Сейітжан ІЛИЯС, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» мекемесінің директоры: – Бүгінгі күні облысымызда 3 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар. Олардың 711-і мемлекеттік, 25-і республикалық, 5-еуі халықаралық деңгейде қорғалған. ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлемдік мәдени мұра» тізбесіне облыстан Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Ақтөбе (Баласағұн), Құлан, Қостөбе қалашықтары және Ақыртас сарай кешені енгізілген. Елбасының Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы негізінде Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыру мақсатында Ұлттық музей жанынан «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығын құрып, «Қазақстанның киелі жерлерінің картасы» жобасын бекітті. Өткен жылдың қазан-қараша айларында облыс көлемінде «Археологиялық экспедиция» ұйымдастырылды. Экспедиция барысында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының тізіміне енгізу үшін ескерткіштердің ерекшелігі мен құндылығына қарай бірқатар тарихи-мәдени нысандар туралы мәліметтер Ұлттық музей жанындағы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығына жолданды. Аталған орталықтағы ұлттық сарапшылар кеңесі «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының тізіміне 8 жалпыұлттық және 27 өңірлік деңгейдегі ескерткіштерді енгізді.
Берік ӘБДІҒАЛИ, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы: – «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында киелі жерлерді анықтау шарасының екінші кезеңін талқылау үстіндеміз. Бұл жерде бір жағдайға баса көңіл бөліп, түсініп алғанымыз жөн. Кейбіреулер мұны ескерткіштерге арналған бағдарлама деп ойлайды. Бірақ бұл жерде бірінші мәселе – адам. Ескерткіштер емес, адам! Ескерткіштерді зерттеу арқылы табылған рухани құндылықтарымызбен, терең тарихымызбен адамдарды рухтандыру. Қазіргі таңда адамдардың санасында материалдық құндылық басым болып кетті. Елбасы осыны аңғарып, рухани құндылықты алға шығарып отыр. Бұл жерде қазақстандықтардың санасын рухани құндылықтарға бұру, көпшіліктің мәдениетке, тарихымызға қызығушылығын ояту – басты мақсат. Бір өңірдегі тарихи құндылықты өзге өңірдің жас өрендері, жастары білуі тиіс. Сондықтан солтүстік облыстардан оңтүстікке, батыс облыстан шығысқа облыстық білім басқармалары арқылы оқушылардың саяхаттары ұйымдастырыла бастады. Қазақ хандығы тарихымыздың бергі жағы емес пе? Шыңғыс ханнан, Сақ, Сарматтар дәуірінен бергі тарихымыз зерттеліп, зерделенуі тиіс. Әділ бағасын алуы шарт.
Айман ДОСЫМБАЕВА, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры: – Әулиеата өңіріне 1987 жылдан бері зерттеу жүргізіп келемін. Қаратау, Сарысу, Талас, оның ішінде Ақкөл, Билікөл, Берікқара аумақтарын тегіс зерделедік. Тәңірқазған, Бөріқазған далаларынан ежелгі дәуірдің құндылықтары көп кездесіп отыр. Меркі жерінен «Қызыл кітапқа» еніп кеткен жәдігерлерді іздеп таптық. Біз жер атауларын, топонимдер мен рулық таңбаларды зерттейміз. Жартасқа қашалып жазылған таңбалар бар. Ол қашан жазылды, неге қашалып жазылды? Осының барлығы анықтауды қажет етеді. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бірінші проректоры Асқар Абдуалы бастаған экспедиция биыл өңірлерді аралаудың екінші кезеңін өткіздік. Экспедиция құрамында белгілі ғалымдар, зерттеушілер, профессор-оқытушылар болды. Сондықтан бұл экспедицияның жұмысы тиімді болды деп ойлаймын. Өзім де Астанаға үлкен олжамен қайтып бара жатырмын.
Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ, «Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымы» орталық кеңесі төрағасының орынбасары: – Адамзат дамуының 25 мың жылдығы арасында қазақ халқының ми сауыты дами түскенін әлем ғалымдары дәлелдеп отыр. Америка Құрама Штаттары бүкіл әлем бойынша ең сұлу халықты анықтап, зерттеу жүргізіпті. Ең сұлу халық қазақтар екен. Осындай сұлу, ақылды халық ұрпағына не қалдырды? Біздерге бабалар қалдырған мол мұра бар. Осы кезге дейін оған мән бермей келдік. Енді оған ерекше екпін түсірдік. Қазір біздің жас ұрпақ тегіс компьютердің алдында отыр. Ащы тарих, тұщы тарихтан хабары жоқ. Жас отбасылар жылаған сәбиіне емізік береді немесе ұялы телефон беріп жұбатады. Баяғыдай бесік жыры, әжелер әлдиі деген жоқ. Отарлау саясаты арғы тегімізді ұмыттырмақ болды. Ұмыттыра алған жоқ. Біздер – бабалар өмірін жалғаушылармыз. Тараз – киелі, қасиетті мекен. Ежелде Қытай мен Араб әскері соғысқанда тараздықтардың Араб жағына шығып, жеңісті жеделдеткенін білесіздер. Ислам діні осы Таразда қанат жайғаны сіздерге мәлім. Бұл барша қазақтың рухын оятатын тарихи жеңіс. Осы өлкеде Керей мен Жәнібек хандар Қазақ хандығын құрды. Жеті атадан аспай руластар үйленбейтін қастерлі дәстүріміз бар. Мысыр – 27, Самарханд 25 ғасырлық тарихымен мақтанса, қарт Тараздың да 20 ғасырдан астам тарихы бар екені баршамызға мақтаныш. Біздің Ақыртас сарай кешені әлі де лайықты бағасын ала алмай отыр. Оның құндылығы Мысырдың кереметтерінен кем емес. Ақыртас кешенін қалпына келтіруде Тәкен Молдақыновтың зор еңбегі барын айта кеткен жөн. Алдағы уақытта Ұлы Жеңістің 75 жылдығын тойлаймыз. Сырт елдерде қалған жауынгерлер бейітін іздестіру – маңызды іс. Осы орайда жамбылдық Әли Бекқұлыұлының ерен ізденіс, тынымсыз еңбегін айта кеткенім әділдік болар. Ол сонау Ресей, Украина қалаларына дейін барып, батыр жауынгерлеріміздің зиратын тауып жатыр. Мәшһүр Жүсіп деген данышпан кісі: «Құдай – адамның жүрегінде. Алған жарың жақсы болса, жұмақ отбасыңда. Алғаның шайпау болса, тозақ та отбасыңда» деген екен. Әр отбасына жақсылық, береке тілеймін!
* * *
Бұдан кейін «Қазархеология» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жұман Смаилов, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бірінші проректоры Асқар Абдуалы, Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі Бақытжан Жүрсінбаев, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің «Шерхантану» орталығының директоры Айнұр Кембаева сөз сөйлеп, ойларын ортаға салды. Кейіннен «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғали бірқатар жамбылдық зиялы қауым өкілдерін Алашорда үкіметі мен Алаш автономиясының 100 жылдығына арналған естелік медальмен марапаттады. Марапатталғандардың ішінде жазушылар Елен Әлімжан, Несіпбек Дәутайұлы, Мақұлбек Рысдәулет мәдениет саласының ардагері Тәкен Молдақынов және тарих ғылымдарының докторы Асқар Абдуалы бар. Сондай-ақ облыстық тарихи-өлкетану музейіне «Қазақтың этнографиялық категориялар ұғымдары мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты көптомдықтың 5 томы ұсынылды.
Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді