігін көрсетеді. Өйткені бұл бүгінгі ғылым мен техника, технология дамыған заманда Қазақстанның әр тұрғынына ұлт тарихын санаға сіңіруге зор мүмкіндік береді. Мұның, әсіресе өскелең ұрпақ өкілдері үшін мәні мен маңызы ерекше. Бізге нағыз қажетті дүниелер «Рухани жаңғыру» мен «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалаларында кеңінен айтылды. Рухани жаңғыру бағытында аудан көлемінде жасампаз жобалар атқарылды. Енді Елбасы мақаласындағы игі бастамаларды «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жалғасы деп қабылдап, оның жемісті жүзеге асуына ықпал етуіміз керек, – деп, «Ұлы Даланың жеті қырына» қатысты ой-пікір білдіремін деушілерге сөз берді. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің үздігі, филология ғылымдарының кандидаты Құдайберген Мәмбетов: – Біріншіден, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа мақаласы «Ұлы Даланың жеті қыры» – ұзақ жылдарғы тереңнен қозғалған ой толғанысының, толассыз ізденістің, қажырлы қайраткерлік еңбектің, көшбасшылық қасиеттің, қиян асуда қия баспай өркениеттің өскелең жолын таба білерлік даналықтың нәтижесі. Аталған еңбекте жүйеленген тақырыптар мен тарихи деректердің, құбылыстардың көріністерін Президенттің біздің жаңа дәуіріміздегі ресми баяндамаларымен қатар, оқушысымен ой қорытып, пікір алысу мақсатында жариялаған талай еңбектерінен байқауға болады. Тіпті Елбасының бастамашылдығымен бірнеше жыл жемісті жүргізілген «Мәдени мұра» бағдарламасынан тыс бір жылымыз «Тарих жылы» деп аталғаны да ел есінде. Сол сияқты көп жұмыстардың ұзақ жылдар бойына жүргізіліп келе жатқанын айтсақ та жеткілікті. Тәуелсіздігімізді жариялап, дүниежүзілік қоғамдастыққа мүше болған алғашқы күндерден бастап Ұлт Көшбасшысы біздің бүгінгі мемлекеттігіміздің тамыры тереңде жатқандығын, тарих толқынында талай-талай сындарлы кезеңдерді бастан өткізіп, ұлттың ұлт болып сақталып қана қоймай, әлемдік өркениет дамуына өз үлесін қосатын мүмкіндігінің мол екендігін айтып келеді. Біздің ұлтымыздың тәуелсіздік тұсындағы өсуі, өркендеуі, жетістіктері – оған айқын куә әрі дәлел, – деді. Содан соң ауданның бас имамы Ғалымжан Қонақбаев тәрбие, білім және қазақи мәдениет турасында өзінің ойын білдірді. Жалпы, ортақ пікірлерімен бөліскен зиялы қауым өкілдері мақаланың мәнін ашып, дүйім жұртқа жан-жақты етіп түсіндіруге басымдық бермек. Ұлттық құндылық пен тамыры тереңде жатқан тарихымызға қатысты міндеттерді билікпен бірге орындауға да ниетті екендерін айтты. Жиынды қорытындылаған аудан басшысы Балабек Нарбаев: – Бұл туынды арқылы төл тарихын жетік білетін, бағалайтын және ұлттық рухты ұрпақ өсуі мүмкін. Ол үшін біз Президент айтқан басымдықтарды іске асыруға, жастарға тәлім-тәрбие беруге белсене атсалысуға міндеттіміз. Сондықтан баршаңызды Елбасымыздың мақаласын тұрғындар арасында түсіндіріп, насихаттауға және оның орындалуына атсалысуға шақырамын, – деді.

Дариха ҮМБЕТИЯРОВА, аудан әкімінің баспасөз хатшысы.

Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар