«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«жамбыл цемент тің» жарқын істері көп

«жамбыл цемент тің» жарқын істері көп
ашық дереккөз
«жамбыл цемент тің» жарқын істері көп

Өткен аптада Мойынқұм ауданында орналасқан «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасында «Жұмыскерлердің еңбек, әлеуметтік-тұрмыс жағдайларын жақсарту – жұмыс берушінің абыройлы міндеті» атты көшпелі семинар-кеңес болып өтті. Облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының ұйымдастыруымен өткен семинарға өңіріміздегі бірқатар өндіріс орындарының жетекші мамандары мен кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қатысты.

Семинар-кеңестің мақсатына сәйкес, жиынға қатысушыларға Жамбыл цемент өндірістік компаниясының жұмыскерлердің әлеуметтік-тұрмыс жағдайларын жақсартуға бағытталған жұмыстары таныстырылды. Аталмыш кәсіпорынның техникалық директоры Анатолий Медюков бастаған топ қонақтарға өндіріс орнынан бірнеше шақырым жерде орналасқан «Самал» тұрғын үй қалашығын көрсетті. Сонымен қатар семинарға қатысушылар «Жамбыл цемент өндірістік компаниясының» өндірістегі толық автоматтандырылған диспетчерлік басқару орталығымен танысты. Байқағанымыздай, кәсіпорынның барлық жұмысын компьютермен басқарып отыратын мұндағы білікті мамандар өз жұмыстарын аса ыждаһаттылықпен атқаруда. Бұдан соң, семинар бағдарламасына кіретін дөңгелек үстел отырысы өтті. Жиында алғашқы болып сөз алған облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Серғали Айдапкелов аталмыш өндіріс орнының жұмыскерлеріне жоғары деңгейде жағдай жасап отырғанын айта келіп, кәсіпорын жұмысына сәттілік тіледі. Ал «Алтыналмас АК» акционерлік қоғамының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің бастығы Назымхан Мамедов пен «Шығыс кен басқармасы» ЖШС-ның еңбек қауіпсіздігі жөніндегі маманы Сергей Бондаренко еңбек жағдайларын жақсарту бағытында атқарылған бірқатар жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ «Жамбыл цемент өндірістік компаниясының» адам ресурстары және әкімшілік департаментінің бастығы Жанна Әлібаева «Жұмыскерлердің еңбек жағдайларын жасау басты міндет» тақырыбында баяндама жасады. Бұндай кездесулер өткізу тәжірибесі ағымдағы жылы басталғанымен, ол алдағы уақытта да жалғасын табатынын айта кеткен жөн. Қазіргі таңда көптеген компаниялар мен ірі инвесторлар жаңа жұмыс орындарын ашып, қызметкерлерінің алдындағы әлеуметтік міндеттерін жоғары деңгейде атқарып келеді. Сол секілді, Мойынқұм ауданындағы «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» да қазіргі таңда жаңа деңгейге көтерілген кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі саласындағы шараларды жоспарлы түрде жүзеге асыруда. Олар өндірістегі қызметкерлерге қолайлы жағдай жасап, жұмысшыларына әлеуметтік тұрғыда түрлі көмектер көрсетеді. Мемлекеттік саясатты қолдау бүгінгі күні өте өзекті мәселеге айналып отыр. Өйткені мемлекеттің әлеуметтік кепілдіктерін іс жүзіне асыруға бизнестің белсене қатысуы қоғам алдында тұрған міндеттердің сәтті шешімін табуына ықпалын тигізетіні сөзсіз. Сол себепті де, кәсіпкерлердің инвестициялары әлеуметтік саланы нығайту мен инфрақұрылымды дамытуға бағытталып, ел экономикасының өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді. Бұдан кейін, облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасы мен кәсіподақтар орталығының өкілдері Бірлік ауылдық округінің Мәдениет үйінде ауыл әкімдерінің қатысуымен жиын өткізді. Басқосуды өткізудегі басты мақсат – аудандағы міндетті зейнетақы жарнасы жоқ тұрғындарды анықтап, олардың еңбек қатынастарын заңдастыру болатын. Осы мақсатта Мойынқұм ауданында бұған дейін екі мәрте семинар-кеңестер өткізіліп, тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Соған қарамастан, ауданда бейресми жұмыспен қамтылған тұрғындардың еңбек қатынастарын заңдастыру, міндетті зейнетақы жарнасы жоқ адамдардың санатына енгізілген азаматтарды анықтау жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмей отырғандығын айта кету керек. Мәселен, үстіміздегі жылдың ақпан айынан бері өңірімізде міндетті зейнетақы жарнасы жоқ 23114 адам анықталса, оның 4009-ы еңбек қатынастарын заңдастырып,еңбек шарттарын жасаған. Сонымен бірге 17535 адам өзге санаттарға ауыстырылыпты. Ал Мойынқұм ауданында жыл басынан бері небәрі 62 еңбек шарты жасалған көрінеді. Оған қоса, 98 адам басқа санатқа ауыстырылған. Бұл облыстық көрсеткіштің тек 1,5 пайызын ғана құрайды. Демек, бұл аудандардың арасындағы ең төмен көрсеткіш болып отыр. Міне, осындай мәселелерді айта келіп, аудандағы ауылдық округ әкімдерін сын тезіне алған еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Серғали Айдапкелов осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру керектігін ескертті. Өз кезегінде, аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Есеев әкімдік тарапынан жүргізіліп жатқан шараларға тоқталып, сыннан нәтиже шығаратындығын жеткізді.

 

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар