«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ерекше сызғыш ойлап тапқан Алматай ағай

Ерекше сызғыш  ойлап тапқан Алматай ағай
ашық дереккөз
Ерекше сызғыш ойлап тапқан Алматай ағай

Мектепте үздік оқушының бірі болдым. Абай атындағы Қазақ педагогика институтының физика факультетін қызыл дипломмен бітірдім, Лениндік стипендиат атандым. Мектептегі физика мен математиканы сүйіп оқитынмын. Оған математика пәнінің мұғалімі Алматай Төлтаев пен физикадан сабақ берген Нұршайым Аязбекова әпкей ықпал еткені анық. Ағайдың жаңа алгебралық формуланы таныс формулаларға амалдар қолдану арқылы өзіңе қорытқызып шығартуы ол кісінің жоғары әдістемелік тәсілдері екендігін кейін өзім мұғалім болғанда білдім.

Алматай ағай 6-сыныпта бізге жетекші болып бекітілді. Жетекшілікті қолға алғалы ағай апта сайын сынып сағатын өткізуді дәстүрге айналдырды. Бұл сағат басқа сыныптардағыдай, үлгерім мен тәртіпті талқылауға арналмайтын. Өзгеше «этика» сабағын өткізетін. Оның тәрбие жұмысындағы тың тәсілдері сыныптағы бұзақы балаларға әсер етіп, олар өзін-өзі түзеуге ұмтылды. Өзін басқаша ұстауға тырысып, сабаққа деген ынтасы оянды. Ұстазымның тағы бір ерекше қасиеті таптаурын жолмен жүрмей, үнемі тың ойлар мен тәсілдер табуға ұмтылатын ізденгіштігі еді. Басқа кластарда «Класс бұрышы» деп аталатын ақпараттық бұрыш болса, бізде ол «Класс айнасы» деп аталатын. Ата-аналар жиналысын өткізгенде, оқушылардың үлгерімі мен тәртібі туралы баяндап қана қоймай, бізге концерттік бағдарлама даярлататын. Ата-аналар өз балаларының өнерін тамашалап, қабілет-қарымын байқап, ойланып қайтатын. 1981 жылдың күзінде Үшарал орта мектебіне сол кездегі Оқу министрі Қожахмет Балахметов келді. Бастап келген топтың ішінде облыстық және аудандық білім бөлімінің басшылары Ж.Жұмаділов пен Ш.Шоңов, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Р.Ерсейітов және совхоз басшылары бар. Сол жолы министр математик ағайдың өзі ойлап тауып, құрастырған «Сан осі сызғышы» деп аталатын құралымен танысып, таңғалған еді. Қасындағыларға «Жұмысты осылай істеу керек» деп, А.Төлтаев ағайға жылы лебіз білдірген болатын. «Сан осі сызғышы», қысқаша СОС құралы А.Төлтаевтың педагогтік қызметінің шыңы деуге болады. Абстракциялық математикалық ұғымдар мен таңбаларды оқушы ұғымына түсінікті болатын нақты мысалдармен бейнелеуге мүмкіндік беретін бұл құрал ұстаздың тынымсыз ізденісінің нәтижесі еді. Бұл жоба түрлі деңгейлерде талқылаудан өтіп, облыс математиктерінің оң бағасына ие болды. Сызғыш туралы мақала республикалық ғылыми-әдістемелік «Математика» журналының (бас редакторы академик А.Жұмаділдаев) 2014 жылғы үш нөміріне қатар жарияланды. Әрине, ұстазымның бұдан басқа ауыз толтырып айтатын жетістіктері жетерлік. Өткен жылдың соңына таман ағайдың көлемі 14 баспа табақ болатын «Сан осі сызғышы» деп аталатын кітабы үш тілде басылып шықты. Бүгінде жасы 80-нен асса да ардагер-ұстаз әлі қатарда. Өмірлік жолдасы, батыр ана Сақыпжамал екеуі 10 бала өсіріп, қазір немере-шөберелерінің қызығын көруде.

Ермекбай Жолымбетов, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар