Наргиза мен Марат Азия паралимпиадасына жолдама алды
Астанада алғаш рет мүмкіндігі шектеулі жандар арасында арбада отырып, би билеуден халықаралық турнир өтті. «Қазақстан Оупен-2014» байқауына жерлестерімізден бөлек Ресей, Беларуссия, Тайланд, Гонконг, Жапония және Оңтүстік Корея мемлекеттерінен спортшылар қатысқан. Олардың арасында Азия, Еуропа және Әлем чемпиондары бар. Бишілер соло, комби және дуо аталымдары бойынша бақ сынасты. Айта кетерлігі, елімізде спорттық бидің бұл түрі 2010 жылдан бастап қана дамығандығына қарамастан, өнер додасына қатысқан бишілердің тең жартысы отандастарымыз екен. Осыған қарап қазақстандық спортшылардың бірнеше жылдың ішінде жақсы көрсеткіштерге жеткендігін көреміз.
Жарысқа 60-қа жуық жұп қатысқан екен. Біздің де облысымыздың үмітін үкілеген екі жұп дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының спортшылары Наргиза Ахметова мен Марат Қарақұлов Combi 2 ST (комби стандарт) бағдарламасында және Асқар Әшірімбетов пен Наргиза Ахметова DUO (дуэт стандарт) бағдарламасында өнер көрсетті. Ең қуаныштысы, бұл екі жұп та жеңімпаздар қатарынан көрінді. Үш күнге созылған додада топты жарды. Жарыстың қорытындысы бойынша Наргиза Ахметова мен Марат Қарақұлов жұбы ІІІ орын, Асқар Әшірімбетов пен Наргиза Ахметова жұбы ІІ орын алды. «Марат Қарақұлов жүріп, Ал Наргиза арбада отырып жұп болса, екінші кезекте Асқар екеуі де арбада отырып өнер көрсетті. Әсіресе, Наргиза екі бірдей бағдарламада да керемет шеберлігімен көзге түсті. Мұндай үлкен дода біздің ойыншыларымыздың паралимпиадаға ұмтылысына үлкен үлес қосып, жігер беруде. Енді бұл дәстүрлі түрде жалғасын тапса екен деген тілегіміз бар», – дейді жеңімпаздарымыздың жаттықтырушысы Факия Шихова. Жүлдегерлердің арасынан осыған дейінгі жарыстарда жиі топ жарып жүрген Наргиза Ахметова мен Марат Қарақұлов жұбы ұпайлық есеппен Оңтүстік Кореяда өтетін Азия паралимпиадасына жолдаманы жеңіп алды.
Гүлжан РАХМАН, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Әйгерім Сәттібаеваны жамбылдықтар құрметпен күтіп алды
- 25 қазан, 2025
Қазақтың туы болған Қосы батыр
- 21 қазан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




