«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Дамудың сыры – бірлікте, табыстың сыры – тірлікте

Дамудың сыры – бірлікте, табыстың сыры – тірлікте
ашық дереккөз
Дамудың сыры – бірлікте, табыстың сыры – тірлікте

Жаңадан ашылған «Достық үйі» мекемесінде 39 қызметкер қызмет істейді

Облыс әкімдігінің қаулысымен Тараз қаласында «Достық үйі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің құрылуы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойына тамаша тарту болды. Жаңа құрылымның ұстанған бағыты мен алдағы мақсаты қандай? Біз осы сұрақтар төңірегінде мекеме директоры Рано УБАЙДУЛЛАЕВАМЕН сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– Рано Мақсұтқызы, сіз басқарып отырған мекеме толық қалай аталады? Қай кезден бастап іске кірістіңіздер? – «Жамбыл облысы әкімі аппараты Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі облыс әкімдігінің 2013 жылғы 26 желтоқсандағы №404 қаулысы негізінде құрылған. Жаңа мекеме болғандықтан құжат рәсімдеу және ұйымдастыру шараларының өзіне біршама уақыттың кететіні белгілі. Қазіргі таңда штаттық құрылымымыз 39 бірліктен тұрады. Айту керек, қызметкерлердің өзі де қазақ, орыс, өзбек, қырғыз, поляк, украин, түрік, ұйғыр, тәжік сынды әртүрлі ұлттың өкілдері. Бәріміз бір үйдің баласындай болып жұмысты бастап кеттік. Мекемеміздің атауын қысқартып «Достық үйі» деп айтуға әбден болады. Жалпы, елімізде 10 «Достық үйі» жұмыс істейді. Олардың біреуі республикалық деңгейде болса, қалғаны өңірлерде орналасқан. Алғашқылардың қатарында облысымызда да осындай орталықтың ашылып отырғаны қуантарлық оқиға. – Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып жатқан қызметінен хабардармыз. Сіздердің бағыттарыңыз қандай? Нақты нендей жұмыстармен айналысасыздар? – «Достық үйі» этномәдени бірлестіктер үшін ресурстық, мәдени және әдістемелік құрылым, бірлік идеяларын қалыптастыру және тарату, этносаралық келісім, қазақстандық патриотизмді насихаттау орталығы болып табылады. Қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға, мәдени- көпшілік шараларды өткізуге бағытталған басым жобаларды қолдау мақсатында қаржылай-әдістемелік көмек те көрсетеді. Сонымен қатар «Достық үйі» этносаралық қатынастар саласындағы азаматтық қоғамды ұйыстырушы функциясын атқаратын бірден- бір мекеме болмақ. Бүгінде мекемеде алты бөлім жұмыс істеуде. Олардың қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-зерттеу тобы мүшелерінің талдау-әдістемелік бөлімі құрылған. Топ мүшелері міндетті түрде ғылыми дәрежесі бар жоғары оқу орындарының мамандары болуы тиіс. Олар әдістемелік бөлімге қолдау көрсетіп отырады. Ал, көпшілік іс-шаралар, тілдерді дамыту және этностар мәдениеті бөлімі облыстағы этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен және басқа да қоғамдық ұйымдармен бірлесе еңбек етеді. «Достық үйінің» жұмысында әдістемелік бөлім басты звено болып табылады. Бөлім этносаралық қатынастар мен қоғамдық келісім саласында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясымен, мемлекеттік органдармен, азаматтық қоғам институттарымен және бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. – Бүгінге дейін өз бастамаларыңыз бойынша қандай іс- шаралар өткіздіңіздер? – Ағымдағы жылдың 9 шілдесінде Ақтөбе, Талдықорған қалаларындағы Назарбаев зияткерлік мектептері оқушылары мен мұғалімдерінен құралған «Туған жерге тағзым» атты ғылыми экспедициясы қатысушыларын қарсы алып, іс-шара ұйымдастырдық. Қазіргі таңда «Қазақстан-2050» Стратегиясында Елбасы айқындап берген салауатты қоғам қалыптастыру, мемлекеттік жастар саясатының басымдықтарын жете түсіндіру, жастарымызды қазақстандық патриотизм рухымен тәрбиелеу мақсатында Қырғыз Республикасының «Ыстықкөл» демалыс аймағында облыстық этномәдени орталықтары жастары көшбасшыларының форумы өткізілуде. Оған елу адамның қатысуын қамтамасыз еттік. – Алдағы жоспарлар туралы да айтып берсеңіз. – Иә, нақты жоспарсыз нәтижелі жұмыс болмайды. Әр айға іс-шаралар бекітілген. Алдағы тамыз айында Қазақстан халқының ойындары облыстық спартакиадасын «Тараз- Арена» спорт сарайында кең көлемде өткізуді жоспарлап отырмыз. Этномәдени бірлестіктер арасындағы мұндай сайыстар бұған дейін кішігірім ауқымда аймақтарда өткізіліп келген болатын. Облыстық спартакиаданың мақсаты – Елбасының жыл сайынғы Жолдауын жүзеге асыра отырып, этномәдени бірлестіктер арасында бұқаралық спортты дамыту, достық байланысты нығайту. Мұндай шараларды көптеп өткізетін боламыз. Былтыр «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега-жобасы облыс орталықтарында ұйымдастырылған болса, биыл біз бұл ауқымды шараны аудандар көлемінде жалғастырудамыз. Тамыз айында достық эстафетасын Сарысу ауданы қабылдайтын болады. «Жастар терроризмге қарсы» акциясы, «Ата заң- айбыным» атты дөңгелек үстел отырысы сияқты шаралар да тамыз айына жоспарлануда. Сонымен қатар айдың алғашқы онкүндігінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы және этномәдени орталықтар өкілдерімен бірлесіп, отбасылық тәрбие және этносаралық қатынастар мәселелері бойынша республикалық семинар өткізбекпіз. Келешекте әдістемелік бөлім базасында «Медиаторлар клубы», «Тілшілер клубы», этносаралық қатынастар мен қоғамдық келісім саласындағы мәселелер бойынша мемлекеттік мекемелер қызметкерлерін, этномәдени орталықтар, азаматтық қоғам институттары өкілдерін оқытып үйрететін «Әдістемелік мектеп» құрылады. – Биылғы сәуір айында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңесінде облыс басшысы қала әкімі Нұржан Календеровке «Достық үйін» салуға жер телімін дайындау туралы нақты тапсырма бергені белгілі. Бұл мәселе қалай шешілуде? – Орынды сұрақ. «Достық үйіне» жаңа ғимарат қажет-ақ. Қазіргі отырған ғимаратымыз тарлық етуде. Екі адам отыратын бөлмеге бес-алты қызметкерді сыйғызуға тура келіп тұр. Оның өзінде екі бөлімге ғана орын тауып бердік. Қалғаны іс-шараларды әртүрлі мекемелерге барып өткізуге мәжбүр. Бұл әрине уақытша қиындық. Бұрынғы көк базар аумағынан жер телімі қарастырылып, Бейбітшілік және келісім сарайын салу көзделуде. Ол жерде кең конференц -зал мен облыстағы этномәдени бірлестіктерге жеке бөлмелер қарастырылған. Жаңа нысанның жанынан Этноауыл құрылысы бой көтереді. Ол жерде ұлттық үлгідегі дәмханалар, мейрамханалар мен қонақ үйлер жұмыс істейтін болады. Бүгінде облыста 23 этномәдени орталық болса, соның 16-сынан Этноауыл тұрғызуға ұсыныстар келіп түсті. – Мазмұнды әңгімеңізге рахмет. – Сіздерге де рахмет. Осы уақытқа дейін бірде-бір бұқаралық ақпарат құралы есігімізді қақпап еді. «Ақ жол» алғаш болып жұмысымызбен танысып жатыр. Айтар алғысымыз шексіз. – Ұлттар достығын ұлықтау жолындағы еңбектеріңізге жеміс тілейміз.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар