«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Қазақтың әні өлсе, әдебиеті жесір қалады»

«Қазақтың әні өлсе, әдебиеті жесір қалады»
ашық дереккөз
«Қазақтың әні өлсе, әдебиеті жесір қалады»

– Қазақ даласы ән-жырға бай, әр өңірдің өз мақамы, сазы бар. Осының өзін музыка зерттеушілері бөле-жара қарап, бүгінде теріс тенденция ұстанып жүрген сияқты. Әрі-беріден соң қазақтың әні бір емес пе? Өзіңіз бұл орайда таразы басын тең ұстап жүрсіз бе? 8– Құдайға шүкір. Мұны бүкіл халық біледі. Қазақ әндерін бөле-жармай орындауды консерваторияда ұстаздық етіп жүргенімде-ақ қолға алғанмын. Сол тұста бұл бастамам көп адамға ұнамаған. Әлі күнге дейін арамызда мұндай көзқарастағы адамдар бар. Батысты айтатын адамдар Арқаның әуенін айта алмайды, Арқаны айтатындарға Жетісудың мақамы тән емес, жетісулықтар Сырға мүлдем бара алмайды деген сынды қасаң пікірлер бой көрсетіп қалып жатады. Меніңше, бұл ең алдымен, ниетке байланысты. Әншінің құдай берген қабілеті, таланты деген болады. Қайта-қайта қаузап жүріп консерваторияда осыны бір жолға қойдым. Бүгінде бұл оқу ордасын бітірген әнші барлық аймақтың әндерін үйреніп шығады. Бұдан жаман болып жатқан жоқ. Батыстан келген қыз бала тек Батыстың әуенін үйреніп жатыр делік. Ертең ол қарағандылық жігітке тұрмысқа шықса ше? Мүмкін мектепте, мүмкін колледжде ұстаз болар. Сол кезде ол шәкірттеріне тек қана Батыстың әнін үйретіп қана отырмайды ғой. Ата-анасы келіп «Менің балама өзіміздің Мәдидің әнін, Манарбектің әнін үйретіңіз» десе ше? Содан өзі жұмыссыз қалмай ма? Мұндай жан-жақтылық әсіресе, филармония әншісі үшін өте-мөте қажет. Міне, мен шәкірттеріме осылай үйреттім. Консерваторияны бітірген әншінің артықшылығы, ол – барлық өңірдің әнін, мақамын, сазын меңгере білуі, қазақтың әнін жүрегіне сыйғызып, құшағына алуы. Сонда ғана қазақтың әншісі деген дәрежеге көтеріле алады. Бір өңірдің әнін салып, сол мақаммен ғана айта алатын адам сол аймақтың деңгейінде қалып қоймақ. Осымен байланысы бар қызық оқиғаны айта кетейін. Арқаның атақты әншісі Жүсіпбек Елебеков бірде батысқа барыпты. Бірінен-соң бірін тамылжытып, «Жиырма бес», «Қарқаралы», «Ақбақай» сынды Арқаның әндерін орындаған ғой. Сонда көптің арасынан бір қария шығып: «Айналайын, Жүсіпбек, енді қазақша айтшы» депті. Сонда Жүсекең ренжіп: «Мен бағанадан бері қай тілде ән салып тұрмын?» депті. Сөйтсе, қазақша айтшы деп тұрғаны өзіміздің Ғарифоллаша бұрқыратып, төгіп айтшы дегені екен ғой. Ұшса құстың қанаты талатын біздің кең-байтақ еліміздің ана шеті мен мына шетіне ол заманда бұл әндер жетпей жатты. Әркім өз қазанында қайнады. Ал қазір оңтүстік пен солтүстік, күнгей мен теріскей бір-бірімен мидай араласып жатқан бір Қазақ деген мемлекет болдық. «Жылдам хабар алғызған» бұл уақытта біз ортақ өнерімізді білуіміз, құрметтеуіміз, бағалауымыз қажет. Ал, әншілік өнердің өз алдына мектеп болып бөлінгені – біздің ұлы байлығымыз. Бұл үрдісті барынша сақтауға тырысу керек. Бұл домбыраның сүйемелдеуіне, сосын әншінің орындау шеберлігіне байланысты. Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев, Жамал Омарова, Рабиға Есімжанова, Роза Бағланова өздерінше бір-бір мектеп болып қалыптасты. Біз олардың арғы жағын білмейміз. Олар да мұны өздерінің алдыңғы толқын аға, әпкелерінен үйренді ғой. Бізде де осындай әншілік өнердің мектеп болып қалыптасқан өз өкілдері бар. – Бұл көшірме болып қалмай ма? – Дұрыс айтасыз, бұл көшірме болмауы керек. Мысалы, мен Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкіртімін. Ол – ХХ ғасырдың ұлы әншісі. Ұстаздан шәкіртке өнер берілген кезде өзінің дауыс иірімдерін меңгертеді. Шәкірті кейде ұстазының бет әлпетіндегі қимыл-қозғалыстарына дейін қайталап «көшіріп» алады. Бірақ бұл ессіз қайталаушылық болмауы керек. Ғарекең өзі актер еді ғой. Әнді айтқан кезде қасы, көзін ойнатып, иегіне дейін қимылдап, көздерін аударып-төңкеріп жіберген кезде бүкіл ел күлкіден қырылып қалатын. Ахмет Жұбановтың жазғаны бар. Ауғанстанға барған кезде Ғарекең «16 қызды» айтыпты. Ол жақта ер адамдар бір бөлек, әйелдер бір бөлек отырады екен. Ғарекең осы бөлінушілікке саяси көзқарасын білдірейін деп әдейі осы әнді айтыпты дейді. Балконда отырған әйелдерге «Ұрқия-ай, Зұлқия-ай, Қатира-ай, Сағира-ай...» деп, қайта-қайта қарап қоймапты. Әйелдер болса, ұялғандарынан шәлілерімен беттерін тұмшалапты. Ал ер азаматтар жағы «Менің әйелім қалай отыр екен?» дегендей артына ожырая қарапты дейді. Сондағы Ғарекеңнің шеберлігін кейін қайталағысы келгендер болды. Бірақ ол шынайы болуы керек қой. Тума таланттылығы ғой. Бұл біреуге жарасады, біреуге жараспайды. Мұндай шеберлік іштен туа болуы керек. Ең абзалы, ізденген жақсы, жақсы нәрсені қабылдаған, меңгерген дұрыс. Түптеп келгенде қазақтың әні бір-ақ ән. Шетелдіктер тыңдаған болса, мұның айырмасын байқамайды. Сондықтан, бұл менің артықшылығым да болар, еліміздің қай өңіріне барсам да дархан даламның қай өңірінің де әнін теңдей етіп айтып жүремін. – Сіз кезінде Төлеу Үшқоңыровтың «Айған-айым» әнін нәшіне келтіре ұзақ уақыт шырқап жүрдіңіз. Осы ән көпшіліктің жүрегіне жылы тиюші еді. Соңғы кезде бұл әнді репертуарыңыздан неге тыңдай алмай жүрміз? Ол кісімен байланысыңыз қандай? – Төлеу Үшқоңыров – менің жездем. Мұстафа дейтін көкеміздің қызы Айған тәтеміздің жан жары. Бүгінде Төлеу жездеміз екеуі айрандай ұйыған бақытты отбасы. Төлеу жезде үйге келгенінде әжеме «Сіңліңізге ән арнадым, тыңдайсыз ба?» дейді. Әжем сонда: «Тәйт, әрі, тірі кісіге де адам ән арнай ма?» дейтін. Сол «Айған-айым» әні қазақ отбасындағы ер азаматтардың әйеліне деген махаббатының бір символындай болды. Бұл әнді шынында да халық сүйіп тыңдады. Менің репертуарымда бұл ән әлі де бар. Репертуарымда әндер өте көп болғандықтан арасында үлгермей жатамыз. Күні кеше ғана Астанада ән кешім болды. Сонда халық менің бұрынғы репертуарымдағы әндерді сұрап жатты. Мұхиттың әндерін, халық әндерін, соның ішінде кезінде айтып кеткен «Қызылжар-Семей», «Қуатым- ай» деген әндерді де айтуымды қалайды. Нартайдың әндерін, Махамбеттің термелерін сұрайды. Ол үшін уақыт, оны айтатын жиі-жиі концерттер болу керек. Тыңдайтын орта, айтатын жер болуы қажет. Шыны керек, жұмыс бабымен көптеген концерттерге қатыса алмаймын. Осы себептен де «Айған-айым» да сирек естіліп кеткен болар. Төлеу ағамыз – өзі заң саласының маманы болса да өнер десе ішкен асын жерге қоятын адам. Ауылға барған кезімде міндетті түрде үйіне соғып тұрамын. Бала-шағасының рәтін көріп, тату-тәтті өмір сүріп отырған отбасы. Осындай ел ішінде жүрген азаматтарға қол ұшын беріп, олардың басын қосып, ән кештерін беріп жатсақ жарасар еді ғой. Бірақ, филармонияда кәсіби мамандармен бірге жұмыс жасаймын, өзімнің ұжымым бар. Осы ортамды ел ішіне таныстырып, өнерін насихаттаудан қолым тие бермейді. Халық шығармашылығы орталығымен бірігіп болса да болашақта ел ішінде елеусіз жүрген таланттардың басын қосып, бір кеш өткізуге болады. – Былтыр «Жатсынба мені, жас ғұмыр!..» атты жыр кешін өткізіп едіңіз. Мұның да осындай бір жобасын жасауға болатын шығар... – Иә, осы өңірден шыққан, өмірден өтіп кеткен талантты ақындардың кешін өткіздім. Мынау да жақсы идея екен. Ел ішінде жүрген композиторлармен, олардың шығармаларымен халықты бір қауыштыру жоспарымда бар. – Әнге «жиендік» жасайтындар көбейіп кетті. Әсіресе, мына соңғы кездердегі хит деп жүрген әндерді шетелден ұрлайтындар көбейді. Мұның ұлттық өнерімізге салқыны тиіп жүрмей ме? – Қайта мұның қазір кішкене бәсеңсіп тұрған кезі. Бір кездері бұл үдеп кетіп еді. Қатты айқай болып, біразы сотқа дейін жетті. Композиторлар одағы бұл жерде пәрменді жұмыс жасауы керек. Жаңа әндерді есепке алып, жақсысын бағалап, нашары болса сынап, композиторлармен жұмыс жасап, олардың шығармалары жарыққа шығуына қолдау көрсетіп отыруы керек қой. Кейбір дүние өзінің уақытымен келеді. Бірақ, бұрынғы өткен композиторлар жайлы біз нақты ештеңе айта алмаймыз. Мысалы, Сегіз сері туралы қандай шу болды. Оны ақыр аяғында жоқ қылдық. Ол бар болды ма, жоқ болды ма әлі белгісіз. Екі жақ дай-дай болып бөлінді. «Қазақтың халық әндері» және «Халық композиторларының әндері» деген екі томдық шығарылған кезде соның ішінде жазылды. Біздің кейбір халық әндерімізді Сегіз серінікі және оның айналасында жүрген Гүлтөбе-Маманай деген жерден шыққан сал-серілердің әндері деп біраз адамдарды кітапқа енгізді. Ал енді Солтүстік Қазақстанның дәл осы жеріне қарасаңыз бүгінде бірде-бір әнші жоқ, не ақын, не сазгер жоқ. Кезінде филология саласы бойынша кандидаттығымды қорғаған кезімде сол өңірге бардым. Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» повесі бойынша ізденіп жүрген кезім еді. Бес-алты қарт кісілер отыр екен. Олар «Балуан Шолағыңды да, Мұқановыңды да білмейміз» деді. Содан Сегіз серіні сұрап қалып ем, әлгі кісілер шулап қоя берді. «Сен Сегіз серіні жоққа шығарып, солардың сөзін сөйлеуге келіп отырған адам екенсің ғой» деді. «Ағалар, кішкене сабыр сақтаңыздар, менің Сегіз серіге еш қатысым жоқ. Консерваторияда ұстаздық жасап отырған қазақтың әншісімін. Маған ақ-қарасын айыру керек. Мен ұстаздық, оқытушылық жасап отырмын. Ертең мен балама қалай үйретемін, ол солай алып кетеді» дедім. Олардан Сегіз серінің осы әндердің бәрін шығарған деуге қандай негіздері бар екенін білгім келді. Сөйтсем, қолдарында бір кітаптары бар екен. Кейінгі кездері шығыпты. Парақтап қарап, таңғалдым. «Ақ бұлақты» да, тіпті, «Айман-Шолпан», «Қыз Жібекті» де, Ғарифолла Құрманғалиевтің репертуарындағы батыстың «Жылой» сынды бірнеше әндерін Сегіз сері шығарып кеткен дейді. Өзімнің пікірімді білдіре бастап ем, ақсақалдар мені жек көріп қалды. Содан үндемей кетіп қалдым. Турасын айтып, туғаныңа жақпайсың. Шындық деген өте қиын нәрсе, негізі. – Шындық демекші, бір кездері өзіңіз «Бұл әнді білесіз бе?» бағдарламасын жүргіздіңіз. Ұмытпасам, сонда Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығына қатысты да осындай бір үлкен мәселе көтерілді. – Иә, өзімнің де осыны айтып кеткім келіп отырған. Бір күні «Отырар сазы» оркестрі концерт қоятын болды. Ал, «Ақ Жайықты» біз «Қыз Жібек» фильмінен білеміз. Киноның соңындағы титрда музыкасын жазған Нұрғиса Тілендиев деп жазылып тұр. Біреулер оны халық әні дейді. Біз концертте оны қалай хабарларымызды білмей дал болдық. Сонда әнші Ержан Қосбармақов: «Бұл халық әні де емес, Нұрғиса Тілендиевтің де әні емес, бұл – Пішәннің әні» деді. Бұл сөзге мен қатты таңғалып едім. Ал, осы бағдарламаның тізгінін ұстағанда мұның түбін зерттеуге мүмкіндік алдым. Ақұштап Бақтыгереева «Менің әжем ертеде бұны ұршық иіріп отырып айтатын, біздің өңірдің халық әні» деді. Ержан Қосбармақов «Бұл Пішәннің әні» деді. «Қыз Жібек» киносында осы әнді орындаған адам да келді студияға. Ол – Жақсылық Зәкіров деген кісі. Ол әннің бүкіл тарихын қолмен қойғандай етіп айтып берді. Ол фильмге қалай әкелгенін, қалай орындағанын, Нұрғиса Тілендиевтің оны қалай дайындағанына дейін айтты. Қиыншылық кезеңде Оралдан Башқұртстанға көшіп кеткен отбасында дүниеге келіп, кейін оқуға Мәскеуге барып, одан жолдамамен Алматыға келген мұнайшы, бірақ өзі той басқаратын асаба екен. Бір тойда асабалық жасап тұрған жерінен бір кісілер оны Нұрғиса Тілендиевке апарыпты. Оған Нұрғиса ағамыз қатты қуанып, Қадыр Мырзалиевті шақыртып, сөзін жаздыртқан. Оны Қайрат Байбосынов ағамызға берген. Қайрат аға репертуарына енгізіп, гастрольдік сапарға алып шығып, ары қарай тарап кеткен. Сол телебағдарламада Жақсылық аға бұрынғы өз сөзімен орындап шықты. Әннің бұрынғы атауы «Туған елім» екен. Осыны неге Нұрғисаның әні болып қалмады деп ренжитіндер бар. Әлі күнге дейін мойындағысы келмей жүргендер де бар. Бұл қалай сонда? Шындықтың беті ашылып тұрса, оны неге мойындамасқа? Бұл жерде ешкім одан ұрлықшы жасап тұрған жоқ. Нұрғиса ағамыз бұл әнді ешқашан өзімдікі деп айтқан емес. Бұл жердегі түсінбеушілік фильмнің соңындағы титрдан туындап тұр. Шындығында ол жерде Үкілі Ыбырайдың әні «Гәкку» де бар. Оны неге Нұрғисаның әні демейді? Өйткені, оның авторы көрініп тұр. Халық әні болып келген дүниені алды да Нұрғиса ағаға тели салды. Меніңше, бұл жерде ол кісінің атына ешқандай да нұқсан келіп тұрған жоқ. Ол кісінің еңбегі ұшан-теңіз. Қазаққа мол дүние қалдырған адам. Бұл туралы сол хабарда Бибігүл Төлегенова да айтқан. – Кезінде «Сорбон» әнімен сіз де соттасып едіңіз ғой... – Менің репертуарымда «Сорбон» дейтін тәжіктің халық әні бар. 2004 жылы осы әнді тәжік жазушысы, ғалым, мәдениеттанушы Амин Азимов деген кісіден үйренген едім. Кейін аранжировка жасаттым. Дискіме жазып, жарыққа шығардым. Сөйтіп жүргенде Талғат Теменовтің «Менің күнәлі періштем» киносында осы әннің қазақша орындалғанын естідім. Орындаған өзімнің шәкіртім Айгүл Қосанова болып шықты. Одан «Қызым, әнді менің нұсқамда орындапсың ғой» деп сұрасам, «Орындасам не болыпты?» дейді. «Бір ауыз ескертуге болмайтын ба еді», деп кейідім. Бұл туралы Талғат Теменов «Бұған Сәуленің еш қатысы жоқ. Қайдағы бір тәжіктің әніне оның не қатысы бар?» деп, мені түк білмейтін адамға теңеп тастапты. Сондай қатты намыстандым. Менің жасатқан аранжировкамменен Ұлықбек Есдәулетовке сөзін жаздырып, фильмдерінде орындатып отыр. Ал, мені ауыздарына да алғысы келмейді. Этика қайда? Өнерге деген құрмет болмай ма? Аранжировкаға да авторлық құқық бар. Сотқа бердім. Мен үшін өте ұят іс болды, әрине. Сондай шәкіртті тәрбиелегенім үшін өзімнің ұстаздығыма нұқсан келтіріп алдым деп налыдым. Өзімді-өзім іштей жедім. Сот та дұрыс түсінді, мәселені менің пайдама шешті. Өкініштісі, әрине, не Талғат Теменов, не өзімнің шәкіртім «ұят болған екен-ау» деп ойламады. Өзім талап еткен моральдық айыппұлды өтеп берді. «Күшік асырап ит еттім, ол балтырымды қанаттының» кері болды. – «Музыка – халықтың жаны» дейді. Бүгінгі қазақ еліне эфир арқылы таралып жатқан музыкалық шығармаларымызға қарап, халқымыздың жанын, психологиясын, дүниетанымын жеткізе алып отырмыз деп айта аласыз ба? – Жоқ. Қазір эфирден кімдерді беріп жатыр? Бала-шағаны. Әндерінің көбісінің ән сиқы жоқ. Біз енді халық әндеріменен, сал-серілердің, жыраулардың сүйекті, керемет терең туындыларыменен сусындап өскендіктен мынандай балалардың шалдыр-шатпағын қабылдай алмаймыз. Отандық телеарналардың дені тек қана жиырма жасқа дейінгі көрермендер деңгейінде қалып отыр. Тыңдап, рахаттанып отыратын кештер көп берілмейді. Біздің өзіміз анда-санда жылт етеміз. Халық музыкасын бермейді. Телеарна не ұсынады, жастар соны бойына сіңіреді. Неге жастар бүгінгі өз замандарында шығып жатқан сөзінде, әнінде не мағына, мән жоқ арзан дүниеге құмар болып барады? Олар неге қазақтың ғажап дүниелерін қабылдамай жатыр? Мұның бәрі – тәрбиеден, мұның бәрі –оларға беріліп жатқан ақпараттан. Бұл жағынан «әттеген – айлар» жеткілікті. Бірақ, енді «Кедейді шүкір құртады» дегендей, «Көш жүре түзеледі» деп-п-п қойып өзімізді жұбатып отыра беретін халықпыз ғой, өзі. Ащырақ айтайық десек, еліміз жаңа ғана тәй-тәй басып келе жатыр. Әлгі «Қарғайын десем, жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым» демекші, біз айтпасақ, кім айтады деп те ойлайсың. Айтсаң, жақпайсың. Айтамын деп, талай сыбағамыздан қағылған да жайымыз бар. Менің кемшілігім де, артықшылығым да сол болуы керек, тура айтқанды ұнатамын. – Ал, осы жастардың жиылып ән айтуға құмартпайтыны қазіргі кейбір туынды­лардың адамға әсер ете алмайтындығында, мағынасыздығында емес пе? – Дұрыс айтасыз, қазір қосылып ән айтатын жастар аз. Тойға барсаңыз да сол. Бір әншіні шақырады да, бәрі соның аузына қарап отырады. Ал, оны неге концертке келіп көрмейді? Расында да, біз әнші халық емес пе едік?! Неге біз ән айтудан қалып бара жатырмыз? Жақында ғана «Қаратау сарыны» атты ІІ Халықаралық дәстүрлі музыка фестивалін өткіздік. Орталық алаңда мың адамның басын қосып, қазақтың он халық әнін орындаттық. Бұл нені білдіреді? Ән арқылы жүрегімізге мейірім ұялатып, халықты бірлікке үндеу болды мақсатымыз. Әрі жастар үлгі алсын дедік. Олардың арасында әжелеріміз бен апаларымыздың немерелерін әкеліп ән айтқандары болды. – Қазіргі орындалып жатқан музыкалық шығармалардың қанша пайызы алтын қорда қалатын әндер, қалай ойлайсыз? – Тәуелсіздік алғаннан бергі музыкамыз әлі толық зерттеле қойған жоқ. Алыстан көз тастап қарасаңыз, барлығы бірдей мидай араласып жатыр. Оның бәрін уақыт өзі екшейді. Кезінде Шәмші ағамыз да көзі тірісінде өзінің тиесілі бағасын ала алған жоқ қой. Сондықтан, уақыт өте келе халық өзіне керегін алып, керек емесін ысырып тастайды деп сенемін. – Жалпы, өнер туындылары жастардың, заманның талабына ыңғайланып отыруы керек пе әлде халықтың мәдени өресін көтеруге ықпал етуі қажет пе? – Халықтың мәдени өресін өсіру керек. Қазір тойға арналған, тойда билеуге ғана ыңғайлы, жеңіл сөзге құрылған дүниелерді шығарсақ тез өтімді болады деген қасаң бір түсінік қалыптасып келеді. Тезірек өтсе, оларға ақша келеді. Ахмет Байтұрсынов «Ел бүгіншіл, мен ертеңшілмін» демей ме? Өкініштісі сол, бұлай ертеңін ойлап жүрген көп жас жоқ. Бәрі ақша тауып қалсам екен деп жүр. Заман қиын дейін десек, Ахмет Байтұрсыновтардың өмірімен салыстырғанда қазір керемет кеңшілік кезең ғой. Сол кездің өзінде аталарымыз, ағаларымыз халық үшін, өнер үшін, әдебиет үшін, тарих үшін жанын салды. Ал, қазір біздің жастарымызда бір бейғамдық бар. Алаңсыз. Алаңсыздық – ертеңін ойламаушылық деген сөз. Сондықтан «Ай, осы өнерімізден, қазақтың дәстүрінен айырылып қаламыз-ау» деп шырылдап жүрген көп адамды көрмедім. – Әдебиетті көп оқисыз ба? – Әкем – әдебиетші. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді ғой. Пернебай Дүйсенбин деген ұстазым болды. Сол кісілер бізді әдебиетке тәрбиеледі. Оқытты, білім берді. Эстрада студиясын Ғарифолла Құрманғалиев­тан бітіргеннен кейін өзімнің туған жеріме, Сарысу ауданының Жайылма ауылына келіп мұғалім болып жүрдім. Сондықтан, мені жұрт Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті ретінде таниды.Рас, ұлы әншінің шәкірті екенімді әрдайым мақтанышпен айтып жүремін. Ал, әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің филология факультетін де бітірген әдебиетші екенімді бірі білсе, бірі білмейді. Менің әдебиет саласы бойынша ұстазым академик Зейнолла Қабдолов болатын. Ал, консерваторияны домбырашы ретінде ұлы Мұхит бабамыздың ұрпағы профессор Құбыш Мұхитовтан бітіргенмін. 1994 жылы ҚазМУ-ды бітіргенде «Ақын, әнші Мұхит Мералыұлы» атты дипломдық жұмысымның жетекшісі болған Зейнолла ағай «Мынау дайын тұрған кандидаттық диссертация, өнер адамы «ұстатпай» кетеді, осы қыздың бір аяғын филфакқа байлап қойыңдар» деген болатын. Ол жылдары шынында да мен «ұстатпай» кеттім. Себебі, ол кездері әрі жас болдық, гастроль де көп еді. Ғылым деген жай нәрсе емес, оның жауапкершілігі мықты. Соны түсінгендіктен де жеңіл-желпі қарамай, ғылыммен дендеп айналысу керек деп ойладым. Мен Атырауда тұрған жылдары Зейнолла ағай да жиі келетін, ол кезде де уақыт жетпеді. Ақыры, Алматыға барған соң біржолата айналысуға мүмкіндік туды. «Әдебиет – ардың ісі» дейді ғой. Өнерді, оның ішінде дәстүрлі әнімізді әдебиеттен бөліп қарауға болмайды. Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Халық әнін сақтаудың қамын қылыңдар. Егер қазақтың әні өлетін болса, әдебиеті жесір қалады» деген екен. Әнді бұрынғы әдебиетшілеріміз Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Міржақып Дулатов, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсіреповтер қандай ғып әспеттеді? Олар ат басын тіремеген жерде бір де бір кеш өтпеген. Олар көрермен ретінде, ғалым ретінде әнге де, әншіге де өз бағаларын беріп отырған. Ал, қазір, қай ақын, қай жазушы қай әнге, қай әншіге баға беріп жатыр? Біз екіге бөлініп кеттік. Әдебиет бөлек, ән бөлек кетті. Сондықтан, өзіміз бүгінде осындай кісілерді іздейміз. Шіркін-ай, осындай кісілер біздің өнерімізге баға берсе ғой. Ағалық сынын айтса, біз қалай қарай кетіп бара жатырмыз, жетістігіміз қайсы, кемшілігіміз қайсы? Өнердің өсуіне зиялы қауымның ықпалы зор. – Осы жерде, өткенге шегініс жасап, балалық шағыңыз туралы білгіміз келіп отыр. Тәтті дәуреніңізді бір есіңізге алыңызшы. – Балалық шағым бақытты болмады. Екі жастан сәл асқан кезде анамнан айырылдым. Әжеміз тәрбиеледі. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Әкеміз ұстаз, мектепте мұғалім болды. Соның арқасында жетілдік. Аллаға шүкір, сегіз ағайындымыз. Өнердің жолы өте қиын жол ғой. Осы қиындыққа мойымауға, тауымның шағылмауына, басыма қандай қиындық түссе де көтере алуға бала күнімдегі көрген тауқыметтерім әсер етті. Мені өмірдің өзі шыңдады. Өнерді тастап кеткім келген кездерім көп болды. Осындай сәттерде ойланып, белгілі бір шешімге келуіме бала кезімдегі алған тәрбием әсер етті. – Алғашқы сахнаңыз қай жер? Қолыңызға бірінші болып қай аспапты алып едіңіз? – Сегіз жасымда сахнаға шықтым. Ауылда кішкентай клуб бар. «Ұшып барам» деген әнді айттым. Бәрі шулап «тағы, тағы бір ән» деп жатты. Сонда ойыма түскен «Алматым жүрегімде» деген әнді айтыппын. Содан бері, «әнші қыз» атанып кеттім. Домбыраны қолға алдым, әрине. – Өзіңізді «қазақтың Сәулесі, өнердің Сәулесі» деп құрмет тұтатын жандар өте көп. Халқының аялаған Сәулесін бір ер-азаматымыз алақанына қондыра алмады ма? Бұған өзіңіз мүмкіндік бермей қойдыңыз ба? – Әйел ретінде сондай бір бақытты мен де аңсадым. Тұрмыс құрдым. Бес жыл бірге өмір сүрдік. Қуаныш деген қызымыз бар. Өнердегі әйел – жай әйел емес. Менің жаныма еріп жүруі үшін немесе мені ертіп жүруі үшін, ол жігітке бір мықты күш-қуат керек болды. Осы жағынан алған кезде мен оған ерік бермеген шығармын. Кейде өзімді бұдан да биікке жетер ме едім деп ойлаймын. Тоқсан бесінші жылдары мен Еуропаны араладым. Германия, Бельгия, Голландия елдерін бір ай бойы шарлап, өнерімді көрсеттім. Олар ары қарай да бірге жұмыс жасауға ұсыныс жасады. Келесі турне Францияда өтетін еді. Жолдасыма бірге барайық дедім. Ол көнбей қойды. Біздің қазақтың жігіттерінің ішінде мұндайды түсінетіндері сирек деп ойлаймын. Мүмкін, бар шығар. Бірақ, менің таңдаған адамым түсінбеді. Сондықтан мен өнердің жолына түстім. – Ал енді жөпелдемете қойылған сұрақтарға бір сөйлеммен жауап беруіңіз керек. Дайынсыз ба? – Ал, дайынбыз. – Қай әншіні сүйіп тыңдайсыз? – Бибігүл Төлегенова. – Бойыңыздағы жеңе алмай жүрген мініңіз? – Кешігіп келу. – Ашуыңызды оңай шақыруға бола ма? – Жоқ. Шегіне жеткенде ғана. – Әнші болмағанда кім болар едіңіз? – Мүмкін, әдебиетші. – Уақыттың қадірін білдіңіз бе? – Білдім. – Сырыңызды кімге айтасыз? – Қызыма. – Адамдар бір-бірімен пайдалану үшін араласады дейді. Осы пікірмен келісесіз бе? – Менде ондай болмапты. Бірақ олар арамызда бар. – Өзіңізді қанша пайызға жақсы көресіз? – 99 пайызға. – Құпия сақтай аласыз ба? – Сақтаймын. – Қанша досыңыз бар? Сатып кеткендері болды ма? – Болды. Досым көп емес. Өте аз. – Кімнен кешірім сұрар едіңіз? – Анамнан. – Бүгінгінің батыры кім? – Елбасымыз. – Меншігіңізде не бар? – Атырауда үйім, бір машинам бар. – Өтірік айтасыз ба? – Керек жерінде айтылады. Бірақ залалсыз. – Риясыз күлкіңізді не шақырады? – Бір періште адамдар болады ғой. Солардың табиғи болмысы риза етеді. – Әңгімеңізге рахмет, апай!

9Сұхбаттасқан Гүлжан РАХМАН, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар