Жамбылдан шыққан спорт тарландары

Жамбылдан  шыққан  спорт тарландары
ашық дереккөз
Жамбылдан шыққан спорт тарландары

енді олардың деректері архивте сақталады

Тараз қалалық мемлекеттік архиві мекемесі игі іс бастап, Олимпиада ойындарында, әлем, Азия чемпионаттарында және Азия ойындарында жеңімпаз немесе жүлдегер атанған белгілі спортшылардың жеке тектік құжаттарын, медальдары мен диплом, кубоктарын жинауды қолға алды. Чемпиондардан тектік құжаттарды қабылдау рәсіміне арналған «Жамбылдың спорт тарландары» атты кездесу аталған архивтің мәжіліс залында өтті. Мекеме қызметкерлері спорт саңлақтарына арнап, арнайы бұрыш ұйымдастырыпты. Жиынды облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мадиева сөз сөйлеп ашып, жүргізіп отырды. Ол еліміздің атын шығарған даңқты спортшылардың ортамызда отырғанын, олар жайлы барлық мәліметтер осы архивте сақталатынын айтты. Құжаттар келешекте даңқты спортшылар жайлы кітап жазамын деушілерге және чемпиондардың өмірін зерттеушілердің ғылыми жұмысына қызмет ететіні анық. Мәселен, облыс бойынша архивтерде 886 мекеменің құжаты сақтаулы, 4994 қор бар. Облыстық архивте ұлтымыздың біртуар перзенттері Т.Рысқұловтың, Бауыржан Момышұлының тектік құжаттары сақталған екен. Шара барысында Тараз қалалық архивінің директоры Бақыт Әбдікәрімова көпшілікті спортшыларға арналған бұрыштармен таныстырып өтті. Бұл шараға жүзу спортынан Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Паралимпиялық ойындарының чемпионы, республикалық «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Зүлфия Ғабидуллина, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, республикалық «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Ақжүрек Таңатаров қатысты. Олар жиналғандар алдында сөз сөйлеп, жеңістерге жету, ол жеңістерді отандастарыңмен бөлісу үлкен бақыт екеніне тоқталды. Маңызды жарыстардағы қиын да қызықты сәттерден сыр шертті. Шара соңында Сара Мадиева кездесуге келіп, әсерлі әңгімелерімен бөліскен белгілі спортшыларға алғысын білдіріп, құрмет көрсетті.

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар