Облыста азаматтық қоғам мен биліктің өзара байланысы мығым. Бұған өңірдегі 80-нен астам этнос өкілінің арасында нық орныққан ынтымақтастықтың тигізер әсері бар. «Ал өңірдегі тұрақтылықтың сақталуына экономикалық өсім, төзімділік пен келісімнің жоғары деңгейі, сонымен қатар билік органдарының әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси сипаттағы проблемаларға жедел әрекет етуі ықпал етіп отыр» деген пікірді алға тартты облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
БАҚ-қа басқарманың 9 айда атқарған жұмысын баяндаған Берік Құрманғалидың сөзді облыста қалыптасқан қоғамдық-саяси ахуалдан бастауында үлкен мән жатыр. Кез келген өңірдегі қалыптасқан қоғамдық-экономикалық ахуалдың жалпы елдің даму динамикасына ықпал ететіні сөзсіз. Біздің мемлекеттік идеологияның біртұтас Қазақстан идеясынан бастау алатыны сондықтан. Басқарма басшысы «өңірдің ішкі идеологиялық жағдайы қоғам мен билік арасындағы өзара сенімнің беріктігі мен аймақты мекен еткен түрлі ұлт өкілдерінің ынтымақты тіршілігінен көрініс табады», дейді. – Тұрғындар мен биліктің байланысын нығайтып, барынша ашықтықты қамтамасыз ету үшін басқарма мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Жамбыл облыстық жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігімен бірлесіп, «J-RECEPTION» интернет қабылдау сайтын іске қосты. Ондағы мақсатымыз – азаматтарға өздерін алаңдатып отырған жайттарға байланысты айтар өтінішін, ұсынысын кедергісіз жеткізуге жол ашу. Билік органдарымен кері байланыс орнату. Бірақ бұл жұмыс жаңадан қолға алынып жатқандықтан шығар, көпшілік осындай сайттың іске қосылғандығынан хабарсыз. Көбінесе тұрғындардың түйткілді мәселелерді әлеуметтік желі арқылы жолдап, сол жерден жауап алуға тырысатыны да, аталған сайттың жарнамасының аздығынан деп ойлаймын. Содан болар бір жарым айда онда 14 өтініш түскен. Сонымен қатар ішкі саясат басқармасы «Жергілікті өзін-өзі басқаруды және қоғамдық бақылауды дамыту бойынша ақпараттық орталықты ұйымдастыру» жобасы аясында облыстық, Тараз қалалық, аудандық қоғамдық кеңестердің жұмыстарының ашықтығын көрсету мақсатында Q-KENES.KZ сайтын іске қосқаны белгілі. Келесі жылы да осы сайттарды өзектендіру және ілгерілету бойынша жұмыстар жалғасатын болады, – деді Берік Уәлиұлы. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бүгінде өңірдегі қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Бұл жыл ішінде өткізілетін түрлі мәдени-спорттық шаралардан да айқын аңғарылады. Жалпы іс-шара демекші, қазір салтанатты және арнайы тақырыптық жиындардың форматы өзгерген. Бұл көпшіліктің де көңілінен шығып жүр. Шыны керек, жұртшылық кейінгі жылдарда үрдіске айналған флешмоб секілді жүз шақты жастарды жинап алып, ұрандап кері қайтатын немесе бас қосып, «жаттанды» тақырыпты қайта айналып қаузай беретін дөңгелек үстелдерден ығыр бола бастаған. Содан да шығар биыл Елордамыздың 20 жылдығына арналған «Астана – аймақтар арқауы» облыстық форумын, Елбасының Жарлығымен елімізде алғаш рет шілденің алғашқы жексенбісінде аталып өткен «Ұлттық домбыра күніндегі» Тараз қаласындағы Жамбыл Жабаев ескерткішінің алдына жиналған 300-ден астам домбырашылардың өнерін қызыға тамашалады. Басқарма Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруды тікелей үйлестіріп отыр. Аталған бағдарлама шеңберінде басқарманың бастамасымен республикаға танылған азаматтар мен зиялы тұлғалар шақырылып, кездесулер мен ауқымды шаралар өткізілуде. Соның бірі – тамыз айында ұйымдастырылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы, археолог Айман Досымбаеваның және басқа да азаматтар қатысқан «Тараз – тарих айнасы» ғылыми-практикалық конференциясы. Жамбылдық қаламгерлердің Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетпен және одақ мүшелерімен кездесуі және М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде өткен партизан жазушы, Халық Қаһарманы Қ.Қайсеновтің 100 жылдығына арналған әдеби кештің де тараздық жастар үшін тағылымдық мәні зор шара болғаны анық. Ал Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Б.Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың «Аманат арқалаған жан» атты Жамбыл облысына сапарының ұйымдастырылуы, облыс жұртшылығымен, студент жастармен және Жуалы ауданының тұрғындарымен өткізген кездесуі – қоғамдық сананы өзгертіп, бүгінгі үрдісті дәстүрмен сабақтастырудың, шын мәнісінде көпшілікті ішкі рухани жаңғыруға бастаған қадам десек, қателеспейміз. Сондай-ақ облыс үшін жылдың айтулы жаңалықтарының бірі «Мерейлі отбасы – 2018» ұлттық байқауында білім саласында ұрпақтар сабақтастығын жалғап жүрген құландық Ниязқұловтар отбасының жеңімпаз атанғаны болды. – Жақында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасымен бірлесіп, 15 жыл бұрын өмірден өткен ақын Әзімбек Жанқұлиевты еске алуға арналған әдеби кеш өткіздік. Жоспарланған іс-шаралар мұнымен толастамайды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша 2018 жылы 3 миллиард 50 миллион теңгеге 119 кіші жоба мен 73 іс-шараны іске асыру көзделген. Оның ішінде 350 миллион теңгесі жергілікті бюджет, 2,7 миллиард теңгесі меценаттар есебінен қаржыландырылуда, – дей келе, басқарма басшысы өңірдегі ақпараттық саясатты жүргізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. Қазір «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңға сәйкес, барлық мемлекеттік мекемелерде, яғни облыс әкімдігінің басқармаларында, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінде баспасөзге жауапты мамандар бөлінген. Олардың кәсіби біліктілігін арттыру жұмыстары басқарма назарында. Жалпы БАҚ пен баспасөзге жауапты мамандардың өзара ықпалдастықта жұмыс жүргізуі аса маңызды. Осыны ескеріп, аталған басқарма 17 тамызда Меркі ауданы «Тұран» демалыс аймағында облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктердің 70-ке жуық баспасөз хатшысы мен журналистерге, блогерлерге арналған «Ақпарат ағыны және біз» тақырыбында бір күндік семинар-тренинг өткізген болатын. Осы шараның артынан іле-шала «Баспасөз қызметі мен БАҚ арасындағы байланыстың тиімді жолдары» атты семинар-тренинг ұйымдастырылды. Қолға алынған нақты шаралардың арқасында жергілікті атқарушы органдардың БАҚ-пен байланысы нығайып келеді деуге болады. Үкіметтік емес ұйымдармен де өзара іс-қимыл жанданған. Берік Құрманғалидың айтуынша, қазан айында азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы әріптестік пен жауапкершілікті арттыруға бағытталған облыстық форум ұйымдастырылмақшы. – Қазан-қараша айларында «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Ұлы Дала рухы» фестивалі, «Латын әліпбиі – бүгінгі күннің өзекті мәселелері» тақырыбында конференция, «Жерлестер» форумы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеу институтының сарапшыларының қатысуымен семинар-тренинг өткіземіз, – деп, алдағы жоспарларымен бөліскен басқарма басшысы «Жерлестер» форумының «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға ықпалы болатынын атап өтті. Соңынан журналистер қойған сұрақтарға жауап берді.
Ардақ Үсейінова
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді