«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында партияның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы жобасын талқылау аясында дөңгелек үстел отырысы өтті. «Жемқорлықпен күрес: «Нұр Отан» партиясы ұстанған нақты бағыт» атты басқосуға партия Тараз қалалық және аудандық филиалдары жанындағы жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестер мен партиялық бақылау комиссиясының төрағалары, құқық қорғау органдары, үкіметтік емес ұйымдар, жастар қоғамдық бірлестіктері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел отырысын «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат ашып, тақырыптық баяндама жасады. Шәбден Тоқтасынұлы өз сөзінде «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы 2050 Стратегиясы белгілеген мақсаттарға қол жеткізу жолындағы басты кедергілердің бірі сыбайлас жемқорлық пен оның барлық көріністері деп есептейді.
Сондықтан да, елдің тұрақты дамуының негізгі басымдығы ретінде әлеуметтік-экономикалық және рухани өркендеуге кедергі келтіретін құбылыс – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күрт күшейту белгіленіп отыр» дей келе, жаңа жобаның негізгі басымдықтарына кеңінен жан-жақты тоқталды. Басқосуға қатысушыларды осы тақырыпта ой бөлісіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың Жол картасына ұсыныстар беруге шақырды. Жиын барысында қатысушылар тарапынан жемқорлықтың жолын кесуге бағытталған әралуан ой-пікірлер айтылды. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті заң институтының директоры Қ.Нұрманбетов «Қоғамдық бақылау туралы» заңды қабылдау арқылы оңды нәтижелерге қол жеткізуге болатынын тілге тиек етті. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы А. Майлыбаев «Әр нәрсені өз атымен атаған жөн. Қазақта «Ауруын жасырғанды өлім әшкере етеді» деген сөз бар, біз мұны жасырмай айтуымыз керек. Жасыратыны жоқ, партия мүшелігіне мекемелер өз қызметкерлерін тізім бойынша қабылдайды. Олардың арасында әртүрлі адамдар бар. Партия қатарын лайықсыздардан тазартып, лайықтыларының коррупцияға деген көзқарасын өзгертуіміз қажет. Жалпы алғанда біз жемқорлықпен күрес жөніндегі жиындарды жиі өткіземіз. Алайда ол есеп үшін жасалмағаны жөн» деді. «Понарама» ақпараттық орталығының жетекшісі Б. Мөрбеков өзінің үш ұсынысын жеткізді. «Біріншіден, партияның жастар кадрлық резервіне енгендер болашақта қателік жасамас үшін мемлекеттік қызметке орналасуға конкурстарға бақылаушы ретінде қатыстырылса. Екіншіден, ең көп кездесетін заңбұзушылықтарға рейтинг жасалып, алдын алу жолдары қарастырылған жөн. Үшіншіден, бұқаралық ақпарат құралдарында фото және бейнерепортаж байқауларын ұйымдастыру керек» деді. Қазақстан коммунистік партиясы облыстық филиалының төрайымы Ж. Мамашова сыбайлас жемқорлықпен күресті ұлттық және патриоттық тәрбиемен ұштастыру мәселесін көтерді. «Нұр Отан» партиясы Талас аудандық филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Сабырғали Рысбаев жемқорларға жанашырлықпен қарамау керектігін, оларды жариялы түрде жазалау қажеттігін тілге тиек етті. Басқосуда бұдан өзге де сөз алушылар бағдарлама жобасына қатысты нақты ұсыныстарын жазбаша түрде өткізуге уағдаласты.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді