Бірлік берекеге, береке мерекеге жеткізеді

Бірлік  берекеге, береке  мерекеге жеткізеді
ашық дереккөз
Бірлік берекеге, береке мерекеге жеткізеді

Еліміз бойынша өзбек өкілдерінің саны 3 пайыз болса, облыс көлеміндегі көрсеткіші 2,5 пайызға жуық. Әулиеата жерінде біздің мәдени орталығымызды құру жөніндегі шешім алғаш рет 1998 жылдың қазан айында қабылданған болатын. Қазір осы өзбек этномәдени бірлестігі аймақтағы барлық мәдени-көпшілік һәм мерекелік шараларға белсене қатысады және қоғамдағы аса маңызды мәселелерге дер кезінде үн қатып отырады. Бұл тұрғыда, әрине, Қазақстан халқы Ассамблеясы жайлы айтпай кету мүмкін емес. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келген бұл консультативті-кеңесші орган құрылғаннан бері ықпалды құрылымға айналғанын айрықша атап өту ләзім. Бұл, сөз жоқ, Елбасымыздың көрегендігі мен кемеңгерлігінің арқасында мүмкін болды. Мұның бәрі, әрине, ынтымақ-бірлігіміздің іргесін нығайтудағы игі қадамдар. Бірлігі бекем елдің алмайтын қамалы, бағындырмайтын биігі болмайды. Жас мемлекетіміздің алар асулары әлі алда. Оған бәріміз де лайықты үлесімізді қоса береміз. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» демекші, ауызбіршілігіміз бен ынтымағымыз жарасса, біздің тұтастығымыз Елбасы айтқан елдікте! Сондықтан қандай шара өткізсек те, ол ең бастысы ел бірлігіне, Отанды сүюге, патриоттық рухты көтеруге, қазақ халқымен арадағы мызғымас достықты дәріптеуге арналады. Ұлтаралық бірлік, бұл – бәріміздің таңдауымыз. Елімізде қалыптасқан татулық пен тыныштық тікелей Елбасы саясатының жемісі. Бүгінде бірлігі мен тірлігі жарасқан Мәңгілік Елге қызыға қарайтындардың қатары көп. Демек, Ассамблея шын мәнінде бейбітшілік пен рухани келісімнің ордасы бола білді десек, артық айтпаймыз. Мұнда республикадағы барлық ұлттардың құқы сақталған. Қазір елімізде өзбек мектептері, балабақша, өзбек ұлттық театрлары бар. Ежелден келе жатқан бауырлас екі елдің осындай достығы қашанда өзгелерге үлгі. Бұған 2018 жылдың Қазақстандағы Өзбекстан жылы болып аталуының өзін мысалға келтірсек те жеткілікті. Бұл – бауырлас халықтарды одан әрі жақындата түсу мақсатында жасалған қадам. Сәйкесінше биыл Ташкентте қазақтың ұлы данагөй абызы Төле бидің 355 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Салтанатты шараға қос елдің зиялы қауым өкілдері қатысты. Түркістан облысынан арнайы барған делегаттар мен диаспора өкілдері «Төле би – Шайхантахур» кешеніндегі бабаның рухына тағзым етіп, құран бағыштады. Қазақстандағы Өзбекстан жылына орай ұйымдастырылған кеш аясында «Төле биге тағзым» атты ғылыми конференция да өтті. Онда бауырлас елдердің ғалымдары мен жазушылары екі елге ортақ Төле би жайлы тың деректерімен бөлісті. Делегацияны бастап барған Төле би ауданының әкімі Бауыржан Омарбеков Өзбекстан Жазушылар одағына би жайлы жазылған 7 томдық кітапты сыйға тартты. Жалпы, тарихи деректерге жүгінсек, Төле би өз заманында қазақ пен өзбектің бірлігін бекем ұстап, екі елдің татулығын ту еткен. Әрдайым әділдігімен ерекшеленген биді өзбекстандықтар «Қарлығаш әулие» деп таниды. Өйткені еліне жау шауып жатса да, Төле би қарлығаш ұя салған шаңырағын жықпаған. Осылайша ол кісінің есімі Шығыс жұртына батылдығымен тарап кеткен. Жалпы қазақтан шыққан үш бидің екеуінің сүйегі Өзбекстанда жатыр. Төле би зираты Ташкентте болса, Әйтеке би кесенесі Науаиде тұр. Жалпы, осы тұрғыдағы мәселелер қаузалған Президенттің «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласының «Ұлы Даланың ұлы есімдері» атты бөлімінде көрсетілгендей, «көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады. Мысалы, өткен дәуірлердегі Тутан хамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүниежүзіне белгілі тұлғалар бүгінде өз мемлекеттерінің баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр. Ұлы Дала әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Сондықтан біз, біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы Даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек. Екіншіден, мақсатты мемлекеттік тапсырыс ұйымдастыру арқылы қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет. Сондай-ақ бұл жерде классикалық қалыптан тыс, балама жастар өнерінің креативті әлеуетін де пайдаланудың мәні зор. Осыған орай, бұл іске тек отандық қана емес, сонымен бірге шетелдік шеберлер мен шығармашылық ұжымдарды да тартқан жөн. Үшіншіден, еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамти отырып, «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет. Бұл бағытта қазақстандық ғалымдармен қатар шетелдік мамандар да тартылатын халықаралық көпбейінді ұжым құруға болады. Нәтижесінде біздің қаһармандарымыздың өмірі мен қызметі жөнінде тек еліміздегілер ғана емес, сондай-ақ шет елдегілер де білетін болады» деген межелі міндеті осы іс-шарадан-ақ бастау алған тәрізді. «Бірлік берекеге, береке мерекеге жеткізеді» деп дана халқымыз айтқандай, «Көп ұлтты болуымыз – біздің байлығымыз, мақтанышымыз... Тату елге тыныштық орнайды, бейбiт елде ғана береке болады...» дейтін Президентіміз тіпті Жолдауларында да ұлт өкілдеріне аса мән беріп, «Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көп ұлтты және көп конфессиялы қоғамымыз табысының негізі» дегенді баса айтқан болатын. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. 1 желтоқсан – әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің мерекесі десек, қателеспейміз. Өйткені тілі басқа, тілегі бір қазақ халқының ұлылығына, кең пейілділігіне қарай Жаратқан Ием де түркі әлемінің қара шаңырағы – Ұлы Далаға тыныштығын сыйлап, шапағатына бөлеуде. Осындай береке мен бірлікке бастап отырған Елбасымыз біреу ғана, демек, біз оған тіреу бола білейік, ағайын! Бахром МУМИНОВ, облыс бойынша «Өзбек» этномәдени орталығының президенті.

Ұқсас жаңалықтар