Ата-аналар мектептің жөндеу жұмыстарына және қандай да бір іс-шараларды өткізуге шығындалуға міндетті емес. Өйткені оған бюджеттен тиісті қаражат бөлінеді. Ал қаржы жинауға жол берілген жағдайда ол сыбайлас жемқорлық әрекеті ретінде қарастырылатын болады. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов өткізген бейнеконференцияда айтылды. Барлық өңірмен селекторлық режімде байланыс орнатқан кеңейтілген жиынға Білім және ғылым вице-министрі Асхат Айтмағамбетов, облыстық және қалалық білім басқармаларының басшылары, мектеп директорлары мен қамқоршылық кеңестердің өкілдері қатысты. Конференцияда негізінен білім беру ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері сөз болды. Мамандар жемқорлық сипатындағы әрекеттердің алдын алу және мектептер мен балабақшаларда алым-салым мәселесін шешу үшін толық қаржы есебін міндетті түрде жариялап отыруды ұсынуда. Өйткені қаржы ресурстарын дұрыс пайдаланбау сыбайлас жемқорлыққа жол ашады. «Білім мекемелерінде қамқоршылық кеңестерінің есептері ресми түрде ашылуға тиіс, ол қайырымдылық көмектің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар уәкілетті орган осы мәселені бақылауға алып, шот ашып, мониторинг жүргізуі тиіс», – деді Олжас Бектенов. Жыл сайын оқу жылының алғашқы айынан мектептерде тестке ақша жинау үдерісі басталатыны белгілі. Бейнеконференцияда осы мәселе көтерілді. Оқушылар арасында ақылы тестілеу өткізудің заңсыз екені айтылды. Мәселен, жиында келтірілген факті бойынша Алматы облысында білім бөлімдерінің нұсқауы бойынша оқушылардан 300-500 теңгеден ақша жинап, тұрақты түрде тестілеу өткізіліп тұрған. Аталған Агенттік Білім және ғылым министрлігіне мектептерде ақылы тестілеуді «мәжбүрлі» жүргізу фактілерін болдырмау үшін нақты шаралар қабылдауды ұсынуда. Сондай-ақ кездесуде педагогтердің еңбекақысы да сөз болды. Бөлінген бюджет қаражатын үнемдеп, сол үнемделген қаржы есебінен олардың жалақысын біршама көтеруге болатынына нақты мысал келтірілді. Спикер білім мекемелерінің бюджеті туралы ақпарат кез келген адам үшін түсінікті әрі қолжетімді болуын бақылауда ұстау қажет дейді. Қысқасы, ол мәлімет міндетті түрде мектептердің, балабақшалардың, білім бөлімдерінің веб-сайттарына орналастырылуы керек екен.
Камила БОРАШОВА
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді