«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Үш есе инновация, төрт есе креатив»

«Үш есе инновация, төрт есе креатив»
ашық дереккөз
«Үш есе инновация, төрт есе креатив»
[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="83384,83385,83386,83387"]

дейді елімізге белгілі блогер өркен кенжебек

Қазіргі уақыт – шапшаңдықтың, жеделдіктің, жаңашылдықтың, білімнің заманы. Қай жерде де білімдіге жол ашық. Сол білім мен тәжірибеңді қажет жерінде қолдана білу үшін де шеберлік пен ептілік, төзімділік қажет. Ол үшін білікті мамандардан кеңес алғанның артықтығы жоқ. Осы орайда «Достық» үйінде облыстық ішкі саясат басқармасы, Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен «Баспасөз қызметі мен БАҚ арасындағы байланыстың тиімді жолдары» атты семинар-тренингтің үйретері көп болды. Семинар-тренингті облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали ашып, жиынның маңыздылығы мен өту барысына тоқталып өтті. Ол осы семинарда тренинг өткізуге медиатренер, «Ақпарат саласының үздігі», республикалық «Нұр Сұңқар» байқауының «Ең үздік блогер» аталымының жеңімпазы Өркен Кенжебек пен саясаттанушы, Батыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі Жарқын Түсіпбекұлы шақырылып отырғанына, аталған екі модератордың да республикалық деңгейде ақпарат, жаңа медиа әлемінде мол тәжірибе жинап ысылған азаматтар екеніне тоқталып, семинар-тренинг жұмысына сәттілік тіледі. Ө.Кенжебек республикалық басылымдарда ойлы мақалаларымен танылған журналист, қазіргі таңда халықаралық «Хабар-24» телеарнасында интернет дирекциясы директорының орынбасары болса, Ж.Түсіпбек республика бойынша «Жергілікті атқарушы органдар арасындағы ең үздік баспасөз қызметі» номинациясын иеленген, «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында қызметте жүріп ысылған маман. Семинар-тренингке қатысуға облыс әкімі баспасөз қызметінің және облыстық ішкі саясат басқармасы, Өңірлік коммуникациялар қызметінің мамандары, басқармалар мен аудан әкімдерінің баспасөз хатшылары және БАҚ өкілдері шақырылды. Әуелі Өркен Кенжебек өз кезегінде баспасөз саласының қызметкерлерін жаңаша ойлауға, жаңа идеяға бай болуға жетелеп, өз ісінің шебері болуға шақырды. Жиналған мамандарды ойын ойнату арқылы да басқаша ойлауға үндеп, танымдарын дамытуға талпынды. Әсіресе жас мамандарға негатив (жазықсыз айыптау) пікірлермен қалай күресу қажеттігін түсіндіріп бақты. Мәселен, әлеуметтік желіде өз ойын еркін білдіріп, Бауыржан Момышұлы мен Рақымжан Қошқарбаевтың батырлығын мойындамайтындар да бар делік. Бұл теріс көзқарасты қалай өзгертуге болады? «Жоқ, олар батыр» деген құрғақ сөздермен олардың ойын өзгерте алмайды екенбіз. Керісінше, «Бауыржан жау қоршауын бес рет бұзып шықты» немесе «Рақымжан Қошқарбаев Рейхстагқа Ту тігер сәтте 300 метр жерді 7 сағатта жербауырлап жүріп өтті» десек, сенімді болатынын атап өтті. Ө.Кенжебек қатысушыларды топқа бөліп, өзге де ойындар өткізу арқылы сала өкілдеріне абсютті (өзекті нәрсені) болмашыға, негативті позитивке айналдыру жолдарын тәптіштеп түсіндіріп, сәтсіздіктің өзін қолайлы сәтке, жолын табу арқылы қожырап тұрған істі жетістікке жеткізуге болатынын бірнеше әлем елдерінің қайраткерлері мен кәсіпкерлерінің өмірінен келтірген мысалдармен айқындап берді. Сөзінің түйінінде кез келген аудан әкімі мен басқарма басшысының жұмысын ақпарат айдынында көрсету, оларға жақсы имидж қалыптастыру баспасөз хатшыларының шеберлігіне байланысты екеніне тоқталып, оларды үш есе инновацияны дамытып, төрт есе креативті болуға шақырды. Мұнан соң Жарқын Түсіпбекұлы Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы болып жүрген жылдардағы жинаған тәжірибесімен бөлісіп, нақты мәселелерге тоқталды. Ол алдымен «Баспасөз қызметі деген не?», «Баспасөз хатшысы кім?» деген сауалға жауап беріп, 2016 жылы Ақпарат және коммуникация министрлігі құрылғанына, содан бері әр мекемеде БАҚ өкілдерімен жұмыс атқаратын маман болуы керектігі жолға қойылғанына тоқталды. Одан әрі ол жиналған қызметкерлерге Баспасөз туралы заңның баптарын қалай пайдалану керектігін, баспасөз баянын әзірлеу жолдарын түсіндірді. Ж.Түсіпбекұлы жаңа медианы игеру және пайдалану, әр салаға мониторинг жасап отыру, күндіз-түні барлық деңгейдегі басылымдарды оқып және телеарналарды тыңдап, әлеуметтік желілерді бақылап отыру баспасөз хатшысының басты міндеті екенін айта келіп, фотоаппаратпен жұмыс және видеоны ұйымдастырудың да маңыздылығына тоқталды. Семинарға қатысқан қызмет­керлердің екі модератордан да өздеріне қажетті мәліметтерді молынан алғаны анық. Жиынды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәлиұлы қорытындылап, модераторларға және қатысу­шыларға алғысын білдірді.

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар