Бірақ, тексерулер барысында 319 заң бұзушылық анықталды
Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгi Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн, мемлекеттiк қызмет саласында басшылықты, мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган болып табылады. Агенттіктің аумақтық бөлiмшелері өз қызметiн уәкiлеттi орган белгiлеген құзырет шегiнде жүзеге асырады. Агенттіктің облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, Астанада тәртiптiк кеңестерi болатындығы Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 5-бабында айқындалған.
Тәртіптік кеңес хатшылығының негізгі функцияларының бірі – Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасы мен мемлекеттiк қызметшілердiң Ар-намыс кодексiн сақтау мәселелерi жөнiнде тексерулер немесе қызметтік тексерулер жүргізу болып табылады. Осы мақсатта бекітілген жоспарға сәйкес жоспарлы тексерулер, сондай-ақ, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі. Атап айтқанда, 2014 жылдың алты айында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстағы Тәртіптік кеңес хатшылығы аумақтағы мемлекеттік органдарда барлығы – 49, оның ішінде 21 жоспарлы тексеру, жоспардан тыс жеке тұлғалардың өтініштері бойынша 9 тексеру жүргізді. Олардан өзге, агенттіктің тапсырмасы бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы заңнаманы сақтау мәселесіне қатысты жоспардан тыс 19 тексеру жүргізілді. Мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың және Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс кодексі талаптарын сақтау мәселелері бойынша жүргізілген тексерулер барысында барлығы 319 заң бұзушылық анықталды. Оның ішінде тәртіптік жаза қолдану қағидасын конкурс жүргізу, ант қабылдау тәртібі, қызмет этикасы ережесін бұзу фактілері көп кездескен. Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттігінің облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы тәртіптік кеңестері туралы Ережесінің 1-тармағында Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгiнiң Астана және Алматы қалаларындағы, облыстардағы тәртiптiк кеңестерi мемлекеттiк тәртiпті нығайту, мемлекеттiк қызметшілердің Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасын және Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшiлерiнiң ар-намыс кодексiн сақтауы мәселелерiн қарайтын, сондай-ақ өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының жұмысын үйлестiретін алқалы орган болып табылатыны белгіленген. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 31 желтоқсандағы №321 Жарлығымен «Қазақстан Республикасы мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне тәртіптік жаза қолдану» Қағидасы бекітілген. Бірақ тексерулер қорытындыларына сүйенсек, кейбір басшылар мен кадрлық қызметтердің Қағида талаптарын сақтамауы жиі кездеседі. Осы уақыт аралығында Тәртіптік кеңес хатшылығының мемлекеттік органдарда жүргізген тексерулерінің барысы анықтағандай, қағиданың 28-ші тармағының талабын бұзу фактілері жиі кездескен. Ал, қағиданың аталған тармағында қызметтiк тексерудің мемлекеттік орган басшысының бұйрығымен тағайындалатындығы және персоналды басқару қызметi (кадр қызметі) қызметтік тексеруді жүргізу туралы актіні шығарған күннен бастап күнтiзбелiк он бес күннен аспайтын мерзiмде қызметтік тексерудің жүргiзілетіндігі, қажет жағдайда қызметтік тексеруге өзге қызметшілердің де тартылуға тиістігі атап көрсетілген. Бірақ, өкінішке қарай мемлекеттік органдарда қызметтік тексеруге мекемедегі персоналды басқару қызметiнің қызметкерлерін қатыстырмай, заң талаптарын бұрмалау фактілері орын алуда. Сонымен қатар, мекемелерде қызметкерден түсініктеме алмай, қызметтік тексеру жүргізбей, мәселесін тәртіптік комиссиясының отырысында қарамай, оған атқаратын қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданып, қағиданың 18-19-шы тармақтарының талаптары бұзылғандығы туралы да фактілер орын алған. Мысалы, облыс бойынша кедендік бақылау департаментін тексеру кезінде заң талаптарын бұрмалаған 68 факті анықталды. Оның ішінде жазбаша ескерту қарастырылмағандығына қарамастан жазбаша ескерту жарияланғандығы, ескерту түріндегі алынбаған тәртіптік жазасы бола тұрып, қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза берілгендігі, бірқатар тәртіптік жазаға тартылғандардың тәртіптік жаза берілгендігі туралы бұйрықтармен таныстырылмағандығы туралы деректер де кездесуде. Қазақстан Республикасы Конституция-сының 33-бабы 4-тармағында, «Республика азаматтарының мемлекеттiк қызметке кiруге тең құқығы бар» деп көрсетілген. Мемлекеттiк қызметшi лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар лауазымдық мiндеттердiң сипатына ғана байланысты болады және заңмен белгiленедi. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 3-бабы 5-ші және 6-шы тармақтарында жалпы қолжетiмдiлiк, яғни республика азаматтарының мемлекеттiк қызметке қол жеткiзуге және өз қабiлеттерi мен кәсiби даярлығына сәйкес мемлекеттiк қызмет бойынша жоғарылатылуға тең құқығы, азаматтардың мемлекеттiк қызметке кiруiнiң ерiктiлiгi көрсетілген. Осыған қарамастан бүгінгі таңда конкурстық комиссиялардың жұмыстарында кейбір олқылықтар кездеседі. Сондай-ақ, мемлекеттік органдарда Тәртіптік кеңес хатшылығы жүргізген тексерулердің нәтижесінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының 2013 жылғы 19 наурыздағы №06-7/32 бұйрығымен бекітілген «Бос әкімшілік мемлекеттік лауазымға орналасуға конкурс өткізу және конкурс комиссиясын қалыптастыру» қағидасының (әрі қарай-Қағида) талаптары сақталмаған заң бұзушылықтың орын алғандығы анықталып отыр. Қағиданың 18-тармағының талабына сай, конкурс комиссиясы әр жарияланған бос лауазым үшін сол лауазымға үміткер кандидаттарға міндетті тәртіпте және бірдей көлемде қойылатын сұрақтардың тізбесін бекітуге тиіс. Ал, іс жүзінде осы талаптарды бұза отырып өткізілген конкурстарда лауазымға үміткер кандидаттарға қойылатын сұрақтардың тізбесін конкурстық комиссия төрағасының жеке өзінің бекіте салуы жиі кездеседі. Сондай-ақ, қағиданың 38-тармағының талабына сәйкес, әрбiр кандидатпен әңгімелесу барысы жеке түрдегі хаттамамен ресiмделедi немесе техникалық жазба құралдары көмегімен белгіленеді. Алайда, конкурстық комиссиялардың аталған талаптарды бұза отырып, бір ғана әңгімелесу хаттамасын толтырған сәттері де аз емес. Мемлекеттік қызметке орналасудағы ең маңызды шектеулердің бірі – мүлікті сенімді басқаруға беру болып табылады. Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 10-бабының 2-тармағы негізінде, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 20 қаңтардағы №99 қаулысымен бекітілген «Мемлекеттік қызметшілердің мүлкін сенімгерлік басқаруға беру» қағидасының 5, 6-тармақтарына сәйкес, мемлекеттiк қызметшi қызметке кiрiскеннен кейiн бiр айдың iшiнде мемлекеттік қызметтi атқару уақытына осы қағиданың 1-тармағының 2-тармақшасында көрсетiлген мүлiктi сенiмдi басқаруға беруге мiндеттi. Әрі мемлекеттiк қызметшi мүлiктi сенiмгерлiк басқаруға арналған шарттың нотариат куәландырған көшiрмесiн нотариат куәландырған күннен бастап он күн мерзiмде жұмыс орны бойынша персоналды басқару қызметіне (кадр қызметiне) ұсынуға тиіс. Соған қарамастан бұл ретте де заң бұзушылық орын алуда. Соның бір нақтылы дәлелі ретінде ағымдағы жылдың бес айындағы тексерулер кезінде мемлекеттік қызметкерлердің өз үлесін сенімді басқаруға бермеген немесе бергені туралы шарттың нотариат куәландырған көшiрмесiн нотариат куәландырған күннен бастап он күн мерзiмде жұмыс орны бойынша персоналды басқару қызметіне (кадр қызметiне) тапсырмаған 4 фактінің анықталғандығын айтсақ та жеткілікті. Міне, осындай орын алып отырған кемшіліктерге алдағы уақытта жол бермеу үшін барлық мемлекеттiк қызметшiлер ұдайы заңнама талаптарын қатаң басшылыққа алуы қажет.
Ермек Тұмабеков, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша инспекция және бақылау бөлімінің басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді