Елбасы солтүстік өңірге көшіп барған отбасылармен жүздесті

Елбасы солтүстік өңірге  көшіп барған отбасылармен жүздесті
ашық дереккөз
Елбасы солтүстік өңірге көшіп барған отбасылармен жүздесті
Елбасы Солтүстік Қазақстан облысына барып, Тайынша ауданы Ильичевка ауылына еліміздің басқа өңірлерінен қоныс аударғандарға арналған 14 тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Нұрсұлтан Назарбаев көшіп келген отбасылармен әңгімелесу барысында қоныс аударған тұрғындарға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтіп, өзінің де өмір жолы туралы айтып берді. – Менің Алматы қаласының маңында дүниеге келгенімді білесіздер. 17 жасымда туған өлкемнен кеттім. Мен осындай шешім қабылдап, түрлі өңірде еңбек жолынан өттім. Кездескен қиындықтарды жеңіп, бүгінгідей дәрежеге жетіп отырмын. Сіздер мұны балаларыңыздың болашағы үшін жасап жатырсыздар, – деген Президент ауылдың жаңа тұрғындарына зор денсаулық, табыс, бақ-береке тіледі. Жалпы 2018 жылы Солтүстік Қазақстан облысына 900 адамнан тұратын 235 отбасы көшіп келген. Барлығы жалдамалы пәтермен қамтамасыз етіліп, жұмысқа орналастырылды. Олардың көшіп келуіне және шығындарын өтеу үшін 1 миллиард теңгеден астам субсидия бөлінген. Осы күні Мемлекет басшысы облыстың ауыл шаруашылығы алқабын аралап көріп, егін ору науқанына дайындық барысымен танысты, сондай-ақ биыл Солтүстік Қазақстанның мол астық жинайтынына сенім білдірді. Елбасы өңір шаруаларымен әңгімелесу барысында ауыл шаруашылығы өнімін әртарап­тандырып, мал шаруа­шылығын дамыту қажеттігін атап өтті. – Бұл жетістіктермен тоқтап қалмай, өндіріске ғылыми және цифрлық технологияларды енгізу керек. Қайта өңдеу саласын дамытпай, еңбек өнімділігін арттыру мүмкін емес, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Кәсіпорындар жетекшілері еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен аграрлық секторға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқаны үшін Президентке алғыс білдірді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы облыс зауыттарында құрастырылатын тракторлар, комбайндар және басқа да астық жинауға арналған техникалар қойылған ауыл шаруашылығы көрмесін аралады. Содан соң Нұрсұлтан Назарбаев «Тайынша Май» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып, майлы дақылдарды өңдеудің және тазартылған майды өндірудің технологиялық процесімен танысты. Елбасы Солтүстік Қазақстан облысының еліміздегі топырағы ең құнарлы әрі ауыл шаруашылығына қолайлы екеніне және аграрлық салаға дәстүрлі түрде маманданғанына тоқталып, Қазақстан астығының төрттен бірі осы өлкеге тиесілі деп атап көрсетті. – Ауыл шаруашылығы әлеуеті әлі де тиісті дәрежеде пайдаланылып отырған жоқ. Осыған орай, облыс егіншілері, сөзсіз, жер өңдеу, астық өндіру ісінде жоғары деңгейдегі мамандар болып саналады. Дегенмен мал шаруашылығы саласын дамытумен де айналысу керек, – деді Мемлекет басшысы. Соңында Президент ауыл шаруашылығына ғылыми жетістіктер мен цифрландыруды енгізу, шекаралас өңірлермен ынтымақтастықты жандандыру, өнеркәсіп өндірісі мен туризм саласын одан әрі дамыту, сондай-ақ өңірдің инвестициялық және іскерлік тартымдылығын арттыру арқылы аймақтың аграрлық әлеуетін кеңейту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Ұқсас жаңалықтар