«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Геннадий жекпе-жекті асыға күтіп жүр

Геннадий жекпе-жекті асыға күтіп жүр
ашық дереккөз
Геннадий жекпе-жекті асыға күтіп жүр

26 шілдеде Нью-Йоркте орта салмақтағы WBA/IBO чемпионы Геннадий Головкиннің шаршы алаңдағы кезекті кездесуі өтеді. Бұл жолы қазақ боксшысы әлемнің экс-чемпионы Даниэл Гилмен жұдырықтаспақ. Геннадий қазір шайқас өтетін Мэдисон Сквер Гарден шаршы алаңындағы жекпе-жекті асыға күтіп жүр.

Жаттығу барысында қазақ боксшысының спарринг-партнерлары Виргин аралының атақты боксшысы Джулиана Джексонның ұлдары Джон Джексон мен Джулиус Джексон және екінші орта салмақта чемпиондықтан үміткер болған британдық Джордж Гроувс, орта салмақтағы 2012 жылғы Олимпиада чемпионы жапондық Риота Мурата болыпты. «Дайындық интенсивті жүруде» дейді чемпион. Ақпан айынан бастап шаршы алаңға шықпағандықтан бастапқыда оқу-жаттығу лагеріне бой үйрету оңай болмағанын айтады Гена. «Соған қарамастан өзімді жақсы сезінемін, бапкерім Абель Санчес және командаммен бірге жұмыс жасап жатырмын», – депті Головкин. Мамандар Геннадийдің бұл кездесуді ойдағыдай өткізетініне сенімді. «Гил Геннадийге шаршы алаңда өзін жақсы қырынан көрсетуге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Гил мықтылығын таныта түскен сайын, Геннадий де өз өнерін барынша ортаға салуға тырысады. Даниэль жақсы жұдырықтасады. Ол – бұрынғы екі дүркін әлем чемпионы әрі бізбен жолы түйіскен қарсыластардың арасындағы ең тәжірибелісі. Ол бұрынғы қарсыластарға қарағанда әлем чемпионы белбеуін иеленуге жақын тұрған боксшы», – дейді Абель Санчес. Тіпті, бапкер өз шәкірті туралы орта салмақтағы боксшылар арасында Рей Робинсон мен Бернард Хопкинстен кейінгі үздігі деген пікірде. Головкин ғана емес, спорт жанкүйерлері де кездесу өтетін күнді асыға күтуде. Әлеуметтік желілердегі мәліметтерге сүйенсек, қазірдің өзінде 11 мың билет сатылған. Геннадийдің Кертис Стивенспен шайқасында көрермендер бұдан аз жиналған болатын. Шаршы алаңдағы жекпе-жектің көрсетілімін көгілдір экран алдында күтіп отырғандардың санында есеп жоқ. Былғары қолғап шеберлерінің бәсекесін трансляциялау құқығын НВО арнасы және әлемнің 100-ден аса елінің телеарналары сатып алыпты. Демек, бұл кездесуге қызығушылық өте жоғары болып тұр. Қазақстан бұл жекпе-жекті KazSport спорттық телеарнасы арқылы тарататын болады. Жекпе-жек 27 шілде күні Астана уақытымен 08:00 де басталады.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар