«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тоғыз елдің балуандары

Тоғыз елдің балуандары
ашық дереккөз
Тоғыз елдің балуандары

Тараз боз кілемінде кездесіп, күш сынасуда

Бүгін «Тараз-Арена» спорт сарайында дүбірлі доданың жалауы желбіреді. Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты еске алуға арналған еркін күрестен ересектер арасындағы дәстүрлі халықаралық турнирге биыл қазақ балуандарымен қоса тоғыз мемлекеттің балуандары қатысуда. Жылдан-жылға географиялық аумағы кеңейіп келе жатқан жарыстың жүлде қоры 100 мың АҚШ долларын құрайды. Облыс әкімінің орынбасары Қалижан Әбдірайымовтың қатысуымен өткен баспасөз мәжілісінде балуандар бәсекесі жанкүйерлер үшін күтпеген тосын сыйларға толы болатыны айтылды. «Биылғы доданың ерекшелігі – турнирге шетелден келетін балуандар қатары артқандығында. Былтырғы жарыста қазақ құрамасын қосқанда сегіз команда сынға түскен болатын. Осы жолы Ресей, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Украинамен қатар Нигерия, Италия және еркін күресі жақсы дамыған Иран мемлекеттерінің спортшылары да қатысуда», – деді ұйымдастырушылар алқасының төрағасы Әлімбек Жұмабаев. Турнир Тараз төрінде биыл сегізінші рет ұйымдастырылып отыр. Бастапқыда халықаралық деңгейдегі жарыста жастар бақ сынап келген еді. Ал 2012 жылдан бастап дода ересектер арасында да өткізілуде. Былтыр FILA күнтізбесіндегі бәсекелер тізбесіне қосылып, мәртебесі одан әрі арта түсті. Осы орайда, арда туған азаматтың есімін ардақтап, мән-маңызы жоғары бастаманың өміршең болуы үшін бар жағдайды жасап отырған облыс басшылары мен жамбылдық спорт жанашырларының еңбегін айта кеткен ләзім. FILA ережесіне сәйкес, балуандар турнирде 8 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсуде. Турнирде облыс намысын Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, бұған дейін түрлі деңгейдегі жарыстарда жастар арасында топ жарып келген Мейіржан Әшіров пен Мұхамеджан Сейсенбаев қорғауда. «Д. А. Қонаевты еске алуға арналған халықаралық турнир мен үшін Азия және әлем чемпионаттарына қатысар алдындағы «алтын тұғырым» болады деп ойлаймын. Лондон Олимпиадасынан кейін салмақ ауыстырып, 74 килограмм салмақта белдесіп жүрдім. Бірақ, көбіне салмағым жетпей, біраз қиындықтарға кездесіп қалып жаттым. Қазір FILA ережесі бойынша 70 килограмм салмақ дәрежесі қосылды. Турнирде осы салмақта белдесемін», – дейді Ақжүрек. Додада Ақжүректің сынға түсуі жарыстың көрігін қыздыра түскен секілді. Сондай-ақ, 125 килограмм салмақта белдесетін Олимпиаданың күміс жүлдегері, грузин Давид Мозенашвилидің, Өзбекстаннан келген екі дүркін әлем чемпионы Дильшод Мансуровтың Тараз боз кілеміне шығуы жанкүйерлердің қызығушылығын арттырғаны анық. Иә, биылғы бәсекенің бәсі жоғары болып тұр. Жоғарыда айтып өткеніміздей, жүлде қоры да қомақты. Әр салмақта жеңіске жеткен балуандарға 5 мың АҚШ доллары, екінші орын алғандарға 3 мың, үшінші және төртінші сатыға тұрақтаған спортшыларға мың доллардан қаржылай сыйлық тапсырылмақ. Жеңімпаздардың бапкерлері де бұл турнирден құралақан қайтпайды. Олардың әрқайсысына берілетін сыйақы 1 мың АҚШ доллары көлемінде. Қасиетті Ораза айының соңғы күндерінде өткізіліп отырған жарыста қайырымдылық шарасы да ұйымдастырылмақ. Әлімбек Жұмабаевтың айтуынша, көрермендер арасында лотерея билеті ойнатылып, билет сатудан түскен қаражат облыстағы мүмкіндігі шектеулі жандарға, жастарға үлестіріліп беріледі.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар