алға басатын заман
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Мен еліміз мықты әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдім», деп XXI ғасырдағы ұлттық сана, бәсекелік қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы туралы халыққа өз ойын білдірген болатын. Жоғарыда аталған мәселелер қазіргі таңда өзекті және уақытында қолға алынған іс екені ақиқат. Осынау мақала біздің көкейіміздегі көптеген ойларды қозғай білді. Тәуелсіз еліміз шынында да рухани жаңғырудың, жаңарудың жаңа сатысына қадам басқаны баршамызды қуантады. Уақыттың өзі біздің жаңаша қалыптасуымызды жүктеп отырғаны еш талас тудырмайды. Түбіміз түркі, дініміз ислам екені мәлім. Осы тұрғыдан алғанда кез келген мемлекеттің ел болып қалыптасуының өзінің негізі болады. Ол – жер, тіл, дін, дәстүр екені айтпаса да белгілі. Қазіргі таңда дін де, діни ағымдарда өте көп. Әр діннің және діни ағымның жекелеген көшбасшылары өздерінің түсінігі бойынша саяси, әлеуметтік, географиялық себепке байланысты дінтанымдарды түсіндіруде. Сол секілді, қазақ халқының өзіне тән діни сенімі мен сауаты бар. Әрине, ол – дәстүрлі діни таным. Дәстүрлі діни таным дегеніміз – біздің ұлттық болмысымыздың өзегі. Қазақ мәдениетінің өзегін ислам дінінсіз елестету мүмкін емес. «Дін ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің», демекші, еріккеннің ермегіне айналмауы керек. «Торғай сойса да қасапшы сойсын», деген ұстанымды ұстанып, дін жөніндегі мәселелермен біріншіден ғалымдар, дінтанушы-теолог мамандар және сарапшылар айналысуы керек. Себебі қоғамымызда болып жатқан дау-дамайлар қазақы рухта діни білім алмаған азаматтардың кесірінен екені сөзсіз. Дінді желеу етіп, екпеден бас тарту, музыкаға тыйым салу, сурет салуды күнә деу, мектептің тәртібіне діни себепті бағынбау секілді кикілжіңдер елдің іштен бөлінуіне және таза ислам дінінен күдіктенуге әкеліп соғуда. «Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында жау көбейеді», діни бүлікшілердің бетін қайтарып, қоғамды біріктіру үшін қазақтың дәстүрлі діни танымына оралу керек. Бұл идеяны дінтанушы ғалым Досай Кенжетай, Зікірия Жандарбек, Мекемтас Мырзахметов секілді айтулы азаматтар да тілге тиек етіп жүр. Себебі қазақтың дәстүрлі діни танымы мейірімділікке, татулыққа, адалдыққа, толеранттылық пен гуманизмге негізделген. Хәкім Абай: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дегені де алға тартқанда елімізде тұратын 130-дан аса ұлттың нәсіліне, жынысына, түсіне, дініне қарамастан адам болғаны үшін жақсы көруге үндегендей. Қазақтың жерінде жүрген азаматтардың бәрі бір-бірін құрметтеуі – адамгершілік қасиеттен, иманнан. «Отан отбасынан басталады». Демек, әке мен ана балаларын үлкен-кіші, ұл-қыз демей, бәріне бірдей махаббат мейірімін төгетіні секілді, біздің елімізде тұрып жатқан өзге ұлт, өзге дін өкілдеріне де құрметпен қарауымыз – ел шаңырағының биік және шайқалмауына кепіл болары сөзсіз. Дәстүрлі емес діни ағымдар және экстремистік топтар тек өздерінен басқаның бәріне қатыгез болуға, «тек біздің жол ақиқат, қалғанының бәрі адасқан «шірк», «харам», «бидғат» деп адамдардың санасында жат діни таным қалыптастырып, қоғамды жік-жікке бөліп, халықты билікке айдап салып, революциялық жолмен билікті басып алуды көздейді. Сондай діни ағымдардың (сәләфилік, тәкфіршілік, Таблиғи жамағаты, құраншылар) жетегінде кеткен ұл-қыздарымыздың тағдыры ойран болып, өмірлері түнекке айналуда. Арлы да иманды болып өсіп келе жатқан қыз балалардың тағдырын ойран қылған жат діни ағым өкілдерін интернет пен теледидардан жиі көрудеміз. Осындай оқиғалар бізді бейжай қалдырмауы керек. Ұлымыз жат діни ағым өкілдеріне құл, қызымыз күң болмасын десек, ұрпақты қазақтың дәстүрлі діни танымы негізінде тәрбиелеп, дәстүрлі діни танымның негізін салған Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың діни ұстанымдарын жандандыру қажет. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес. Яғни реализм мен прагматизм ғана таяу онжылдықтың ұраны болу керек» деп заманның озық білімі мен ғылым технологиясын игеруіміз керек екенін жеткізді. Ал діни ағымдар болса, фанаттық идеяға сеніп тек діни догмалармен шектеліп, мемлекетімізді дамытатын мәселелерді қозғаудың орнына, «намазда «әминді» іштен айтамыз ба?», «Құдай қайда?», «орта ғасырдағы мұсылмандар халифаты күшті болыпты» деген секілді уағыз-насихаттарымен елімізді орта ғасырға сүйреуде. Өз уақытында Қожа Ахмет Ясауи бабамыз болса, заманға төтеп беретін бәсекелі ел болуды насихаттап, түркі жұртының басын біріктіріп, үлкен империялық мемлекетке айналдырғаны тарихи шындық. Сауд Арабиясы, Мысыр, Кувейт секілді өзге де елдердің күмәнді діни оқу орындарынан оқып келіп, сол мемлекеттің дәстүрін, мәдениетін насихаттап, қазақтың дәстүріне түзету жасаушыларға жол бермеуіміз керек. Қазақ атам «У ішсең руыңмен» деп туған жерін сатпауға үндеген. Тоқсан ауыздың тобықтай түйіні «Уықты ұстайтын – басқұр, халықты ұстайтын – дәстүр», дінімізге, тілімізге, дәстүрімізге берік болайық!
Ерзат ЖАҚЫПОВ, облыс әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» басшысының орынбасары.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді