Қоңыр күзі еді... Тал-дарақ жалаңаштанып, жер-дүние сары жапырақ жамылып, Табиғат-ананың әлдебір мұңға малынып, манаурап тұрған сәті-тін. Атыраудағы жерлесіміз, белгілі композитор, жазушы, музыка зерттеушісі Илья Жақанов атбасын бұрды. «Жайықтан күнде жолы түсе бермейді ғой» деп, ағамен арнайы кездестік. Бірнеше сағатқа созылған, сырымыз бен сөзіміз жарасқан әңгімеде Ілекең өнердегі, өмірдегі досы, вальстің королі Шәмші Қалдаяқов жөнінде де тереңнен толғады...
Композитормен қалай таныстым?
1957 жылдың төртінші қарашасы еді. Опера театрының бір қанатында Композиторлар одағының кеңсесі болатын. Ол кезде одақ төрағасы, Біржан – Сара операсының авторы – Мұқан Төлебаев. Мұқаңның есімін ел танып, дүрілдеп тұрған кезі. Сол кісінің бөлмесінде келесі 1958 жылы Мәскеуде өтетін қазақ өнері мен әдбиетінің он күндігіне арналған үлкен ән конкурсының мәжілісі болды. «Салтанат», «Ақ қайың» деген әндерім шығып үлгерсе де, қыруар ән жазылған шараға мен қатысқан жоқпын. Жаспыз. Университеттегі сабақты ұмытып, әншілермен, сазгерлермен танысып, ылғи консерваторияда, композиторлар одағында, опера театрында жүреміз. Сондай сәтте, конкурс мәжілісі жүріп жатқанда бір вальс әні сарапқа түсті. Александр Зацепин деген пианист, композитор кейбір нотасын, қателерін түзетіп, ойнап отырды шығарманы. Мұқан Төлебаев мәтінін көрді де жақтырмай, «лақтырып жібер» деді қасындағыға. Оны әркім-әркім қолына алып, оқи бастады: Бақытжан Байқадамов, Ахмет Жұбанов, Қапан Мусин, Сыдық Мұхамеджанов, Латиф Хамиди... Ылғи кереметтер. Бәрі бір ауыздан «отланить» деп, құлаған әндердің ішіне жіберді. Бұл – қазіргі «Қайықта» әні екен. Музыкасы емес, сөзі құлады. Нұрсұлтан Әлімқұлов деген ақын жазған. Сол күні қасымда болған Шәмші шылымды тарта береді, тарта береді. Біздің таныстығымыз да сол күні басталған. Артынша мейрамханаға бардық, бір-бірімізбен етене жақындасып, әңгімеміз жарасып, достығымыз басталды.
Атаққа жетелеген екі ән
...Осы жылдың желтоқсанының соңғы күні, әдеттегідей, жаңа жылдық мерекелік концерт берілді. Сонда Шәмшінің «Жүрек сыры», «Қарагөз» деген екі әні алғаш рет орындалды, керемет шырқалды. Екеуінің де сөзін жазған – Ізтай Мәмбетов. Орындаған – Мәдеш Ниязбеков деген Жамбылдың азаматы, консервоторияда оқып жүрген кезі еді, театрда қызмет еткен ересек жігіт. Сол күннен бастап Шәмшінің атағы шыға бастады. Содан кейін Шәмші екеуміз әнді бірге жазып, эфирге бірге шығып, тағдырымыз үйлесіп, жалғасып кетті. Біздің әндеріміз үлкен композиторлардың назарына ілігіп, емін-еркін шырқалып жатты.
«Бәрінен де сен сұлуды» біздің тойымызға арнаған
Мен 1961 жылы шаңырақ көтердім. Арада бірер ай өткенде, маусымның жетісі күні Алматыдағы пәтерімізде тойымыз өтті. Тойдың алдында Шәмші келген құттықтап, көңілсіз екен. «Илья, естідім, «Меңдіқыз» деген ән шығарып, келінге арнаған екенсің, мен де бұл қуанышқа арнап ән жаза бастадым. Сол екі әнді бірге дайындайын, нотасын бер» деді. Той күні Шәмші екі әнді дайындап келіп, өзі мандолинамен сүйемелдеп, «Меңдіқызды» Сәжида Ахметова деген бізбен замандас әнші қызға айтқызды, радиода көп шырқайтын ол. Өзінің «Бәрінен де сен сұлу» әнін жиналған жұрттың көзінше «Менің Ильяның жарына, келініме арнаған әнім» деп Майра Жүрсіноваға орындатты. Сол тойға қатысқан адамдардың ішінде қазір академик Серік Қирабаев, сол үйдегі Әлия Бейсенова, филология ғылымының докторы Сапарғали Омарбеков және марқұм Қадыр Мырза-Әлі, курстас досым Өмірзақ Айтбаев болып еді. Мен қызмет ететін «Қазақстан пионері» газетінің ұжымы, бас редакторы Сансызбай Сарғасқаев, жауапты хатшысы Қосайдар Бәтпенов – бәрі осы екі әнге куә болды. Осылайша Шәмшімен достығымыз соңғы демі үзілгенше жалғасты.
Қабырғамды қайыстырған қаралы хабар
...Композитордың қайтыс болар сәті. Жезқазғаннан Алматыға дауылдатып, борандатып, зорға келген едім үйге. Тиыш апаң: – Ілеке, тездетіп жуын, шайыңды іш, қазір естідім, Шәкең өте қиын халде жатыр екен, – деді. – Қайда? – Совминнің ауруханасында. «Волгам» бар еді, жол тайғақ, сағат төрт жарымда жеттім ауруханаға. Тынығу уақыты. Дәлізде ешкім жоқ. Тек Өмірзақ Айтбаевтың жары Үміт жүр екен. Ол кісі қан қысымымен жатыр, мені көріп қуанып кетті. – Ой, Ілеке, қайдан жүрсің? – Шәмші жатыр екен... – дедім. – Ілеке, өте қатты қиналып жатыр, анау есік, – деп, екеуміз сол тұстағы диванға отырдық. – Қазір баруға болмайды, жалғыз жатыр, өте ауыр халде. Отырып-отырып, күртешемді Үмітке ұстатып, Шәмшінің палатасына кіріп бардым. Жамылғысын басынан асыра жамылып алған. Әлденелерді күбірлеп, қиналуда. Біраздан кейін бетін ашты. Көңілін сергітпек болып: – Шәке, ассалаумағалейкум, – дедім. Қадала қарады маған. Сақалы, шашы өсіп, ерні кезеріп кеткен, мүлде жүдеу, көзінде нұр жоқ. – Ә-ә, Илья келдің бе? Ішім өртеніп барады, мұздай су алып берші, – деді. Су әкеліп, аузына тамыздым, іше алмады. Біразға дейін басынан ұстап отырдым. Қолы қап-қатты, ине салынып-салынып көгеріп кеткен. Сол қолымен мені ұстап алған, ажырамайды. Мейірбикелер ажыратты. – Шәке, шипасын берсін Құдай, – деп ем, маған тағы да ұзақ қарады. – Сен барсың Илья, ел жігіттеріне сәлем айт! – деді сосын. – Шәке, Халық әртісі деген атақ беріп жатыр... – деп бұрынғыдай желпіндіріп, сергіткім келген. – Заманбек Нұрқаділов курьер әкеп тастады. Ол неге керек маған? – деді әзер сөйлеп. Іле-шала: «Илья, сен барсың. Ел жігіттеріне сәлем айт!» деп тағы қайталады. Шыдай алмай, шайқалақтап шыға жөнелдім. Далаға шықсам, көктүтек боран. Сол деммен көлікке келіп отырып, тәлтіректеп, тайғанақтап үйге жеттім. Келісімен қан қысымым көтеріліп, өзімді жайсыз сезіндім... Таңертең тұрып жуынып жатқанымда, радиодан: «Композитор Шәмші Қалдаяқов дүние салды» деп хабарлап жатты.
Жазып алған Асхат РАЙҚҰЛ.
(Ш.Қалдаяқов туралы топтаманың жалғасын 6-беттен оқисыздар).
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді