Орынды басшы олқылыққа жол бермейді

Орынды басшы олқылыққа жол бермейді
ашық дереккөз
Орынды басшы олқылыққа жол бермейді

Кеше облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте мемлекеттік мекемелердегі еңбек заңдылықтарының сақталуы, сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау жұмыстарының жай-күйі қаралды.

Еңбеккерлерге енжарлық танытпайық

Алғашқы мәселе бойынша хабарлама жасаған облыстық еңбек инспекциясы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Иес Құдайбергеновтің айтуынша, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік еңбек инспекторлары облыс ұйымдарында барлығы 166 тексеру жүргізген. Оның 53-і жоспарлы, 133-і жоспардан тыс. Нәтижесінде 500-дей заңбұзушылық анықталып, лауазымды және заңды тұлғаларға жалпы сомасы 6,4 миллион теңгені құрайтын 188 әкімшілік айыппұл салынған. Инспекция тарапынан еңбек қауіпсіздігін арттыру, өндірістік жарақаттарды азайту, еңбек жанжалдарының алдын алу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар жарияланып, «дөңгелек үстелдер», өзге де түрлі іс-шаралар өткізілген. Соған қарамастан, биыл да ұжымдық еңбек даулары орын алған. Еңбек заңнамасының бұзылуы салдарынан азаматтарымыздың еңбек құқықтарын бұзу фактілері және өндірістік жарақаттардың орын алуы байқалған. Аталмыш мәселе бойынша биылғы жылдың жартыжылдығында 4 жоспарлы, 13 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Мемлекеттік органдарды тексеру барысында 82 заңға қайшы іс-әрекет әшкереленген. Оған жол берген лауазымды тұлғаларға 228,6 мың теңгені құрайтын 23 әкімшілік айыппұл салынған. Еңбек қатынастары және халықты жұмыспен қамту бойынша Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің облыстық аумақтық инспекциясында, облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінде, Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясында, Мойынқұм, Шу аудандық білім бөлімдерінде біраз олқылықтардың беті ашылған. Заңсыздықтар негізінен еңбек шарттарын рәсімдеуде Еңбек кодексінің 28-бабы талаптарының сақталмауынан, еңбек демалысының ақысын заңмен белгіленген мерзімнен кешіктіріп төлеуден, еңбек демалысын қызметкердің келісімінсіз белгісіз мерзімге ауыстырудан, қызметкерлер арнаулы киімдермен қамтылмағандықтан туындаған. 

Сынға ұшырағандардың дені негізінен кемшіліктердің түзетіліп, тиісті қызметкерлерге ескерту беріліп, жауапқа тартылғандығын алға тартты. Ал, Шу ауданы әкімінің орынбасары Әлихан Балқыбеков өзі басшылық ететін аудандағы кемшіліктерден хабарсыз болып шықты. Бұл мәселені аудандағы білім бөлімінің басшысымен талқылап, қосымша хабарлайтынын айтып ақталды. Бекболат Серікбекұлы аудан әкімінің орынбасарынан аудандық білім бөлімінің басшысын сұрағанда, ол еңбек демалысында екендігі, оның міндетін атқарушы да селекторлық режімдегі жиынға қатыспай отырғаны белгілі болды. «Кейбір аудан әкімдері мен олардың орынбасарлары өз кабинеттерінде отырып өздері ғана аппарат кеңесіне қатысады ғой деймін. Бұл не деген немқұрайлылық? Сонда облыс әкімі көтеріп отырған сұрақтар мен талқыланатын проблемаларға кім жауапты? Берілетін тапсырмаларды кім орындайды?» деген облыс әкімінің бірінші орынбасары оларға реніш білдірді.

Құрылыста қадағалау аз

Келесі мәселе бойынша сөз алған облыс бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті директорының орынбасары Рашид Әліпбаев осы жылдың алты айында облыс аумағында құрылысы жүргізіліп жатқан 274 нысаннан хабарлама қабылданып, оның ішінде 152 нысан бюджеттен қаржыландырылғанына тоқталды. Сонымен бірге осы уақыт аралығында 346 нысан құрылысы аяқталып, қабылданған. Облыс аумағында салынып жатқан нысандарға жоспардан тыс 92 тексеру жүргізіліп, анықталған кемшіліктер бойынша 70 нұсқама берілген, 23 әкімшілік іс қозғалып, 4,7 миллион теңге айыппұл салынған. Жоба сапасының төмендігіне байланысты «Жамбылремжилпроект», «ГАПП», «Алдияр Құрылыс Инжиниринг», «Универсал Мерке» серіктестіктеріне де айыппұл салынған. Құрылыс нормаларын бұзған тұлғаларға қатысты 5 талап-арыз сотқа жолданып, оның 3-еуі бойынша заңсыз құрылыс бұзылған. Хабарламаның соңында Рашид Әліпбаев: «Құрылыс саласын бақылау тек біздің департаментке жүктелмеген. Алайда, құрылысқа қатысушы тараптардан, атап айтқанда, техникалық және авторлық қадағалаушылардан өткен жартыжылдықта бірде-бір құрылыс сапасына байланысты немесе кемшілік көрсетілген хаттар түскен жоқ» деді. Бұл мәселеге қатысты пікірін білдіріп, сұрақ қойған облыстық мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов: – Өткен жылы Қаратау қаласында қатты жел тұрғанда ескі үйлер мен ғимараттардың шатырлары сол қалпында қалып, керісінше, жаңадан бой көтерген нысандардың шатырлары қирап қалған болатын. Сонымен қатар, қазір аялдамаларда талаптарға сай емес нысандар соғылуда. Мұның бәрі алдымен бақылаудың аздығынан орын алып отыр, – дегенді алға тартты. Бұл мәселеге облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Рахманқұл Байтелиев: – Біз барлығымыз қазір қаржыны игерумен ғана шектеліп, құрылыс сапасы назардан тыс қалып қойды. Бұрынғыдай геодезиялық бақылау, зертханалар жоқ. Техникалық қадағалаушылардың саны да аз. Олардың санын арттырмаса, барлық нысанды бақылап үлгермейді. Оның үстіне, бүгінде құрылыс материалдарының сапасы да төмен. Өйткені, онда да сапаны бақылау қызметі өте төмен болып тұр, – деп жауап берді. Қозғалған мәселе бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» бірлесе жұмыс істеуді, әркімге өз жұмысына жауапкершілікпен қарауды тапсырды. Аппарат кеңесінің соңында шомылу маусымындағы қауіпсіздік шараларының сақталуы және өрт қауіпсіздігі жайында атқарылып жатқан істер жөнінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Берікбаланов қысқаша хабарлама жасады. Бекболат Орынбеков көтерілген мәселелердің өзектілігіне тағы бір тоқталып, тиісті лауазым иелеріне бірқатар міндеттер жүктеді.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар