«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақ шапанын жамылған хас батыр

Қазақ шапанын жамылған хас батыр
ашық дереккөз
Қазақ шапанын жамылған хас батыр

3

  2

Кәсіпқой бокстың шаршы алаңына отызыншы рет көтерілген Геннадий Головкин WBA нұсқасы бойынша 11-рет өзінің чемпиондық атағын қорғап қалды. АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы атақты Madison Square Garden аренасында өткізген кездесуінде қазақ боксшысы әлемнің экс-чемпионы, австралиялық Дэниэл Гилді үшінші раундта нокаутқа жіберді.

Кездесу алдында Австралия боксшысы «Генаның дегені мен секілді мықты боксшыларға жүрмейді» деп, өзінің осал қарсылас емес екенін көпшілікке мәлімдеген еді. Бірақ, мамандардың сөзімен айтқанда жылдамдығына көз ілеспейтін «батыр» бұл сөзін іс жүзінде дәлелдей алмады. Рас, алғашқы раундта Головкин жұдырықтасу барысында қорғанысқа мән бере жүріп, алдымен қарсыласын зерттеп алды. Дегенмен, екінші раундты өз дегені бойынша өткізді. Үшінші раундта Дэниэлді иектен ұрып құлатты. Төреші басын шайқаған Дэниэлдің жағдайын түсініп, жекпе-жекті тоқтатты. «Бұл ойын емес – жекпе-жек. Мен нағыз ұрысты ұнатамын және шаршы алаңда қызықты бокс көрсеткім келеді», – деді Головкин өзіне қолдау көрсеткен жанкүйерлерге ризашылығын жеткізіп тұрып. Қазақ боксшысы орта салмақта чемпиондық атақты біріктіретін жекпе-жекке дайын екенін айтады. «Мен Котто және Куиллинмен жұдырықтасқым келеді. Жігіттер, маған хабарласыңдар, мен дайынмын», – деді қазақ шапанын жамылған хас батыр. Осы кездесуден кейін WBA және IBF версиясы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы, ағылшын боксшысы Карл Фроч «Головкинмен кездесуден оба ауруынан қашқандай қашу керек. Оның соққысы – тағасы бар тұлпардың тепкісіндей», – деп пікір білдіріпті НВО телеканалына берген сұхбатында. Фрочтың сөзінің жаны бар шығар, дандайсыған Дэниэл қазақ боксшысының ауыр соққысынан көпке дейін есін жинай алмай қалды.

56 соққысы дөп тиген

Головкин мен Гилдің шаршы алаңдағы шайқасының статистикасы мәлім болды. Сандарды сөйлетсек, үш раунд қорытындысы бойынша Геннадий Головкин 191 соққы жасап, оның 56-сы қарсыласына дөп тиіпті (29 пайыз). Соның ішінде тура соққысы – 92, тигені – 23 (25 пайыз), ал 99 ауыр соққының дарығаны – 33 (33 пайыз). Ал австралиялық боксшы Дэниэл 140 соққысының 29 пайызын қарсыласына дарытыпты. (Ауыр соққысы – 86 (38 пайызын дөп тигізген), тура соққысы – 54 (13 пайызы дарыған).

Жалпы, Генаның Дэниэлмен өткізген кездесуі жылдам аяқталды. Мамандар қазақ боксшысы қарсыласының деңгейі төмендеу болды деген пікірде. Сондай-ақ, олар Головкиннің жұдырықтасу мәнерін өзгерткенін айтады. Сөздерінің жаны бар. Бұған дейін Гил соққы дарытпайтын боксшы саналып келгені белгілі. Дегенмен, Головкин бұл тұжырымды жоққа шығарды. «Үшінші раундта алдымен Дэниэлдің соққысы дәл тигенде теледидар алдынан қашып кеткім келді. Бірақ, кірпік қағып үлгергенімше, ұлымның қарсыласы жерде сұлап жатты. Менің балам шынында да, күштірек болса керек», – дейді Геннадий Головкиннің анасы Елизавета Сергеевна. Қазақ боксшысының промоутері Том Леффлер Генаның кездесулері АҚШ-та Майк Тайсонның жекпе-жегі секілді үлкен эффект туғызып жатыр дейді. Головкинді Тайсонмен салыстырушылар бұған дейін де болған. Майк кәсіпқой бокстың шаршы алаңында метеорит сияқты жолындағының бәрін жайпай жүріп, өнер көрсетті. Гена да атақты былғары қолғап шеберінің жетістіктерін қайталауда. Ал, бұл қазақ боксы үшін де, қазақ елі үшін де, қазақ шапанын жамылған хас батыр үшін де абырой!

Ардақ Үсейінова,

"Ақ жол".

Ұқсас жаңалықтар