10 әлем рекордын жаңартты
Жуырда жамбылдық спортшылар Еуропа және Азия чемпионаттарында пауэрлифтингтен 12 алтын, 4 күміс медальге ие болып, 4 Еуропа, 10 әлем рекордын жаңартты. Екатеринбург қаласында өткен пауэрлифтингтен Еуропаның ашық чемпионатында Германия, Франция, Испания және басқа да батыс елдерінен келген 680 таңдаулы атлеттің арасында Қазақстанның оңтүстік өңірінен шыққан төрттік әлемді таңғалдырады деп ешкім ойлаған жоқ-ты. Өйткені, олар осы доданың фавориттерінің қасында бұрын-соңды халықаралық деңгейдегі жарыстарда көзге түспеген, есімдері белгісіз спортшылар болатын. Өз өнерімен жанкүйерлерді тәнті еткендердің бірі – 28 жасар Руслан Греев. 100 килограмм салмақ дәрежесіндегі 20 спортшының ең соңында жарыс жолына шыққан Руслан бірден 220 килограмдық зілтемірге тапсырыс берген-ді. Алғашқы мүмкіндігінде-ақ қарсыласынан 12 килограмм ауыр зілтемірді көтеруге ұмтылған қазақ пауэрлифтингшісіне көрермендер орындарынан тік тұрып, үлкен қолдау көрсетті. Греев бұл сынақтан сүрінбей өткен, бірақ төрешілер бұл мүмкіндікті есепке алмады (Руслан жаттығуда 240 килограмдық зілтемірді қиналмай көтеретін). Бұған жамбылдық атлеттің жігері жанылмады. Сергей Смарцевтің шәкірті ақыры өз дегеніне жетіп, тәжірибелі қарсыластарын жолдан тайдырып, алтын жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар, жалпы есепте жеңіске жеткені үшін арнайы кубоктың иегері атанды. Русланның жеңісті жолын 75 килограмм салмақта сынға түскен Ореон Ким, 110 килограмм салмаққа дейінгі пауэрлифтшілер арасында Константин Курашов, жасөспірімдер жарысында Элина Пономарева қайталады. Жалпы есепте 290 килограмдық зілтемірді бағындырған Элина 4 рет Еуропа, 4 рет әлем рекордын жаңартты. Еуропа біріншілігінен олжалы оралған жерлестерімізді Алматы қаласында тағы бір үлкен дода күтіп тұрған еді. Азия чемпионатында әулиеаталық атлеттердің қатарын Николай Пономарев, Сергей Шелест, Марианна Гаспарян толықтырды. Жамбылдық жеті спортшы Азия біріншілігінде де тамаша өнер көрсетті. Бұл жарыста Руслан Греев пен Ореон Ким бір-бір алтын, бір-бір күміс жүлдеден еншілесе, Константин Курашов екі алтын медальді олжалады. Ал Николай Пономарев жеңіс тұғырының бірінші, Сергей Шелест екінші сатысына көтерілсе, Марианна Гаспарян Азияның алтыны мен кубогын жеңіп алды. Элина Еуропадағы көрсеткішінен төмендеген жоқ.
Ұқсас жаңалықтар
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ауыл спортын дамытуға арналған дода
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді