Кеше облыс әкімдігінде өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен облыс тұрғындарын ауызсумен және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселелерін талқылаған жиын өтті. Басқосуда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров баяндама жасап, ауызсумен қамтудың жай-күйіне тоқталды. 2018 жылдың 1 қаңтарында өңіріміздегі 4 қала бойынша орталықтандырылған ауызсумен қамту көрсеткіші 84,7 пайызды құрағанын жеткізді.
– Қалалар бойынша саладағы көрсеткішті 2018 жылдың соңына 86 пайызға жеткізу көзделген. Оған қол жеткізу үшін Тараз қаласы «Бурыл А,Б,В» тұрғын алқабындағы сервистік желілердің құрылысына биыл республикалық және облыстық бюджеттен 334,6 миллион теңге бөлініп, ұзындығы 46,2 шақырым болатын құбыр жүйелері жүргізілуде. Сонымен қатар осы алқаптың 12,3 шақырым су құбыры желілерін кеңейтуге арналған құны 183,5 миллион теңге болатын жобаға облыстық бюджеттен қаржы қарастырылды. Қазіргі таңда осы екі жобаны іске асыруды қолға алған мердігер компаниялар тиісті жұмыстарды жүргізуде. Бұдан басқа, «Тараз су» МКК Қант зауыты аумағында құны 205,6 миллион теңге тұратын жоба бойынша 8 көшеге 7,2 шақырым су құбырын тартуда. Қала бюджетінен бөлінген қаржыға басталған жұмыстарды осы жылы аяқтау жоспарда бар, – деді ол. Нұрлан Жанұзақұлы Қаратау және Жаңатас қалаларында орталықтандырылған ауызсу мәселесі толығымен шешілгенін, керісінше Шу қаласында бұл мәселенің түйіні тарқамай отырғанын айтты. – Шу қаласының орталықтан-дырылған ауызсумен қамтылу көрсеткіші төмен. Аудан басшылығы осы бағытта жобалар әзірлеп, басқа кіші қалалардағыдай тұрғындарды толық сапалы ауызсумен қамтамасыз ету қажет. Облыстың 373 елді мекенінің 189-ы немесе 50,7 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. 181 ауылда жүйе (48,5%) орталықтандырылмаған, 3 ауылдың тұрғындары суды тасып ішеді немесе пайыздық көрсеткіші 0,8-ді құрайды, – деді басқарма басшысы. Жиында облыстағы қалалар мен елді мекендерді газдандыру мәселесі де қаралды. Бүгінде облыстағы 377 елді мекеннің 181-і «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілген. 2018-2025 жылдары қосымша 173 елді мекенді газдандыру жоспарлануда. – Магистральдық газ құбырынан 50-100 шақырым алшақ орналасқан және тұрғын саны аз, экономикалық жағынан тиімсіз болғандықтан 23 елді мекен газдандырылмайды. 2018-2025 жылдары 173 елді мекенді газдандыру жоспарланып отыр. 2017 жылы облыстық бюджеттен 525 миллион теңге бөлініп, 8 жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Оның ішінде 6 ауданның 84 елді мекенін газдандыру және Тараз қаласы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін АГРС-1 мен АГРС-2-ні қаланың сыртына шығару қарастырылған. Бұл жобалар іске асқан кезде облыстағы газдандырылған елді мекен саны 265-ті құрап, 70 пайыз деңгейіне көтеріледі. Газдандырылмаған 173 елді мекен мәселесін шешу мақсатында 2019 жылдан бастап үш жылда бөліп қаржыландыру үшін Энергетика министрлігіне газ әкелетін құбыр құрылысына 43 524 миллион теңгені құрайтын 11 жоба дайындалып, бюджеттік өтінім берілді. Оның ішінде құрылысын 2019 жылы бастау үшін жалпы құны – 25 359 миллион теңге, ұзындығы 651 шақырымды құрайтын 8 жобаға өтінім берілді, – деді Н.Алдамжаров. Жиын соңында облыс әкімі Асқар Мырзахметов тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар беріп, жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді