Бұрын қазақстандық командалар еуропалық додаларда сынға түскенде «ірі есеппен жеңіліп қалмаса екен» деп тілеп отыратынбыз. Соңғы жылдары «Астана» футбол клубы сол ойымызды күрт өзгертті. Еуропа төрінде атой салып жүрген Қазақстан чемпиондары туралы енді «жеңер ме екен, тең тарқаса ма?» деп жорамал жасайтын болдық. Еуропа лигасында Қазақстан намысын абыроймен қорғап келе жатқан «Астана» футбол клубы төртінші тур аясында Чехияның «Яблонец» командасын қабылдады. Бұған дейінгі үш ойында жеңілістің ащы дәмін татпаған ел чемпиондары осы жолы жеңсе топтық кезеңнен іркілмей өту мүмкіндігі арта түсетін. Мұны футболшылардың жақсы түсінгені анық. Төреші ысқырығы естілген соң екі команданың сайыпқырандары ұзақ аңдысып жатқан жоқ. Сәтін тауып, өткір шабуылдар ұйымдастыруға тырысты. Әсіресе топта соңғы орында келе жатқан чехиялық команда қалайда жеңіске жетуге талпынды. Алайда бірінші болып «Астана» футболшылары есеп ашты. Ойынның 18-минутында бұрыштамадан көтерілген допқа бірінші болып жеткен Бахтиер Зайнутдинов допты бразилиялық легионер Педро Энрикеге ысыра салды. Тамаша мүмкіндікті ұтымды пайдаланған Педро есеп ашып, қазақстандық команданы жеңіске жетеледі. Бұдан кейін қонақтар жиі-жиі шабуылдар ұйымдастыра бастады. Таразы басын теңестіріп қана қоймай, екінші голды соғатын мүмкіндіктері де болды. Алайда олардың шамасы бірінші кезеңде есепті теңестіруге ғана жетті. Ойынның алғашқы бөлігі аяқталар тұста «Яблонец» футболшылары бұрыштама добын көтерді. Қарсылас команданың ойыншыларының бірі жұмсаған соққы Бахтиер Зайнутдиновтың басына тиіп, торда бүлк ете қалды. Осылайша қос команда ойыншылары үзіліске 1:1 есебімен тарқасты. Екінші кезеңде қос команда футболшылары алма-кезек шабуылдарға иек артумен болды. «Яблонец» футболшылары бірнеше тамаша мүмкіндікті мүлт жіберіп жатты. «Астананың» саңлақтары да қарап қалған жоқ. Қалайда маңызды ойында үш ұпай иеленуге күш салды. Нәтижесінде Қазақстан чемпиондары ойынның 88-минутында жеңіс голын соқты. Марин Томасов асырған пасты Евгений Постников голға айналдырды. Есеп 2:1. Бұл жеңіс қазақстандық команданың «К» тобынан шығу мүмкіндігін арттыра түсті. – Ойынды ойдағыдай бастадық. Алғашқы жиырма минутта бәрі жақсы болды. Бірінші болып есеп те аштық. Алайда «Яблонец» футболшылары өз ойынын тапты. Таразы басын теңестірді. Екінші кезеңде бар күшімізді сарқа жұмсадық. Біздің де, олардың да есепте алға шығатын мүмкіндіктері болды. Менің командам соңғы минуттарда мінез көрсетті. Соңғы он минутта қысымды арттырды. Сондықтан бұл жеңіс – біз үшін тәтті жеңіс. Командаға қолдау білдірген барша жанкүйерлерге шын жүрегіммен алғыс айтамын, – деді «Астана» футбол клубы бас бапкерінің уақытша міндетін атқарушы Григорий Бабаян ойын аяқталғаннан кейінгі баспасөз мәслихатында. Төрт турдан кейін «Астана» футбол клубы «К» тобында екінші орында келеді. Қазақстан чемпиондарының Украинаның «Динамосымен» ұпайы тең. Доп айырмасы да бірдей. Тек украиналықтар голды көбірек соққандықтан көш бастап тұр. Олар қатар өткен кездесуде Францияның «Ренн» командасын 3:1 есебімен жеңген еді. Еуропа лигасының бесінші турға жоспарланған ойындары 29 қараша күні өтеді. Бұл күні «Астана» өз алаңында Украинаның «Динамосын» қабылдаса, Чехияның «Яблонец» командасы франциялық «Ренн» футбол клубына қарсы жасыл алаңға шығады.
Табиғат АБАИЛДАЕВ.
Ұқсас жаңалықтар
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ауыл спортын дамытуға арналған дода
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді