«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бес бастаманың орындалу барысы қалай?

Бес бастаманың орындалу барысы қалай?
ашық дереккөз
Бес бастаманың орындалу барысы қалай?

Мемлекет басшысының наурыз айында жарияланған бес әлеуметтік бастамасының өңіріміздегі орындалу барысы көңіл көншіте ме? Ондағы міндеттер мен тапсырмаларды жүзеге асыруда қандай жұмыстар қолға алынуда? Елбасының әлеуметтік бастамаларының әлеуеті мен тиімділігін облыс тұрғындары қалай пайдалануда? Апта басында облысымызға арнайы келген «ҚР Президентінің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыруды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес мүшелері, Парламент Мәжілісінің депутаттары Әбдіманап Бектұрғанов пен Жамбыл Ахметбеков осы сауалдарға жауап іздеді. Мәжілісмендер өңіріміздегі жұмыс сапарында бастама бойынша істері ілгерілеп жатқан кәсіпорын, мекеме мен нысандарға атбасын бұрып, жағдайларымен танысты. Қонақтарды ертіп жүрген облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков және бірқатар тиісті басқарма басшылары, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының өкілдері атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Алдымен Байзақ ауданындағы «Лесняк» жеке кәсіпкерлігінде болған халық қалаулылары ондағы сүт өндеу және сүт өнімдерін шығару жұмыстарынан хабардар болды. Кәсіпорын Президенттің бес бастамасының төртінші бағыты – «Шағын несие беруді көбейту» бойынша өз ісін кеңейтуге төмен пайызбен 18 миллион теңге кредит алған. Ол қаржыға қосымша құрылғылар сатып алып, өнеркәсіп қуаттылығын арттырған. Бүгінде күніне 14 тонна сүт өндеп, түрлі өнімдер шығарып отыр. 20-ға жуық аудан тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтыған. Сондай-ақ кәсіпорын жүзден астам ауыл шаруаларының басын қосып, кооператив құрған. Олардың өнімдерін өткізіп, табыс табуына да үлкен септігін тигізуде. Елбасы бастамасының үшінші бағыты – «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» екендігі белгілі. Бұл бойынша да облысымызда оң шаралар қолға алынуда. Соның бірі деп Тараз инновациялық-гуманитарлық университетіндегі студенттерді жатақханамен қамту ісін айтсақ та болады. Аталмыш жоғары оқу орны «Тараз» қонақ үйін сатып алған. Бұрынғы қонақ үй ғимаратын кезең-кезеңімен ағымдық, күрделі жөндеулерден өткізбек. Қазірдің өзінде нысанның 2-3-қабаттарында ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осы қабаттардағы жөндеу шаралары жуырда толығымен аяқталып, қыркүйектен бастап оған 160 студентті орналастыру жоспарлануда екен. Бұл туралы қонақтарға ТИГУ проректоры Санат Әшірбеков айтып берді. Ал нысан толық жөндеуден өткеннен кейін мұнда 200-ден аса студент жатақханамен қамтылады деп күтілуде. Мәжіліс депутаты Ә.Бектұрғанов облыс бойынша қанша студент жатақхана кезегінде тұрғанын сұрады. Оған жауап берген Бекболат Серікбекұлы қазіргі таңда өңірімізде 48,5 мыңға жуық студент болса, оның 2,5 мыңы жатақхана кезегінде тұрғанын жеткізді. Бұдан соң депутаттар Тараз қаласындағы №15 мөлтек аудандағы бес қабатты үйлердің құрылысымен танысып, «7-20-25» бағдарламасының орындалу барысын барлады. Жаңа мөлтек аудандағы жыл соңына дейін тапсырылуы тиіс 10 үйдегі жалпы пәтер саны – 800. Облыс орталығы бойынша баспана кезегінде 15,3 мың адам тұр десек, Елбасы бастамасы аясында аталмыш бағдарламамен 9 мыңға жуық отбасын баспанамен қамту көзделуде. Бұл пәтер кезегінде тұрғандардың 58,8 пайызын құрайды. – Елбасы бастамасының бірінші бағыты бойынша жасақталған «7-20-25» бағдарламасы әр отбасыға үлкен мүмкіндік сыйлады. Баспаналы болу үшін алғашқы жарнаның көлемі де 20 пайызға дейін төмендетілген. Бұл тұрғындар үшін тиімдірек болғаны сөзсіз. Жергілікті әкімдік, жауапты мемлекеттік органдар бұл бағдарламаның тиімділігі, артықшылықтары туралы халыққа кеңінен насихат жүргізуі керек, – дейді Ә.Бектұрғанов. Ал облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев бағдарлама бойынша бір орталық ашу керектігін ұсынды. Баспаналы болғысы келгендер жан-жаққа сандалмай, бір орталықтан барлық мәліметке қаныға алатындығын жеткізді. Ұсынысты мәжілісмендер ескеріп, Парламент төрінен көтеретіндеріне сендірді. Халық қалаулылары шағын нәсие алып, тәулік бойы жұмыс жасайтын сән салонын ашқан Тұрсынай Байғабылованың жеке бизнесімен де танысты. Соңынан М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде өткен кеңес отырысына қатысты. Алқалы жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков баяндама жасап, бес бастама аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімдеді. Сондай-ақ ТарМУ ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков жатақханамен қамту шараларын баяндады. Парламент Мәжілісінің депутаттары, республикалық қоғамдық кеңес мүшелері Әбдіманап Бектұрғанов пен Жамбыл Ахметбеков Елбасының бес бастамасының өңірдегі орындалу барысына оң баға беріп, алайда жұмыстарды әлі де жандандыра түсу керектігіне назар аудартты. Сонымен қатар бұл жұмыс сапары бойынша талдау жасалынып, ол Үкіметке жолданып, Елбасыға баяндалатын қорытындыға негіз болатынын жеткізді.

Жанғазы АХМЕТ

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар