Футболдан Қазақстан бірінші лигасының аяқталуына алты тур қалды. Бірінші лигада бірінші, екінші орын алған командалардың премьер-лигаға тікелей жолдама алатыны белгілі. Осы маусым басталғалы бері топ тізгінін қолға алып көрмеген «Тараз» футболшылары тұңғыш рет турнир кестесінде бірінші орынға шықты. Бұған дейін жамбылдық футболшылардың сырт алаңда Түркістан облысының «Мақтаарал» командасын 2:1 есебімен жеңіп, Көкшетаудың «Оқжетпесін» қуып жеткені туралы жазған болатынбыз. Өз кезегінде көкшетаулық футболшылар сырт алаңда Алматының «Қайрат А» командасымен кездесіп, жас футболшылардан жасақталған ұжымға 3:1 есебімен жол берді. Қазіргі кезде бірінші лига командалары 27 турды артқа қалдырды. «Тараз» бен «Оқжетпес» ұпай саны бойынша теңесіп тұр. Дегенмен жеңілісі аз әрі доп айырмасы басым тұрған «Тараз» футбол клубы бірінші лигада бірінші орынға көтеріліп отыр. Бұл жағымды жаңалыққа жамбылдық футбол жанкүйерлері бек қуанышты екені айтпаса да түсінікті. Сонымен, қазіргі кезде «Тараз» футболшыларының бірінші лиганы бірінші орынмен аяқтауға мүмкіндіктері мол десек те болады. Жерлестеріміз 22 қыркүйек күні Талдықорғанның «Жетісу Б» командасын қабылдаса, 30 қыркүйек күні Өскеменге қонаққа барып, жергілікті «Алтайға» қарсы жасыл алаңға шығады. Жамбылдық футболшылар үшін «Алтай» қарымды қарсылас екені белгілі. Алайда соңғы кездері жақсы ойын өрнегін көрсетіп келе жатқан «Тараз» футболшылары Шығыс Қазақстан төрінде жеңіске жетуге тырысатыны анық. «Тараз» футболшылары бұдан кейінгі екі ойынды өз алаңында өткізеді. Алдымен 5 қазанда Шымкенттің «Қыранына» қарсы жасыл алаңға шықса, 21 қазанда Ақтөбенің «Ақтөбе – Жас» футбол клубынан емтихан қабылдайды. Аты аталған екі ұжым «Тараз» үшін аса мықты қарсыластардың санатына жатпайды. Футболшыларымыз тыңғылықты дайындалса, алты ұпай қоржынға түсуі тиіс. «Тараз» футбол клубы үшін шешуші ойын оңайға соқпайтыны ақиқат. Көкшетау төрінде бірінші лига көшбасшылары «Оқжетпес» пен «Тараз» біріншіліктің чемпионын анықтауы ықтимал. Әрине, егер екі команда оған дейін құйрық тістесіп жетсе, бұл матчтың орталық кездесуге айналатыны сөзсіз. Ал егер екі ұжымның бірі ұпай саны бойынша артта қалса, онда шешуші ойынның ешқандай да маңызы болмайтыны түсінікті. Өйткені үшінші орында келе жатқан Шымкенттің «Қыран» командасы көшбасшыларды қуып жетуі екіталай. Көш тізгінін қолға алған жерлестеріміз қалай болған күнде де алдағы ойындарда жеңіске жетсе дейміз. Әрине, бірінші орынның мәселесі ертерек шешілсе тіпті тамаша болар еді. Ол үшін көкшетаулық «Оқжетпес» футбол клубы алдағы ойындарда сүрінуі керек-ақ. Өз кезегінде жамбылдық аяқдоп шеберлері жеңіске бастар жолды жаңылмай табулары шарт. Бірінші лиганың екінші жартысынан бастап қаһарына мінген «Тараз» футболшылары алдағы уақытта жанкүйерлерін қуантады деген сенім басым. Өйткені «қырқына шыдап, қырық біріне» келгенде сүрінуге хақылары жоқ.
Табиғат АБАИЛДАЕВ.
Ұқсас жаңалықтар
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ауыл спортын дамытуға арналған дода
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді