«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қырғыз спортшылары көш бастады

Қырғыз спортшылары көш бастады
ашық дереккөз
Қырғыз спортшылары көш бастады
Қырғыз Республика-сында өтіп жатқан үшінші дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алғашқы күнінде Қазақстан спортшылары жеті алтын медаль иеленіп, көш тізгінін қолға алған болатын. Доданың бірінші күнінде армрестлинг шеберлері жеңісті жорыққа сүбелі үлес қосқан-ды. Алайда келесі күні Қырғыз Республикасының сайыпқырандары мен Ресей Федерациясының спортшылары бірнеше алтын медаль иеленіп, біздің сайыпқырандарымыздың алдын орап кетті. Қазіргі кезде Қазақстан құрамасы тоғыз алтын медальмен үздік үштікті қорытындылап тұр. Қазақ күресінің шеберлері 70 килограмм салмақтағы Әбілқайыр Мәулен мен 90 килограмм салмақ дәрежесінде бақ сынаған Ерсұлтан Мұзафаров алтыннан алқа тағынып, мерейімізді тасытты. Айтулы аламанда армрестлинг шеберлері де сенімді ақтап жатыр. Вали Фараджов (75 килограмм), Андрей Стипанчук (95 килограмм), Олег Сазонов (105 килограмм) және Дмитрий Трубин (+105 килограмм) сынды жігіттеріміз ел намысын абыроймен қорғады. Сонымен қатар қыздарымыз да намысты қолдан берер емес. Оксана Письменная 75 килограмм салмақта топ жарса, аса ауыр салмақтағы Антонина Лисянская да үздік шықты. Бұдан бөлек Қазақстан көкпаршылары алғашқы кездесулерінде айқын басымдылықпен жеңіс тойын тойлады. Ресей Федерациясының «Красноярск» құрамасымен кездескен отандастарымыз 15:3, АҚШ құрамасынан 20:9 есебімен басым түсіп, жартылай финалға шықты. Жамбылдық Құрманбек Тұрғанбек 10 мәрте салым салды. Байрақты дода жалғасын табуда. Айтулы аламанда жамбылдық алты спортшы алтын медаль иеленді.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Ұқсас жаңалықтар