Футболдан Еуропа чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде сынға түсіп жатқан елордалық «Астана» футбол клубы өз алаңында Хорватияның «Динамо» командасын қабылдап, 0:2 есебімен есе жіберіп алды. Ойында алғашқы қауіпті шабуылды қазақстандық команда ұйымдастырды. Сегізінші минутта Ласло Кляйнхайслер айып соққысын орындаған. Теңбіл доп қақпа бағанасынан серпіліп, алаң сыртына шығып кетті. Ал матчтың 28-минутында Марин Томасов тепкен допты қарсылас команданың қақпашысы қақшып тосып алды. Бірінші кезеңде «Астана» футболшылары ойында басымдық танытқанымен, есепте жеңіліп жатты. 39-минутта Дани Ольмоның керемет пасын қажетіне жаратқан Марио Будимир «Динамоны» есепте алға шығарды. Екінші кезеңде «Астана» футболшылары таразы басын теңестірудің жолдарын қарастырып, толассыз шабуылдар ұйымдастырды. Алайда қақпаға қақырата соққы жұмсайтын ойыншы табыла қоймады. Есесіне «Динамо» футболшылары есепті еселеді. 84-минутта Дани Ольмо әдемі голдың авторы атанып, командасының жеңісін нығырлай түсті. Қорытынды есеп – 0:2. Сырт алаңда жеңіске жеткен Загребтің «Динамосы» бір аяғымен келесі кезеңге шығып тұр. «Астана» үшін екінші ойын қиын болатыны анық. «Астананың» осы бір сәтсіздігі ұзақ уақытқа жалғасқан жеңіліссіз серияны бұзды. Елордалық ұжым Еуропа чемпиондар лигасы додасы аясында өз алаңында 2015 жылдан бері жеңілістің ащы дәмін татпаған еді. 2015 жылы ел чемпиондары Словенияның «Мариборынан» 3:1, Финляндияның «Хик» командасынан 4:3, Кипрдің «Апоэл» футбол клубынан 1:0 есебімен айласын асырған-ды. Ал топтық кезеңде түркиялық «Галатасараймен» 2:2, португалиялық «Бенфикамен» 2:2, испаниялық «Атлетикомен» 0:0 есебімен тең түскен. 2016 жылы қазақстандық команда литвалық «Жальгиристі» 2:1 есебімен жеңіп, шотландиялық «Селтикпен» 1:1 есебімен тең тарқасқан болатын. 2017 жылы Латвияның «Спартак» командасымен тең ойнаған (1:1) «Астана» польшалық «Легияны» 3:1, шотландиялық «Селтикті» 4:3 есебімен жеңген еді. Ағымдағы маусымда «Астана» ойыншылары «Динамомен» кездескенге дейін черногориялық «Сутьесканы» 1:0, даниялық «Мидтьюлландты» 2:1 есебімен ұтқан-ды. Осылайша он үш ойынның сегізінде қарсыластарынан айласын асырып, бес кездесуде тең түскен елордалық клуб өз алаңында алғаш рет жеңілістің кермек дәмін татып отыр. Енді осы сәтсіздіктен кейін сырт алаңда оң нәтижеге қол жеткізсе, қанекей.
Табиғат АБАИЛДАЕВ.
Ұқсас жаңалықтар
Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда...
- 23 қараша, 2024
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді