«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жамбыл – жеңімпаздар мекені

Жамбыл – жеңімпаздар мекені
ашық дереккөз
Жамбыл – жеңімпаздар мекені
Қасиет дарып, құт қонған Жамбыл жерінің спортшылары жанкүйерлер қауымын әрқашан толайым табыстарымен қуантып жүр. Сонау қылышынан қан тамған кеңестік кезеңнің өзінде грек-рим күресінің шебері Жақсылық Үшкемпіров Олимпиада чемпионы атанып, қазақ оғландарының қайратын көрсеткен еді. Боксшы Серік Қонақбаевтың күміс жүлдесі де естен шықпақ емес. Азаттыққа қол жеткен соң да өңір спортшыларының жеңісті жорықтары толастаған жоқ. Сидней Олимпиада-сында боксшы Ермахан Ыбырайымов алтыннан алқа тағынса, еркін күрес шебері Ислам Байрамуков күміспен күптелді. Ал Атланта мен Сидней Олимпиадаларында екі рет күміс медаль иеленген былғары қолғап шебері Болат Жұмаділовтің жеткен жетістігі – барша спортшыларға үлгі. Афиныда атой салған Бақтияр елге жалғыз алтынмен оралып, абыройымызды сақтап қалғаны да күні кеше сияқты еді. Лондонда атойлап жүріп қола жүлдегер атанған еркін күрестің майталманы Ақжүрек Таңатаров кімнен кем? Одан кейінгі буын дзюдошы Елдос Сметов, боксшылар Олжас Сәттібаев, Ғани Жайлауов, кәсіпқой бокста қыздар арасынан суырылып шыққан Фируза Шарипова, каратэ-додан Азия ойындарының жеңімпазы Гузалия Гафурова сынды өзге де ел мақтаныштарының табысы облыс үшін үлкен олжа. Бүгінде өңірімізде спортпен шұғылдануға барлық жағдай қарастырылған. 46 спорт мекемесінде жаттығатын жампоздарымыздың әлі талай биік шыңдарды бағындыратыны талас тудырмайды. Алты спорт клубы мен бұқаралақ-спорттық іс-шараларды өткізу орталығы, жоғары спорт шеберлігі мектебі, Олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығы, «Тараз-Арена» спорт кешені, облыстық мамандандырылған дарынды балалар мектеп-интернаты ұжымдары сайыпқырандарымызды тәрбиелеуге күш салуда. 35 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымдары да талмай еңбек етуде. Қысқасы, жамбылдық спортшылардың әлі талай аламандарда атой салуға мүмкіндіктері мол. Бүгін басталған Азия ойындарында бақ сынайтын боксшылар Асланбек Шымбергенов, Әбілхан Аманқұл және өзге спорт түрлерінен топқа түсетін оғландарымыз алтыннан алқа тағуға тырысатыны анық. Ел және өңір спортшыларының төл мерекесі құтты болсын!

Мәдениет және спорт бөлімі.

 

Лебіздер легі

  Қиындықпен күрескен адам чемпион атанады  width=Зүлфия ҒАБИДУЛЛИНА, жүзу спортынан Рио-де-Жанейро қаласында өткен Паралимпиялық ойындардың елімізден шыққан тұңғыш чемпионы: – Жеңіс ешқашан оңай келмейді. Жаттығу барысында спортшылар нәтижесін жақсарта түсу үшін түрлі қиындықтарды бастан өткереді. Тіпті ауыр жарақат та алып қалып жатады. Дегенмен талмай тер төккен спортшы қайткен күнде де ойындағы көрсеткішке қол жеткізіп, мерейі үстем болады. Спортшылар күні – біздің төл мерекеміз. Қазақстан намысын қорғап, әлемдік додаларда бақ сынап жатқан кезде біз әрқашан жауапкершілік жүгін сезінеміз. Топ жарсақ, күллі қазақ жанкүйерлері шаттанып, рухы асқақтайтынын жақсы түсінеміз. Сонымен қатар бапкерлеріміздің, жалпы сенім артқан барлық азаматтардың еңбегінің ақталғанын сезінеміз. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан спортшылары байрақты бәсекелердің барлығынан толайым табыстармен оралып жүр. Бұл елімізде спорттың өркендеуіне барлық жағдай қарастырылғанының айқын дәлелі болса керек. Жазғы спорт түрлері, мейлі, қысқы спорт түрлерінен болсын, отандастарымыз жеңіс тұғырынан көрініп жатқан кезде шын жүректен қуанамыз. Спортшылардың бәрі бауыр, туыс іспетті. Сондықтан бір-біріміздің спорттағы мансабымыз үшін іштей тілеулеспіз. Қазақстандық спортшылар мен бапкерлерді алда әлі талай сын күтіп тұр. Бұйыртса, әлі көптеген аламандарда ел сенімін ақтаймыз деген ойдамын. Спортшылардың төл мерекесінде бір кеменің ішінде жүрген барлық әріптестерімді, бапкерлерді шын жүрегіммен құттықтаймын. Шәкірттері үшін шыр-пыр болып жүрген барша жаттықтырушылардың еңбегі ақталса екен. Өзімнің жаттықтырушыма да зор алғысымды білдіремін. Жеңіске, қуанышқа толы күндеріміз көп болсын! Ел намысын абыроймен қорғаймыз!  width=Елдос СМЕТОВ, дзюдо күресінен Рио-де-Жанейро Олимпиадасының күміс жүлдегері, Әлем және Азия чемпионы: – Елімізде жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісі Спорт күні ретінде тойланатыны баршамызға мәлім. Сондықтан спортқа қатысы бар әрбір азамат атаулы мерекені асыға күтетіні жасырын емес. Қазақстан спортшылары тәу етер тәуелсіздікке қол жеткен кезден бері ел намысын абыроймен қорғап жүргені анық. Барлық Олимпиада ойындары мен әлем біріншіліктері, Азия чемпионаты мен Азия ойындарында көк Туымыз көкте желбіреп, Әнұранымыз шырқалып жүр. Бұл – азаттықтың арқасы. Спортшының жолы – ауыр жол. Бәріміз де кішкентай кезімізден бастап шүмектеп тер төгумен келеміз. Әрбір саңлақтың арманы – елінің туын желбірету, әлем алдында мемлекетінің мерейін асқақтату. Аллаға шүкір, отандастарымыз, әріптестерім сол сенім үдесінен шығып келеді. Жамбыл жері саңлақтарға ешқашан кенде болған емес. Спорттың көптеген түрінен алдыңғы буын ағаларым мен қазіргі замандастарым, кейінгі толқын іні-қарындастарым әлемдік, халықаралық додаларда жасындай жарқырап, жеңімпаз-жүлдегерлердің қатарынан көрініп жүргені зор мақтаныш. Атаулы мерекеде барлық спортшылар қауымын, бапкерлерді, саланың айналасында жүрген азаматтарды құттықтаймын! Армандаған нәтижелерге қол жеткізе берейік. Татулықты ту еткен еліміздің мәртебесі үстем болсын. Алла қаласа, әлі талай рет жанкүйерлерді жеңісті жорықтарымызбен қуантуға күш саламыз. Көк Туымыз көкте желбірей берсін!  width=Ақжүрек ТАҢАТАРОВ, еркін күрестен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері: – Әріптестерімнің сүйікті мерекесі Спортшылар күні де келіп жетті. Жалпы қай спорт түрімен айналыссаң да, оның барлық сынына төзу керектігін оғландарымыз жақсы түсінеді. Ел сенім артқан сайыпқырандарымыз әлемдік, халықаралық аламандарда топ жарып, жүлдегер атанып жатқаны қуантады. Жамбыл жерінен түлеп ұшқан спортшылар әрқашан жоғары жетістіктерге қол жеткізіп жүргені баршаңызға мәлім. Боксшыларымыз бен балуандарымыздың толайым табыстары көз алдарыңызда. Әріптестерім жеңіске жету үшін түрлі қиын жолдардан өтіп келеді. Бірақ сол қиындық атаулыға мықтылардың мықтысы ғана төзе білетінін қаперден шығармау керек. Әйтпесе талай «балуан боламын» деп келгендер соңына дейін шыдас бермей, орта жолдан қайтып кететіні жасырын емес. Спортта физикалық күш-қуат қана емес, ақыл да сынға түседі. Ал ақылды саңлақтардың қашанда спортта жұлдызы жарқырайтыны мәлім. Талантын талабымен ұштаған сайыпқырандар ғана зор жетістіктерге қол жеткізе алады. Спортшының басты қаруы – толассыз жаттығу, тынымсыз еңбек. Шүкір, бүгінгі таңда сол еңбегінің өнбегін көріп жүрген жерлестеріміз жеткілікті. Біз олармен әрқашан мақтанамыз. Жамбыл жері талантты жастарға кенде болған емес. Біздің саламызда да солай. Алдыңғы буын ағаларының ізін басқан жас жеткіншектер шоғыры қалыптасып келеді. Олардың да алар асулары алда екеніне бек сенімдімін. Бір терінің пұшпағын илеп жүрген барлық әріптестеріме, жаттықтырушылар қауымына зор денсаулық тілеймін. Төл мерекеміз құтты болсын! Жамбыл жерінің абыройы арта берсін! Алты балуанымыз абыройлы қайтсын!  width=Бейбіт ЫСТЫБАЕВ, қазақ күресінен «Қазақстан барысы» турнирінің үш дүркін жеңімпазы: – Спорт күні – біздің төл мерекеміз, ең қуанышты күніміз. Әр әріптесімді батыр деп есептесем артық емес. Осы мерекемізбен қатар бүгін Азия ойындары да бастау алады. Сары құрлық додасында біздің облыстан 6 балуан бақ сынайды екен. Осы сайыпқырандардың барлығына жеңіс тілеймін. Інілерім қоржындары жеңіске толып, мерейлері үстем болып қайтсын дегім келеді. Жамбыл жері даңқты спортшыларымен мақтанады. Сол Спортшылардың ізін басқан жеткіншектер аз емес. Ізімізді басып талантты інілердің шығып жатқаны – қуаныш. Азия ойындарында бақ сынайтын басқа да жерлестерімізге сәттілік тілеймін. Қазақстан боксшыларына жеңіс тілеймін  width=Олжас СӘТТІБАЕВ, бокстан Бүкіләлемдік бокс сериясының екі дүркін жеңімпазы, Азия чемпионы: – Спорт адамды ширықтырады. Саламатты өмір салтын ұстануға тәрбиелейді. Қай спортшы болсын, биік межелерді бағындыруды көздейтіні жасырын емес. Шүмектеп төккен тердің арқасында көк Туымыз көкте желбіреп, мәртебеміз асқақтайды. Ел-жұрты ардақтаған, қадірлеген сайыпқыран атану – әр әріптесімнің бақыты, бағы деп ойлаймын. Елдің құрметіне бөленгенде жеңіс жолындағы барлық қиындықты ұмытып кетесің. Өйткені Отан алдындағы парызды жоғары деңгейде орындау – зор абырой. Спорт күнімен барлық бапкерлерді, спортшы ағаларымды, соңымыздан ерген інілерімді шын жүректен құттықтаймын! Бүгін Азия ойындары басталады. Міне, осы аламанда жамбылдық спортшыларға, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасына, жерлестеріміз Әбілхан Аманқұл мен Асланбек Шымбергенов бауырларыма толағай табыс тілеймін. Команда жеңіл барып, салмағы ауыр алтын медальдармен қайтсын. Медальдар сыңғырымен оралсын. Барша әріптестерімнің көтеріңкі көңіл-күйде ел мерейі үшін қызмет ете беруіне тілектеспін. Жамбыл спортының мерейі өсе берсін!  width=Ғани ЖАЙЛАУОВ, бокстан Әлем чемпионатының қола жүлдегері: – Спортшылар үшін әр жарыстың өз қиындығы бар. Бір додада жеңіске жету үшін кемінде 3-4 ай ақ тер, көк тер болып дайындалады. Отбасының қызығынан да, айналасындағы барлық құндылықтардан да өзін шектеп, спортшы жарыстың қамымен жүреді. Сондықтан Спортшылар күні – ең мәртебелі мереке. Әр жеңіс еңбекпен келеді. Ол – спортшының және бапкерлердің еңбегі. Осы мерекемен жеке бапкерім, жанашырым болған Нұрлан Ақүрпеков ағайды құттықтағым келеді. Ол кісі осы Азия ойындарына тағы шәкірт дайындады. Бағы жансын, жеңіске жетсін. Азия ойындарында сынға түсетін жамбылдық барлық спортшыларға жеңіс тілеймін. Спорт – менің өмірім. Осы спорттың арқасында талай мемлекеттің топырағын басып, ел көрдік, жер көрдік. Қолымыздан келгенше ел намысын қорғадық. Саңлақ інілеріме де сәттілік тілеймін. Жамбыл спортының мерейі өсіп, даңқы арта берсін! Спортшының табысы – елдің табысы  width=Айжан АҚЫЛБАЕВА, «Айша бибі» су добы клубының ойыншысы: – Барлық спортшылар мен бапкерлер секілді біздің команданың ойыншылары да бұл мерекені асыға күтеді. Кішкентай кезімізден су добымен шұғылданып келеміз. Талай аламандарда бақ сынап, еліміздің мерейін арттыруға күш салып жүрміз. Алда әлі көптеген аламандар бар. Бар мақсатымыз – бізге сенім артқан бапкерлердің, жанкүйерлердің сенім үдесінен шығу. Қай кезде болсын, командалық спорттан бөлек, жекелей спортшыларымыздың байрақты бәсекелерде жұлдызы жарқырап, жеңіс тұғырынан көрініп жатқанынан хабардармыз. Солардың мерейі тасығаны үшін шын жүректен қуанамыз. Өйткені әріптестеріміздің табысы – елдің табысы. Біз мұны өте жақсы түсінеміз. Спорт саласының отымен кіріп, күлімен шығып жүрген барлық азаматтарды төл мерекемен құттықтаймын. Азия ойындарына қатысып жатқан еліміздің оғландарына сәттілік, табыс, жарқын жеңістер тілеймін. Әне-міне дегенше, Жапония астанасы Токио қаласында жалауы желбірейтін Олимпиада ойындары да келіп жетеді. Тәуелсіз мемлекетіміздің сайыпқырандары сол сынға қазірдің өзінде ынта-шынтасымен дайындалып жатқаны талас тудырмайды. Бұйыртса, қазақ спортшылары Олимпиада ойындарына берілетін жолдаманы молынан иеленсе екен. Төрт жылда бір келетін әлемдік додада бұрын-соңды болмаған нәтиже тіркеліп, рекордтық көрсеткішке қол жеткізуді жазсын. Бапкерлеріміздің, сайыпқырандарымыздың сенімі ақталсын. Спорт күні мерекесі тағы да құтты болсын!

Ұқсас жаңалықтар